Тек ұрпақ өсіріп қана қоймай ұлт тәрбиелеуде де, мемлекет алдында да үлкен еңбек сіңіріп, ел алдында абыройларын асырған алтын құрсақты аналардың қоғамда алар орны ерекше.
Қазіргі таңда ауданда «Алтын алқа» иеленген 578 ана, «Күміс алқа» иеленген 567 ана бар. Бүгін солардың қатарын екі «Алтын алқа», төрт «Күміс алқа» алған аналар толықтырды.
Халықаралық әйелдер күні мерекесі қарсаңында ауданымыздың демографиялық дамуына үлес қосқан аналарды қабылдап, құттықтаған аудан әкімі Нұрсұлтан Бисембиев:
– Аналар мерекесі қарсаңында иеленіп жатқан марапаттарыңыз құтты болсын! Сіздердің еліміздің демографиялық саясатына қосып жатқан үлестеріңіз зор. Өмірге әкеліп, тәрбиелеп жатқан ұрпақтарыңыз алдағы уақытта мемлекетіміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлкен үлес қосатынына сенімдімін. Баршаңызға зор денсаулық, берекелі ғұмыр, ана бақытын тілеймін, - деді.
Бұдан кейін аудан басшысы ойылдық Ақбөбек Мұратова мен мұқырлық Жайнагүл Қуатоваға «Алтын алқа», Айгүл Досжанова, Әйгерім Сәлменова (Миялы а/о.), Айман Құлсымақова, Гүлдана Үмбетқалиеваларға (Ойыл а/о.) «Күміс алқаны» табыс етіп, сый-сияпат жасады. Сондай-ақ, шарада сөз сөйлеген ардақты аналар Ақбөбек Мұратова мен Айман Құлсымақова мереке қарсаңында қабылдап, марапаттаған аудан әкіміне ризашылығын білдірсе, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мақсот Карин, аудандық қоғамдық кеңесінің төрағасы Жәния Ізбасқан, аудандық аналар кеңесінің төрайымы Бағытжамал Жұмабаевалар алтын құрсақты аналарға ізгі тілектерін арнады.
Бауыржан ОҚАС