Қаңтар айынан бастап еліміз бойынша 11-сынып оқушылары үшін Ұлттық бірыңғай тестілеудің алғашқы кезеңі басталғаны белгілі. Бұл ретте, аудан оқушылары да Атырау қаласына барып, тест орталығында сынақтан өтуде. Аудандық әдістемелік орталық меңгерушісінің орынбасары Қайсар Жарылғағановтың айтуынша, қаңтар айында аудандағы 15 орта мектептен барлығы 269 оқушы тест тапсырды.
Алғашқы кезеңнің ұпайлары да көп күттірмей белгілі болып, арасында ауыз толтырып айтуға тұрарлық нәтиже тіркелді. Ол – Мұқыр орта мектебінің оқушысы Айнұр Жұмағалидың жетістігі. Айнұр алғашқы сынның өзінде барлығы 140 сұрақ баллдың 136-сын жинап отыр. Бұл тек облыс емес, республика бойынша химия-биология бағытындағы рекорд болып тіркелді. Мұқыр орта мектебінің директоры Венера Мырзағалиеваның айтуынша Айнұр болашағынан зор үміт күттіретін оқушы, «Үздік атесстатқа» үміткер. Алғашқы сыннан соң мектепте өткен лездемеде осы жетістігі үшін Айнұр Алғыс хатпен мадақталды.

Осы ретте, Айнұрдың өзі:
– Алғашқы нәтижеге көңілім толады. Бұл жолы Қазақстан тарихынан – 20, оқу сауаттылығынан – 10, математикадан – 10, биологиядан – 50 балл жинадым. Яғни, алғашқы төрт пәннен ең жоғары ұпайларды алдым. Алайда, химия пәнінен 36 балл алып қалдым. Шектік баллға 4 ұпайым жетпей қалды. Дегенмен бұл алғашқы сынақ. Алдағы тестілеулерде қатемен жұмыс жасайтын боламын. Мен Ұлттық бірыңғай тестілеуге «JUZ40» онлайн курсы арқылы дайындалып жүрмін. Сабақтан тыс күніне 5-6 сағатты дайындыққа арнаймын. Таңдаған бағытым мен болашақ мақсатым – білікті дәрігер болу, - дейді.
Ендеше, талабыңа нұр жаусын, Айнұр!
Дулат МӘТЖАН



