Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Айымзада күміс жүлде иегері

Азияда топ жар
Азияда топ жар

 Астана қаласында дзюдо күресінен 2006-2007 жылы туған жасөсіпірімдер арасында өткен Қазақстан Республикасының чемпионаты аудан дзюдосы үшін табысты болды.

Жарыстың алғашқы күнінде сағыздық Ерхан Мұрат ел чемпионы атанса, соңғы жарыс күнінде қыздар арасында +70 келіде белдескен миялылық Айымзада Думанқызы күміс жүлдені жеңіп алды. Ол алғашқы белдесулерінде Қызылорда, Жамбыл, Маңғыстау, Қостанай облыстарының балуандарынан басым түсті. Финалдағы тартысты белдесуде Жетісу облысының балуанынан сәл ғана ұпай айырмашылығымен ұтылып қалды. Десе де, Айымзаданың бұл күмісінің өзі аудан спорты үшін алтынға бергісіз. Себебі, ол қыздар арасында мұқырлық Қалжан Тайжановадан кейін ел чемпионатынан жүлде алып отырған екінші ару. 
 – Менің басты мақсатым – ел чемпионатында жүлдеге ілініп, ұлттық құрама сапына кіріп, халықаралық жарыстарда ел намысын қорғау болды. Жарыс алдында бапкерім «Сен батыр қызсың, барлық қарсыласыңды жеңуге мүмкіндігің бар» деп қамшылады. Сол сөзден кейін татамиге сенімді түрде шығып, алғашқы белдесудерде көп қиналған жоқпын. Финалда да жақсы күресіп шықтым. Алайда, соңғы секундтарда төреші болмайтын жерден жетісулық қарсыласыма ұпай беріп, мені «жығып» берді. Соның нәтижесінде Жетісу облысы жалпы командалық есепте бірінші орынды жеңіп алды. Егер мен жеңгенде бірінші орынға Атырау облысы шығатын еді. Артынан бапкерлерім «Жарыс болғасын түрлі жағдайлар болады. Мойыма» деп жұбатып, жеңісіммен құттықтады, - дейді Айымзада балуан.
Ең алғаш күрес әліппесін 14 жасында Қызылқоға балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушысы Ертай Ерғалиевтан үйренген Айымзада былтырдан бастап атыраулық белгілі бапкер Мейіржан Есмағамбетовтың қол астында жаттығуда. Қазіргі таңда Алматы қаласындағы Қ. Ахметов атындағы мамандандырылған мектеп-интернатының 10-сыныбында оқитын ол алдағы уақытта Азия чемпионатында топ жаруды көздеп отыр. Ендеше, балуан қыздың бұл жеңісіне құтты болсын айтып, «Азияда топ жар, Айымзада» деп тілек білдіреміз.    

Дулат БЕІКҰЛЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521