«Іскер ана» жобасы биыл бесінші мәрте ұйымдастырылып, көп балалы, жалғызбасты, мүгедек бала тәрбиелеп отырған, әлеуметтік жағынан аз қамтылған топқа жататын аналарды оқытуға, өз ісін ашуға қолдау көрсетуде. Жоба нәтижесіз емес.
Осы уақыт аралығында қыз-келіншектер өз кәсіптерін бастап, одан әрі дамытуда. Соның заңды жалғасындай таяуда аудандық ішкі саясат бөлімінің мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы бойынша «Инфоорталық» қоғамдық бірлестігі тігін ісі, сылап-сипау, мобилография, әйел азаматтарды әрлеуге арналған тырнақ, шаш және бет, кірпік күтімі бойынша алпыс қыз-келіншекке 2 күндік шеберлік сабағын өткізді. Онда тігін ісі бойынша жеке кәсіпкер «Кәусар» тігін шеберханасының төрайымы Анар Оразбаева тігіннің қыр-сырын үйретсе, Анар Ажайпова кірпік күтімі, Әйгерім Мусина тырнақ күтімі, Гүлзат Валиева шаш қию, сәндеу, бет әрлеу, Нұрбол Бижанов қазіргі уақытта сұранысқа ие мобилография, Амандос Саналиева сылап-сипау (массаж) бағыттарында өз тәжірибелерімен бөлісті.
– Өзім шаштаразбын. Бүгінгі сабаққа қатысып, мол тәжірибе жинақтадым. Алдағы уақытта кәсібімді үлкейту жоспарымда бар. «Іскер ана» жобасы біз секілді аналарға берілген үлкен мүмкіндік деп білемін, - дейді кірпік күтімі бағытында сабақ алған Альфинұр Қаматова.
Екі күндік сабақ «Керуен» орталығында қорытындыланып, онда сөз сөйлеген аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Асқар Ақтаев :
– Бұл жоба ауданымызда 2019 жылдан бастап ұйымдастырылып келеді. 2022 жылдан бері жоба аясында білім алып, өз кәсібін жалғастырып келе жатқан төрт қыз-келіншекке қаржылай сертификат табыс етілді. Өткен жылы шеберлік сабағынан өтіп, өз кәсібін ашып жалғастырып отырған сағыздық Гүлнар Наурызбай мен Динара Дәулетқызына 100000 теңгелік сертификат табыс етіп отырмыз. Кәсіптеріңіз дами берсін. Бұл басқа қатысушыларды жігерлендіру. Мемлекет тарапынан беріліп жатқан мүмкіндікті пайдаланып, баршаңызда өз істеріңізден нәпақа табуларыңызға тілектеспін,- деді.
Шара барысында, барлық қатысушыға сертификат табыс етілді.
Гүлмира МАҚСОТҚЫЗЫ