Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осы жылды «Жұмысшы мамандық жылы» деп жариялағаны белгілі. Бұл ретте, ауданда қарапайым өмір сүріп, ұзақ жыл жұмысшы болып қызмет еткен еңбек адамдары аз емес. Міне, сондай еңбек адамдарының отбасынан ел абыройын асқақтатар жалынды ұл-қыздар өсіп, жетілуде. Соның бірі – дзюдо күресінен ел чемпионаты мен бірнеше халықаралық жарыстың жеңімпаз-жүлдегері атанып жүрген миялылық Айымзада Думанқызы.
Айымзаданың дәл осындай жарқын жеңістерінің астарында әжесі Гүлпараның, әкесі Думан Тұрғанбайұлы мен анасы Нұрасылдың ұрпақ үшін еткен тынымсыз еңбегі жатыр. Өздері қарапайым жұмысшы, еңбек адамдары болғанына қарамастан Айымзаданың алаңсыз оқуы мен жаттығуына қолындағы барын берген әжесі мен әке-анасының қосып келе жатқан үлестері зор. Осыған орай, бүгін Айымзада балуанның оқудағы және спорттағы жетістіктерін баспасөз бетіне жариялағанды жөн көріп отырмын. Ол осы ауылда туып, жастайынан күреске бейім болған. Мектепте оқи жүріп, қолы босаған сәтте күрес үйірмесіне қатысып, жарқын жетістіктерге жете бастады. Кейіннен облыс орталығындағы спорт мектебіне ауысып, сол жақта күресін одан әрі дамыта түсті. Нәтижесінде, республиканың әр қалаларында өткен жарыстарға қатысып, биіктен көріне бастады. Оның ең жарқын жеңісі Шығыс Қазақстан облысында өткен үлкен жарыста жасы жетпесе де ересектермен күресіп, алғашқы алтын медалға қол жеткізуі еді. Осылайша, Айымзада Гүлпара әжесімен, әке-шешесі Думан мен Нұрасылдың еңбегін ақтады. Айымзаданың ата-анасы көпбалалы отбасы. Олардың үлкендері мектеп бітіріп, бүгінде еңбекке араласуда. Жақында үлкен қызы Балауса ұзатылып, шаңырақта думанға толы той болды. Айымзада болса әжесінің, бауырларының қолдауы мен қамқорлықтарының арқасында алаңсыз жаттығып, алдағы үлкен жарыстарға дайындалуда.
Осы орайда, әжесі Гүлпара:
«Немерем Айымзада қазақ елінің абыройын асырып, әлемді мойындатқан спортшы болса екен» деп тілейді.
Ендеше, әрқашанда сәттілік серік болып, айтулы жарыстардың жеңімпазы атана бер, балуан қыз Айымзада!
Гүлжан СЕРІКОВА,
Миялы ауылының тұрғыны



