Миялы спорт кешенінде Кеңес әскерлерінің Ауғанстан жерінен шығарылған күніне орай кіші аяқдоп пен ләңгі ойынынан аудандық жарыс өтті.
Жарыстың ашылу салтанатында сөз алған аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, спорт және дене шынықтыру бөлімі басшысының міндетін атқарушы Гаухар Құрманғазиева мен аудандық ауған соғысы ардагелерінің ұйымының төрағасы Марат Сәрсенғалиев жарысқа қатысушыларға сәттілік тілесе, облыстық ләңгі ойындары федерациясының атқарушы директоры Тыныс Бисалиев ләңгі ойынының соңғы шыққан ережелерін түсіндіріп, бекітілген спорттық формасын таныстырды.
Ашылу салтанатынан соң ләңгі ойынының хас шеберлері жарысты бастап кетті. Оған Миялы, Жангелдин, Ойыл ауылдық округтерінен барлығы 17 спортшы қатысты. Нәтижесінде оқушылар арасында Мирас Рүстемұлы топ жарса, Ерболат Мұқан мен Бақтыбек Жұмабергенұлы екінші, үшінші орындарды өзара бөлісті. Ал, ересектер арасында Мәлік Төлеуішов жеңімпаз атанса, Шерхан Еңсегенұлы екінші, Шынболат Ығылман үшінші орынды жеңіп алды.
Атаулы күнге орай өткен кіші аяқдоп сайысы да тартысты өтті. Тек Миялы ауылы бойынша өткен жарысқа барлығы 14 команда қатысып, олар олимпиадалық жүйе бойынша сынға түсті. Тартысты додада 1998 жылы туған жастар барлық қарсыласынан басым түсіп, бірінші орынды иеленсе, 1996 жылы туған жастар екінші, 1995 жылғы ауыл азаматтары үшінші орынға ие болды. Сондай-ақ, жарыста жақсы ойынымен көзге түскен Еламан Нариман «Үздік қақпашы», Нұрсәт Қаламғали «Үздік қорғаушы», Азамат Ысқақов «Үздік шабуылшы», Салауат Мұратұлы «Үздік ойыншы» атанды.
Дулат БЕРІКҰЛЫ