Қазақ күресі – тек дене күшін ғана емес, рух пен қайсарлықты талап ететін ұлттық спорт түрі. Ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан ұлттық спортымызды әлемге танытып, насихаттап, дамытып жүрген азаматтар баршылық. Сондай жанның бірі – шәкірттері талай дүбірлі додаларда топ жарып қана қоймай, биіктерден көрініп жүрген бапкер Тұрар Әжіғалиевтың шоқтығы биік. Ұлттық спорттың дамуына үлес қосқан, білікті бапкер Тұрар Әжіғалиевтың 50 жас мерей тойына орай Миялы спорт кешенінде қазақ күресінен 40 жастан жоғары шеберлер арасында аудандық ашық турнир болып өтті.
Шараны «Ойыл аруы» бишілер тобы «Сақ арулары» биімен ашса, Роман Майлашевтың оқушылары спорттық көрініс көрсетті. Жарыстың ашылу салтанатында аудан әкімінің орынбасары Гүлшара Ізімова сөз алып, Тұрар Жалғасұлының жүріп өткен жолының кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге екендігін, бапкер есімі ешқашан ұмытылмайтынын және елмен бірге жасай беретіндігін атап өтті. Сондай-ақ, аудан әкімі Қанат Әзмұхановтың алғыс хаты мен "Қызылқоға ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқаны үшін" төсбелгісін салтанатты түрде табыс етіп, қазақы дәстүрмен иығына шапан жапты.
Одан соң сөз алған Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы, ауданның Құрметті азаматы Мәлік Сүлейменов:
– Бүгінгі ерекше күнде ердің жасы 50-ге келіп жатқан Тұрардың еңбегі алтын әріппен жазуға тұрарлық. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» демекші шәкірттері жан-жақтан Астана, Алматы, Атыраудан келіп, құрмет көрсетіп жатқаны қандай ғанибет. Ұстазға осыдан артық құрмет бар ма? – деген ақжарма тілегін жеткізді.
Ең алғашқы шәкірттерінің бірі - Азамат Өтебаев жаттықтырушысына алғысын білдіріп, шәкірттері атынан төрт жылқымен қатар, бір миллион теңге сыйға тартылып, өмірлік серігі Гүлдана екеуінің иығына шапан жапты. Сондай-ақ, аталмыш спорт мектебінің тазалығын сақтауда еселі еңбек сіңірген Мәрзия Тасанқызы және әлемдік деңгейдегі сайыстарда еліміздің көк туын желбіретіп жүрген алдыңғы аға буын палуандар Жандос Тілекбаев, Бүркіт Орынбасаровтарды ақшалай сыйлықпен марапаттады. Кеш иесі Тұрар Әжіғалиев шараны ұйымдастырушыларға, шәкірттеріне алғысын білдірді.
Жарысқа Астана, Алматы, Атырау қалалары мен ауданнан 40 жас пен 58 жасқа дейінгі 16 палуан бақ сынады. Нәтижесінде, ерекше айла-тәсілмен қарсылас шақ келтірмей 51 жастағы Масат Сүлейменов І орынды жеңіп алып, бас жүлдеге берілген жабағыны қанжығасына байлады. Ал, Нұрбек Рахимов ІІ орынды иеленіп,150 мың теңге, Асылбек Айтқалиев ІІІ орынға берілетін 100 мың теңгеге ие болды.
Сондай-ақ, барлық қатысушы палуанға отбасы атынан қаржылай сыйлық берілсе, егде қатысушы Қуан Ағашинге жанкүйері Асылбек жандық малын атады.
Иә, «Таласқа түссе жан мен ту, жан емес маған керегі, Көк тудың желбірегені» деген өлең жолдарында айтылғандай талай көк туымызды желбіреткен Тұрардың шәкірттері жетерлік. Ауданымызда спортшылар қатары көбейіп, еліміздің байрағы көкте желбіресін демекпіз.
Кәмшат ӘБІШ
Суреттерді түсірген автор