Атырау қаласында мектеп оқушылары арасында есірткіге тәуелділікті анықтауға бағытталған наркологиялық скрининг алғаш рет өткізілмек.
Бұл шара облыс орталығындағы жалпы білім беретін мектептерде ұйымдастырылады. Қалалық білім бөлімінің басшысы Айнагүл Дүйсекенованың мәлімдеуінше, тексеріске 9–11 сыныпта оқитын оқушылар қатысады. Негізгі талаптардың бірі — кәмелетке толмаған оқушының ата-анасы немесе заңды өкілінің жазбаша келісім беруі. Скрининг денсаулық сақтау мекемелерімен бірлесе жүргізіледі. Олар биологиялық үлгілерді (зәр) жинау, талдау жүргізілетін орындарды белгілеу және ұйымдастыру жұмыстарына жауапты болады. Қазіргі таңда Атырау қаласында 71 жалпы білім беретін мектеп бар, онда 9–11 сыныптарда 13 889 оқушы білім алуда. Зерттеудің мақсаты — есірткі қолданатын оқушыларды ерте кезеңде анықтап, оның ауыр салдарының алдын алу. Скринингке қатысу ерікті түрде жүзеге асырылады.



