Ұлттық құрылтайда көтерілген мәселелер мен айтылған ұсыныстардың барлығы да орынды, көкейге қонымды. Соның ішінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Қазақстан – жауапкершілігі жоғары «орта держава», жер көлемі бойынша ислам әлеміндегі ең ірі мемлекеттердің бірі.
Біз баршаға түсінікті, әділ саясатты жақтаймыз және осы ұстанымды әрдайым сақтаймыз» деген сөзі арқылы еліміздің сыртқы саясаты мен қауіпсіздігіне ерекше мән беретінін көрсетті. Әрине президенттің бұл сөзі – рухтандыратын жай ұран емес. Тәуелсіздік – қазіргі дүрбелеңге толы замандағы басты бағдарымыз, ұлттық бірліктің негізі. Ел бірлігін сақтап, абырой-беделі жоғары мемлекет құру – бәрімізге ортақ стратегиялық міндет. Осы ретте, президенттің: «Тәуелсіздік дегеніміз – ең алдымен, жалпы ұлттық бірлік пен келісім» деген сөзін толық қолдаймыз. Сонымен бірге, Мемлекет басшысы «тарихи жарақаттардан» арылуға, кешегі күнмен өмір сүрмеуге шақырды. Бұл – ұлтымыздың дамуында парасат пен дана шешімдерге сүйенудің белгісі. Яғни, тек өткен күнді ғана айтып, ескі сүрлеуді суреттей берсең алға қадам басу болмайды. Әрине, тарихты білу, ата-бабалардың ерлігі мен еңбегін қастерлеу маңызды. Бірақ, болашаққа да ұмтылу керек.
Қазір әлемде барлық салада түбегейлі өзгерістер жүріп жатыр. Біз мүлде жаңа құбылыстардың пайда болғанына куә болып отырмыз. Өзіміз де, кейінгі ұрпақ та бұған бейімделуіне тура келеді. Басқаша айтсақ, бұрын мүмкін еместей немесе адам сенгісіз көрінетін нәрселер қазір қалыпты жағдайға айналуда. Халықаралық құқық көз алдымызда қадір-қасиетінен айрылып жатыр. Дүние жүзінде сенім дағдарысы күшейе түсті. Әлемде әскери шығындар рекордтық деңгейге, яғни үш триллион долларға жетті. 2035 жылға қарай бұл көрсеткіш тағы еселеп өсуі мүмкін. Осындай күрделі жағдайда сыртқы саясаттың мән-маңызы арта түседі. Сондықтан ол барынша теңгерімді болып, мемлекеттің стратегиялық мүддесін қорғауға және ілгерілетуге бағытталуы керек. Осылайша президентіміз әккі дипломат есебінде сыртқы саясатқа баса мән беретіндігін айтып, тұтас елді мемлекетшіл болуға шақырды. Бұл қазіргідей әлем алмағайып күн кешіп жатқанда ел үшін аса қажет.
Есенбай НҰРОВ,
аудандық мәслихат депутаты



