Қашанда, ел экономикасының дамуына зор үлес қосқан азаматтарды кейінгі ұрпаққа үлгі ету бүгінгі буынның бұлжымас міндеті. Соған сай, ауданның дамуы жолында еселі еңбек еткен, ауданның Құрметті азаматы Мейрамбай Әлиевті еске алуға арналған дзюдо күресінен 2011-2012-2013 жылы туған жасөспірімдер арасында аудандық ашық турнир өтті.
Миялы спорт кешенінде өткен жарысқа Атырау қаласынан, Сағыз, Миялы, Жангелдин, Ойыл, Көздіғара ауылдық округтерінен барлығы 150-ге тарта балғын балуан қатысты.
Байрақты бәсекенің ашылу салтанатында сөз алған аудан әкімінің орынбасары Ерболат Иғали мұндай дүбірлі додалар өскелең ұрпақтың шымыр әрі ұлтжанды болып өсуіне зор үлес қосатындығына тоқталса, аудандық мәслихат төрағасы Толқын Бейсқали, Мейрамбай Әлиевтің жары Жаңыл Әлиева, әріптесі Құмар Хасанов, Ақтөбе қаласынан келген досы Әбіт Жанғозин, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мақсот Кариндер турнир иесі туралы мәнді де мағыналы естеліктерден сыр шертті.
Бұдан соң жас балуандар татами төріне шығып, жарыс көрігін қыздырды. Алдымен жекелей салмақ бойынша өткен турнир одан әрі командалық бәсекемен жалғасты. Жарыстың нағыз қызықты сәті де осы болды.
Бұл сында барлық қарсыластарынан басым түскен атыраулық «Жеңіс» командасы бірінші орынға ие болып, 300 мың теңгені қанжығаларына байласа, миялылық балуандар екінші орынмен қоса 200 мың теңгеге ие болды. Ал, қола медаль үшін тартыста атыраулық «Батыр боламын» командасынан басым түскен Сағыз балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің дзюдошылары үшінші орынға (жүлдесі 100 мың теңге) қол жеткізді. Сөйтіп, дүбірлі додаға толы сайыс өз мәресіне жетті.