Елбасының сарабдал саясатының нәтижесінде халыққа қызмет көрсетуге арналған кәсіпкерлік нысандар, оның ішінде сауда орындары мен мейрамханалар бірінен соң бірі ашылуда.
Осындай кәсіпкерлік нысанның бірі – Сағыз ауылында ашылған «Ағайынды» мейрамханасы.
Жаңа нысанның ашылу салтанатында құттықтау тілегін білдірген Сағыз ауылының әкімі Өтепберген Әділов:
– Қазіргі таңда елімізде кәсіпкерлік саласы қарқынды дамып келеді. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев өзінің алғашқы Жолдауында «Тиімді шағын және орта бизнес – қала мен ауылды дамытудың берік негізі. Олай дейтінім, кәсіпкерлік саласы ең алдымен, ауыл тұрғындарына тұрақты жұмыс береді, жұмыссыздықты азайтады. Сонымен қатар, салық базасын құрап, жергілікті бюджетті нығайтады» деген болатын. Сондай-ақ, шағын бизнесті салықтан 3 жылға дейін босату және осы уақытта бизнестің бұл түрін тексерудің бар түріне тыйым салу керектігін айтты. Мұның барлығы кәсіпкерлік саласына жасалған қамқорлық. Бүгін ауылда қос бірдей нысанның лентасы қиылып отыр. Ауылда бой көтеріп жатқан жаңа нысандар ел игілігі үшін жасалып жатыр. Халыққа қызмет көрсету орындарының көптеп ашылуы сала бәсекелестігін туғызады, кәсіпкерліктің дамуына серпін береді, - деді.
Содан соң сөз алған мейрамхана иесі кәсіпкер Жаным Бердалиева:
– Мейрамхананың ашылуына балаларымның қолдауы көп болды. Осыдан бір жыл бұрын кәсіпкерлік саласына бет бұрып, халыққа қызмет көрсетуді қолға алдық. Мейрамхана жаңа үлгіде салынған. Мемлекет басшысының кәсіпкерлерге жасап жатқан ерекше қамқорлығын сезініп отырмыз, - деді.
Құттықтау тілектерден кейін мейрамхананың лентасы қиылып, жиналған көпшілік жайылған дастарқаннан дәм ауыз тиді.
Гүлмира ТІЛЕГЕНОВА