Осындай тақырыппен тәрбиешілердің мерекесіне орай Аналар мектебі, Ата-аналар комитеті мүшелері және «Жазира» бөбекжай балалар бақшасының саз жетекшісі, жоғары білімді педагог-модератор маманы Жаннұр Шәріптің ұйымдастыруымен балабақша тәрбиешілеріне арналған мерекелік концерт өтті.
Концерт қазақ биімен ашылып, одан әрі Нұрғасыр Қази «Ұстазым» әнін шырқап, Ерасыл Ержанұлы «Балбырауын» күйін тартса, Жайнагүл Жауынбайқызы, Алтынгүл Абзалқызы, саз жетекшісі Жаннұр Шәріп балабақша бүлдіршіні шәкірті Жанайым Қайраттар тамылжыта ән шырқап, тәрбиешілер көңілін көтерсе, Алтынгүл Айтқалиева қызықты ойындар ұйымдастырды. Сонымен қатар тәрбиешілерге арналған «Тәрбиеші балабақша жүрегі» атты көлеңке театры қойылып, көрермендер керемет әсер алды. Кешті балабақша меңгерушісі Ұлан Досқайырқызы қорытындылап, кешті ұйымдастырған ата-аналар мен тәрбиешілерге алғыс білдірді.
Кәмшат ӘБІШ