Кеше аудан әкімдігінде «Қазақстан Фермерлер Одағы» республикалық қоғамдық бірлестігі, Атырау облыстық филиалының төрағасы Мұрат Сармановтың, ауыл шаруашылығы бағытындағы бөлім, мекеме басшыларының, округ әкімдерінің қатысуымен жиналыс өтті.
Жиынды ашқан аудан әкімінің орынбасары Жәнібек Тұрдағалиев:
– Облыс әкімінің орынбасары Әлібек Нәутиевтің төрағалығымен өткен жиында ауданда және ауылдық округтерде фермерлер одағының бөлімшелерін құру туралы тапсырма берілген еді. Мұндағы мақсат – ауданда, ауылдық округтерде жергілікті шаруагерлердің басын біріктіріп, мемлекеттік, қаржылық, өндірістік мекемелермен байланысын нығайту. Бүгінгі жиын аудан көлемінде аталмыш қоғамдық бірлестіктің өкілдіктерін құру бағытында ұйымдастырылып отыр, – деді.
Бұдан кейін сөз алған «Қазақстан Фермерлер Одағы» республикалық қоғамдық бірлестігі, Атырау облыстық филиалының төрағасы Мұрат Сармановтың айтуынша, басқа облыстардағы «Қазақстан Фермерлер Одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің филиалдары жиырма жылдан астам уақыт ауыл шаруашылығы қызметкерлерімен тығыз байланыста жұмыс жүргізіп келеді. Өндірістік өлке саналатын Атырау облысында бұл жұмыс кешеуілдеп, облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың қолдауымен биылғы жылдан бастап қолға алынды. Қазіргі таңда облыс орталығында ұйымдастыру жұмыстары аяқталып, аудандарда, ауылдық округтерде бөлімшелер мен өкілдіктер ашу жұмысы басталды.
– Жалпы шаруашылық жетекшілеріне ауыл шаруашылығы саласындағы өзгерістер, тың жаңалықтар дер кезінде жете бермейді. Өйткені, мал бағумен айналысатын адамдардың басым бөлігі орталықтан шалғай жерлерде орналасқан. Сондықтан, көптеген шаруашылықтарда несиелік, лезингілік жеңілдіктер алу, өнім өндіру мен оларды сату жолдары, асыл тұқымды мал өсіру бағытындағы жұмыстар кенже қалып отыр. Ал, ашылғалы отырған аудандық бөлімше мен өкілдіктер ауыл шаруашылығы саласы өнімін өндірушілерге қолдау көрсетіп, мүдделерін қорғайды. Оларды мемлекеттік бағдаламаларға қатыстырып, беріліп жатқан жеңілдіктер мен көмектерді алу бағытында қызмет етеді, – деді Мұрат Сарманов.
Жиынды қорытындылаған аудан әкімінің орынбасары Жәнібек Тұрдағалиев «Қазақстан Фермерлер Одағы» республикалық қоғамдық бірлестігі, Атырау облыстық филиалының Қызылқоға аудандық бөлімшесінің төрағалығына аудандық ветеринариялық стансаның маманы Төлеубай Тапаевты ұсынды. Оның кандидатурасын барлығы бірауыздан қолдап, мақұлдады.
Бауыржан БЕРДІҒАЛИЕВ.