Қоғам дамуының әр кезеңінде мемлекеттің беріктігі мен болашағы ең алдымен адам капиталына, яғни кәсіби, адал әрі жауапты кадрларға тікелей байланысты екені дәлелденіп келеді. Осы тұрғыда меритократия қағидаты – мемлекеттік басқарудың заманауи әрі тиімді моделін қалыптастыратын негізгі тетік.
Қазақтың ұлы ойшылы Абай Құнанбайұлы: «Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста, сонда толық боласың елден бөлек» – деп тұлғаның кемелдігі ең алдымен білім, еңбек және адалдықтың үйлесімінен тұратынын атап көрсеткен. Бүгінгі мемлекеттік қызмет жүйесінде бұл қағида өзектілігін жойған жоқ, керісінше, меритократияның ұстанымымен тікелей үндесіп отыр.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылы өткен Тамыз конференциясының пленарлық отырысында «Мемлекеттік қызметте меритократия қағидаты басты орынға шықты. Билікте де «отбасылық жүйе» жоқ. Азаматтарды қызметке тағайындау кезінде ең алдымен олардың білімі мен кәсіби білігі ескеріледі» – деп мемлекеттік қызмет саласында меритократия қағидаты басты орынға шыққанын ерекше атап өтті.
Бұл сөздер мемлекеттік қызметке іріктеуде формализм емес, нақты нәтиже мен кәсібилік шешуші рөл атқаруы тиіс деген ұстаныммен үндеседі.
Меритократия – мемлекеттік қызметшінің жеке сіңірген еңбегін, кәсіби жетістіктері мен қабілеттерін әділ бағалау арқылы оның қызмет бабында ілгерілеуін қамтамасыз ету. Бұл тәсіл кадрлық шешімдер қабылдауда субъективтілікке жол бермей, ашықтық пен әділдікті қамтамасыз етеді.
Бүгінде жергілікті атқарушы органдарда осы қағидатты іске асыру бағытында нақты жұмыстар жүргізілуде.
Атап айтқанда, бос әкімшілік лауазымдарға 534 конкурс жарияланып, оның нәтижесінде ішкі конкурс арқылы 50 мемлекеттік қызметші тағайындалды. Маңыздысы – олардың 74%-ы меритократия қағидатына сәйкес жоғары лауазымдарға көтерілді. Бұл – кәсіби әлеуеті жоғары кадрларға сенім артудың нақты көрінісі.
Мемлекет басшысы Қ. Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Үміткерді қызметке тағайындаған кезде оның кәсіби және моральдық қасиеттерін мұқият ескерген жөн. Бұрынғы жұмысын қалай атқарғаны да қаперде болуы керек. Меритократия қағидаттарынан ешкім бас тартқан жоқ.» - деп атап өткен болатын.
Конкурстан тыс тағайындау тетігі де меритократия қағидатына қайшы келмейді. Керісінше, бұл механизм өз ісінде жоғары нәтижелерге қол жеткізген, жауапкершілігі мен кәсіби деңгейі дәлелденген қызметшілердің мансаптық өсуіне мүмкіндік береді.
Қолданыстағы талаптарға сәйкес, мемлекеттік қызметші осы мемлекеттік органда кемінде соңғы екі жыл төмен тұрған санаттағы лауазымды атқарған, сондай-ақ қызметін бағалау қорытындылары бойынша қатарынан төрт тоқсан бойы «функционалдық міндеттерді тиімді орындайды» деген нәтиже көрсеткен жағдайда, сол органда жоғары санаттағы лауазымға тағайындалуы мүмкін. Бұл – қызметшінің кәсіби тұрақтылығы мен адалдығын нақты бағалауға мүмкіндік беретін әділ тетік.
Аталған механизм аясында 2025 жылы жергілікті атқарушы органдарда қызмет ететін 30 мемлекеттік қызметші жоғары лауазымдарға көтерілді. Бұл – еңбектің еленіп, нәтижеге негізделген басқару мәдениетінің қалыптасып келе жатқанын көрсетеді.
Жалпы алғанда, меритократия қағидатын іске асыру кадрлық әлеуетті тиімді пайдалануға, мемлекеттік қызметшілерді ынталандыруға мүмкіндік береді. Алдағы уақытта да бұл бағыттағы жұмыстар жалғасып, мемлекеттік қызметтің кәсіби, ашық және нәтижеге бағдарланған жүйе ретінде дамуына серпін береді.
Айнұр Енсегенова
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Атырау облысы бойынша департаменті басшысының міндетін атқарушысы



