Жуырда Атырау қаласында дойбыдан облыстық чемпионат өткен болатын.
Оған жан-жақтан қатысқан жасөспірімдер арасында Шортанбай балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің спортшысы Ернұр Сәрсенбайұлының бағы жанып, қарсыластарынан мерейі үстем түсіп, «Қазақстан Республикасының спорт шеберлігіне үміткер» атағын алды. Аудан әкімдігінің баспасөз қызметінен білгеніміздей, кішкентай дойбышының жаттықтырушысы - Шортанбай балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің ұстазы Ернар Қаражанов.
Айта кетейік, бұл спорт мектебі алтыншы рет спорт шеберлігіне үміткерді шығарып отыр. Бір жыл ішінде бір мектептің осындай нәтижеге жетуі мұнда ауыл спортын дамытудың жақсы жолға қойылғанын көрсетеді. Жас дойбышылардың жеңісті жолы алға қарай да жалғасын тапсын.