Әрдайым, көңілге көрікті ой ұялатып, сезім пернелерін қозғай түсетін әсем әннің орны бөлек. Сондай әннің бірі – жас әнші Бисұлтан Мұхтаров тамылжыта шырқайтын жерлес ақын Бижан Қалмағанбетовтің сөзіне жазылған Орал-Қосай Байсеңгірдің «Қызылқоға аймағы» атты әні.
«Самғатқандар арман-мақсат қиялын Шыққан сенен ақын, дана, зиялым Ізі қалған бал-балалық шағымның Мен келемін құшағыңды аш Миялым!» деп басталатын әннен жырақта жүрсе де туған жерге деген ыстық махаббатын суытпаған азаматтың сағынышқа толы сезімі айқын аңғарылады. Ендеше, осынау әннің шығу тарихы қандай?
Бұл сұраққа бүгінде Ақтөбе қаласында тұратын жерлесіміз, ақын, меценат, Қызылқоға ауданының Құрметті азаматы, республикалық Т.Досымов атындағы қоғамдық қордың төрағасы Бижан Қалмағанбетов былайша жауап берді: «2014 жылы туған ауданымыз Қызылқоғаның құрылғанына 70 жыл толды.
Соған байланысты «Шежірелі Қызылқоға» атты өлең жазғанмын. Менің өнер жолында бірге жүрген достарым көп. Ақтөбе облысындағы өнердің қаймақтары деп айтсақ болады: Қанат-Света Айтбаевтар, Орал-Қосай Байсеңгір, кешегі дүниеден өтіп кеткен Аймұрат Мәжікбаев, ақын, сазгерлер Еркін Жиеналин, Нұрталап Жүсіпов, Дулат-Рита Айтжановтар, әлемге әйгілі Димаштың әндерін әрлеген Бақытбек Зейнелов, Сәтжан Дәрібай, Өтеген Жақыпов, Айшуақ Дәрменұлы сынды танымал азаматтардың тізімі жалғасып кете береді. Міне, сол достарымызға және осы өлкеде тайдай тебісіп өскен құрдастарыма арналып жазылған өлеңіме Орал «Есте қалсын» деген ән жазған болатын.
Ал, Оралмен танысқаныма отыз жылға жуықтады. Екеуміз шығармашылық тығыз байланыстамыз. Бір күні Орал: «Би аға, Сіздің туған өлке Қызылқоға ауданына арнаған өлеңіңізге ән жазсам қалай болады?» деп ұсыныс тастады.
Бұл дәл ауданның құрылғанына 75 жыл толу қарсаңындағы ұсыныс еді. Көп ұзамай «Қызылқоға аймағы» деген атпен ән дүниеге келіп, оны арнайы студияда жазғыздырдық. Мұның барлығы Орал інімнің арқасы. Сонда мен: «Ойпырм-ай, ән керемет шыққан. Дәл туған жерге ғажайып бір тарту болды ғой» деп ойладым. Осы әнді жерлес жас әнші Бисұлтан Мұхтаров аттай қалап алып, алғаш рет сахнада орындап, тұсауын кесті. Қазір де тамылжыта шырқап жүр. Жалпы, өзіміз әр уақытта туған жерге сағынышпен келеміз ғой. Сол жерде кіндік қанымыз тамды. Балалық, бозбалылық шақтарымыз өтті. Біз оқыған мектеп, онда дәріс берген мұғалімдер әркез ыстық болып сезіледі. Әр азамат өзінің туған жерімен мақтанады.
Сондықтан, жерлестерімді туып-өскен жерге қызмет етуге шақырамын. Өзім сол туған жердің руханиятына бір кісідей атсалысып келемін деп ойлаймын. Ақтөбе қаласында тұрғаныма қырық жылға жақындаса да, әрқашан бүйрегім туған жерге бұрып, жүрегім туған жер деп соғып тұрады. Көп болмағанмен, ауылдың жеткен жетістіктеріне шаттанып, онда болып жатқан жақсы жаңалықтары мен қуанышын бөлісуге әр уақытта келіп тұрамыз. Міне, осындай туған жерге деген ыстық сезімді жеткізетін әннің шығуына үлкен еңбек сіңірген қазақтың бір туар азаматы, өнер жұлдызы Орал – Қосай Байсеңгірге алғысым шексіз. Көптеген әннің сәтті шығуы композиторға байланысты деп есептеймін. Орал өзі әркез: «Менің туған жерім Ақтөбе облысының Байғанин ауданы болғанымен, өсіп өнген жерім Атырау облысының Жылыой ауданы» деп айтып жүреді. Сондықтан, біз екеуміздің жерлес, аға мен інінің сыйластығы ретінде туындаған өлең. Әлі де біраз өлең жазылатын болар. Оралдың нағыз дер шағы. Күні кеше ердің жасы елуге толды. Мен онымен мақтанамын. Қазақты бүкіл дүниежүзіне танытқан Димаш Құдайбергеннің шырқаған әндері де Орал ініміздің туындылары. Ол тек қана композитор емес, әрі актер. Ақтөбе қаласында актерлік мектебі бар. Қаншама шәкірттерді дайындап отыр?!
Ақтөбе облысында өтетін үлкен конференциялар мен жиындар, әр түрлі ауқымы кең шаралар өтетін болса, соның басы-қасында жүріп, сценарийлерін жазып, жетпестігі болса жетістіріп, кемшілігі болса келістіріп жүретін өнер адамы осы Орал. Оның қазақ руханиятына қосқан үлесі зор. Оған әр уақытта шығармашылық табыс тілеймін.» Әлбетте, әр азамат туған жеріне әр қалай үлес қосады. Осы тұрғыдан алғанда, жерлесіміз Бижан ақынның: «Туған елім бақытымның қайнары Туған жерім қайта түлеп жайнады Ақындар мен батырлардың бесігі Қасиетіңнен айналайын, Қызылқоға аймағы!» деп жырлауы, оны көктемдей құлпыртып Орал-Қосай Байсеңгірдің әнге айналдыруы қос азаматтың туған жерге деген іңкәрлік сезімі екендігі анық. - Мен Бижан ағамызбен көптен таныспын. Ол бард ақын Табылды Досымов атындағы республикалық қоғамдық қордың төрағасы ғой. Сол Табылды ағамыздың еске алу кештерін жүргізуді маған тапсырды.
Содан мен енді Табылды ақынның еске алу кештерін әп дегеннен қолға алып, театрландырған қойылым қойып, өлеңдерін оқыттым. Сөйтіп, Бижан ағаның қасында кештің жақсы өтуіне септігімді тигіздім. Әрине, ол кешке жан-жақтан елімізге белгілі мықты-мықты өнер адамдары келетін, біздің өнерімізге риза болып жүретін. Бір күні Би ағам маған кітабын сыйлады. Өзінің шығармашылық кешін өткізгісі келетіндігін айтты.
Сол кезде мен «Есте қалсын» деген өлеңіне ән жаздым. Ол ән жақсы тарап, халықтың көңілінен шықты. Көптеген жерде орындалды. Тағы бір кездескен сәтте Би аға маған: «Туған жерге барып шығармашылық кешімді өткізгім келеді» деген арманын жеткізді. Сол себепті, мен «Қызылқоға аймағы» деген ән жаздым. Қашанда, өзім «Жем-Сағыздың перзентімін» деп айтып жүремін. Өйткені, мен Қызылқоға ауданына көрші Байғанин ауданының (Ақтөбе облысы) Дияр деген ауылында туғанмын. Былай қарасаңыз, біздің аудандық газеттің аты да «Жем – Сағыз». Ертеде «Сағыз қайда, Жем қайда, Қайнар қайда?» деген ән болды ғой. Бірақ, кейіннен «Әндер де өзгерді, өзендер де тартылды» дегендей Қайнар секілді кей атаулар аталмай қалды. Әйтсе де, Жем – Сағызды көргенде көңіл толқиды. Сондықтан, мен Жем - Сағызды бөле жармай, қосып айту арқылы Ақтөбе мен Атыраудың арасын "жақындатып" жүремін. Жақында менің шығармашылығыма арналған «Жем-Сағыздың ән самалы» атты аймақтық байқау өткізіліп, оның бас жүлдесін елімізге танымал әнші, осы өлкенің перзенті, «Шұғыла» мәдениет үйінің директоры Ғибадат Тұрғали жеңіп алды. Мен Биағамыз арқылы осы өлкеден талай достар таптым. "Ел ерімен танылады" дегендей бұл өңірдің атпалдай азаматтарын көрген соң «Қызылқоға аймағы» атты әнді жазу маған оңай болды.
Алайда, ән шыққаннан кейін Биағаңның кешін туған жерде өткізудің әр түрлі себептерге байланысты сәті түспеді. Ән қоржынымызда жатып қалмасын деп өздеріңіздің жерлестеріңіз Бисұлтан Мұхтаровқа орындауға бердік. Ол әнге клип түсіріп, жарқыратып шығарды. Сол үшін оған мың алғыс. Енді Алла бұйыртса, қос автордың басы қосылып, қасиетті жұма күні Миялы ауылындағы «Арман» мәдениет үйінде «Ән-жырымды қабыл ал, Қызылқоға аймағы!» атты шығармашылық кешімізді өткізіп, кеш қонақтары «Достық сазы» фольклорлық ансамблі (көркемдік жетекшісі – «Құрмет» орденінің иегері Бақытбек Зейнелов), «Мен қазақпын» телевизиялық мегажобасының финалисті, дәстүрлі әнші Динара Шынарбаева, әнші Нұргүл Тілегенова, «Жем-Сағыздың ән самалы» аймақтық байқауының бас жүлдегері Ғибадат Тұрғали, әнші Бисұлтан Мұхтаровтар болып Қызылқоға ауданының халқына керемет көңіл-күй сыйлауды жоспарлап отырмыз. Фольклорлық ансамбльдің келіп өнер көрсетуі де Бижан ағамыздың ұлттық өнерге деген құрметі деп білемін. Ендеше, барша аудан тұрғынын ғажап кештің көрермені болуға шақырамын, - дейді «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, Мәдениет саласының үздігі, композитор Орал – Қосай Байсеңгір. Сайып келгенде, ән мен жырды бір арнаға тоғыстырып, көрерменге керемет көңіл сыйлау өнер майталмандарының мұқалмас парызы.
Ендеше, сол мүддеден шығу жолында еселі еңбек ететін қайраткерлер көп болса игі дейсің.
Бауыржан СИСЕНОВ
Қызылқоға аймағы
Сөзі: Бижан Қалмағанбетов,
Әні:Орал-Қосай Байсеңгір
Самғатқандар арман-мақсат қиялын
Шыққан сенен ақын, дана, зиялым
Ізі қалған бал-балалық шағымның
Мен келемін құшағыңды аш Миялым!
Туған елім бақытымның қайнары
Туған жерім қайта түлеп жайнады
Ақындар мен батырлардың бесігі
Қасиетіңнен айналайын, Қызылқоға аймағы!
Сенде ержеттім аштым мектеп есігін,
Ұстаздарым жасады сан кешірім
Қайда жүрсем сағынышым өзіңсің
Сен анамсың дейтін маған "өс ұлым"