Елімізде халық арасында қордаланған құқықтық және әлеуметтік мәселелер өте көп. Халық өзінің жеке мәселелерін, арыз-шағымдарын билікке жеткізуі ашық әрі қолжетімді болуы қажет. Осындай кезде билік тарапынан халықтың әлеуметтік-құқықтық өтінімдерін қабылдау үшін оларға қолайлы жағдай жасау керек. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауындағы басым бағыттарының бірі «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы. Мемлекет басшысының бұл тұжырымдамасы көптеген мәселеге қозғау салып, қалың ел тарапынан қолдау тауып отыр. Демек, биліктің бұқараға барынша жақын болуы керемет емес пе?!.
Осыған орай, таяуда «Керуен» сауда үйінде азаматтарға құқықтық көмек көрсету мақсатында республикалық кең ауқымды акция өтті. Акцияға бөлім мен мемлекеттік органдардың өкілдері де қатысты. Акция барысында, заңгерлер тұрғындарға кеңес берсе, мемлекеттік орган өкілдері азаматтарды жеке мәселелерімен қабылдап, туындаған сұрақтарына жауап берді. Акцияға жүгінген 11 тұрғын азаматтық іс, тұрғын үй заңнамасы, жер кезегіне тұру, несие берешегін өтеу, кәсіпкерлік мақсаттағы кәсібін жалғастыру секілді сауалдарына жауаптарын алды.
Соның ішінде, Қызылқоға ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Самал Ахметова:
- Бұл жобаның негізгі мақсаты – азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру және тегін көмек көрсету болатын. Әрине, кездесу кезінде жалпыға бірдей декларациялау, бақылау-касса машинасының қолданылуы, бөлшек салықтың арнаулы салық режимі, азаматтардың төлем қабілетін қалпына келтіру және банкроттық рәсімі, әлеуметтік төлемдерді төлеу мәселелері мен мерзімдері, Мемлекеттік кірістер комитетінің мобильді қосымшалары тағы да басқа бойынша жүгінген салық төлеушілерге құқықтық түсініктер берілді. Мұндай кездесулер арқылы ауыл азаматтары шешімі табылмай жүрген сұрақтарға жауап алуға үлкен мүмкіндік туды, - дейді.
Нұрсәуле ЖАУЫНБАЕВА