Жаз айы құрылыстың қызған шағы. Жағдайы жеткендер жер алып үй салса, енді бірі тұрғын үйін үлкейтіп, қора-жайларын түзеуде. Сонымен бірге құрылыс заттарын сататын кәсіпкерлердің де саудасы қызып тұрған шақ.
ЗӘУЛІМ ҮЙЛЕР КӨБЕЙГЕНІМЕН, ТӨРІНДЕ ҚОНАҒЫ АЗ
Күннің аптап ыстығына, құрылыс материалдарының қымбаттығына қарамай, ауылымызда құрылыс науқаны қызу жүріп жатыр. Бірі жер алып, үй салып жатса, енді бірі сарай, қора жайын түзеп әлек. Әрине, бәріде жанға жайлы, кең бөлмелі баспанада тұрғысы келетіні анық. Бірақ, оған барлығының жағдайы келмесе де, ағайын-туыстан, көрші-көлемнен қалмаудың қамымен несиеге болса да бар жиғанын сарп етіп, құрылысқа салады. Көрпеге қарай көсілгіш қазақ қазір құрылыс дегенде, ештеңеден тайсалар емес. Бірақ, он соттық жерде он бөлмелі пәтер болғанымен, қонақжайлық мәселесі кенде қалып жататыны жасырын емес. «Көңіл кең болса, үйдің тарлығы білінбес» деп, қуыстай үйге бір ру қонағын сыйғызған ата-бабамыздың дархан даладай пейілінің кеңдігі қазір тарылып бара жатқандай сезіледі. Қанымызға сіңген қонақжайлылық мәселесі көне қарияларымызбен бірге азайып бара жатқандығы көңілге кірбің орнатады. Дегенмен, әрекет жасап, бәсекеге түсу де – заманның талабы. Табан ақы, маңдай термен тұрғызған хан сарайындай баспанасы қазақы болмысымызға тән төрінен қонағы орын алатын құтты мекенге айналса, әрекетінен береке табары сөзсіз.
Алтыбай ӘБИЕВ,
құрылысшы
Cурет: Ашық дереккөзден