Мемлекет басшысы биылғы жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялады. Он екі айдың өзегінде еңбек адамдарының ерен істері, өнегелі өмірі мен толағай еңбегі сараланды, бағаланды. Ауыр жұмысты арқалап жүрген азаматтар әрдайым төрден орын бұйырып, құрметке бөленуге тиіс.
Астанада өткен Жұмысшы мамандықтары жылының қорытынды іс-шарасында бірқатар азамат еңбегінің өтеуіне бұйырған құрмет пен қошеметке кенеліп, мемлекеттік награданы кеудесіне тақты. Іс-шараға Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин, Президенттің әлеуметтік мәселелер жөніндегі кеңесшісі Алексей Цой, Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова, Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Парламент депутаттары, мемлекеттік органдардың басшылары, «Аmanat» партиясының, жергілікті атқарушы органдардың, халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты. Жұмысшы мамандықтары жылын қорытындылау шеңберінде еңбек ұжымдарының үздік өкілдері мен белсенді жұмысшы жастарға құрмет көрсетілді.
Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин еңбек адамдарына құрмет әрдайым жалғасын табатынын, еліміздің әлеуетін нығайтуға әр салада тер төгіп жүрген жандар зор үлесін қосқанын атап өтті.
– Біз жұмысшы мамандықтары жылының қорытындысына арналған форумға жиналып отырмыз. Бұл жай ғана күнтізбелік жылдың аяқталуын білдірмейді, адал еңбекті әлі де дәріптейтін, еңбек адамын одан әрі құрметтеуге шақыратын бірегей іс-шара. Бүгінгі айтылатын әңгіме де, құрмет те ел дамуының негізгі қозғаушы күші – сіздерге арналады. Биылғы жыл еліміз үшін табысты болды. 11 айдың қорытындысында экономикамыз 6,4% өсім көрсетті. Отандық зауыттарда 147 мың автокөлік құрастырылды. 17 млн шаршы метрге жуық тұрғын үй салынды. Денсаулық сақтау саласында 219 жаңа нысан бой көтерді. 130 жаңа мектеп пайдалануға берілді. Жаңадан 173 өндіріс іске қосылып, 22 мың жұмыс орны құрылды. Диқандарымыз екінші жыл қатарынан рекордтық көлемде – 27 млн тонна астық жинады. 13 мың шақырым жол реконструкцияланып, жөндеуден өтті. Ұзындығы 836 шақырым «Достық – Мойынты» теміржолының екінші желісі іске қосылды. Мұның барлығы құр ақпарат, жай статистика емес. Артында мыңдаған адамның орасан еңбегі тұр. Олар – қарапайым жұмысшылар, инженерлер, механизаторлар, құрылысшылар, энергетиктер, технологтер, диқандар, басқа да салада еселеп еңбек еткен азаматтар. Барша жетістік ел азаматтарының көзге көрінбейтін күнделікті ортақ жұмыстарының жемісі. Мыңдаған студент сұранысқа ие мамандықтарды игеруде тегін білім алып жатыр. Колледждердің материалдық техникалық базасы жаңартылды, бүгінде техникалық, кәсіптік білім беру жүйесіндегі түлектердің басым көпшілігі жұмысшы мамандықтардың өкілдеріне айналды. Кейінгі жылдары мемлекеттік наградалар жүйесі жаңартылды, жаңадан 9 салалық құрметті атақ енгізілді. Мемлекет басшысы биыл кәсіби мерекелер аясында энергетиктерді, құтқарушыларды, мұғалімдерді, мұнайшыларды, дәрігерлерді, су шаруашылығы саласының қызметкерлерін, ауыл шаруашылығы, мамандарын Ақордада арнайы қабылдап құттықтады. 24 кәсіби мереке мен еңбек күнін кең көлемде атап өту игі дәстүрге айналды. Биыл Президент Жарлығымен 130-ға жуық жұмысшы мамандық өкілі мемлекеттік марапатқа ие болды. Мұның барлығы еселі еңбекті қадірлеуге бағытталған маңызды қадамдар. Еңбек адамы мемлекеттік саясаттың басты назарында, – деген Мемлекеттік кеңесші қоғам әрқашанда еңбекті ерекше қадірлейтінін жеткізді. – Кәсіби мамандарды дәріптеу алдағы уақытта да үздіксіз жалғаса бермек. Жұмысшы мамандықтары жылы аяқталып жатқан жоқ, бұл елімізде еңбек адамдарына құрмет көрсететін жаңа кезең басталғанын айғақтайды. Баршаңызға – зауыттар мен шеберханаларда, құрылыс алаңдары мен егіс даласында, шахталар мен энергетика нысандарында, көлік, коммуналдық салаларда еңбек етіп жүрген азаматтарға шынайы алғысымызды білдіреміз. Сіздердің адал еңбектеріңіз реформаларды нәтижелі етеді, елдің тұрақты дамуына әділетті қоғам құруға жол ашады, – деді Мемлекеттік кеңесші.



