Ауыл шаруашылығын дамыту – маңызды мәселе. Сонан да болар тәуелсіздік жылдарында бұл саланы дамыту туралы көп айтылды. Бағдарламалар да қабылданып, межелер белгіленді. Бірақ солардың көбі сөз жүзінде қалды, ал мәселелер кешенді түрде шешіле қойған жоқ. Қазір де «Ауыл аманаты» жобасы бар, нәтижесін болашақ көрсете жатар. Саланы ойдағыдай дамыту үшін тек қана бағдарламалар қабылдау жеткіліксіз. Сондықтан шешімді шаралар қабылдап, оның жүзеге асуын тұрақты қадағалау керек. Басшылықта да, еңбек ұжымында да тұрақтылық қажет. Бір мысал, осы тәуелсіздік жылдарының өзінде жиырмаға жуық министрдің алмасқанын жетістік деп түсіндіре алмаймыз. Өйткені жүйелілік, бірізділік жоқ.
Ал шаруа қожалықтарына мұның оң әсер етпейтіні анық. Басқасын айтпағанда, шаруашылықта еңбек ететін адамдардың, жұмыс күшінің тапшылығы үлкен мәселе. Ауылда жұмыссыз отырған адамдар көп, бірақ олар шаруа қожалықтарына барып жұмыс істегісі келмейді. Себебі алты айға дейін үкімет тарапынан оларға ақша төленеді.
Менің ойымша, жұмыссыз адам ұсынған жұмысқа бармаса, жәрдемақы төлеуді тоқтату керек. Себебі, бұл масылдыққа бастайтын жол. Бізге көрші Өзбекстан елінен жұмысқа келгісі келетіндер бар, шын мәнінде көптеген шаруашылықтарда солар еңбек етеді. Алайда олардың келулеріне жасанды кедергілер қойылған. Сонан соң оларды қызметке алу үшін құжаттарын реттеу қажет. Ол үшін облыс орталығына бару керек.
Сондықтан Мұқыр ауылынан халыққа қызмет ету орталығын ашса қалаға сабылып жүрмес те едік. Сонда халықтың да мәселесі, біз секілді шаруа қожалықтарының да мәселелері шешілер еді. Бұл туралы ауылдағы жиналыстарда үнемі айтқанымызбен әзірге тиімді жауап болмай тұр.
Бұрынғы үлкендердің айтуынша, ертеде ауылдағы жұмыссыз адамдарды, бойында күш-қуаты бар егде жастағы адамдарды уақытша жұмысқа тартқан.
Мысалы, көктемгі қой төлдету, күз айларындағы қой қырқу, қыс айларында көмекшілікке, ал жаз мезгілінде қой тоғытуға, жастарды шөп шабуға, шөп жинауға т.б. жұмыстарға пайдаланған. Бұл сол тұста белгілі деңгейде нәтиже де берген. Үлкендер жағы еңбекақы алып, жастар жағы өз үйлеріндегі малдарына шөп алған т.б.
Бұл бір жағынан жастарды еңбекке баулу болса, екінші жағынан оның белгілі деңгейде жастар үшін тәрбиелік те мәні болған. Республика Президенті биылғы жылды жұмысшы мамандықтары, яғни, еңбек адамдарының жылы деп жариялады. Сондықтан сол өткенді жаңғыртып, заман ыңғайына қарай бағдарлама жасап, бұл істі белгілі бір жүйеге түсірсе дұрыс болар еді. Нәтиже де берер еді деп ойлаймын.
Мереке АМАНГЕЛДИЕВ,
«Тайжан» шаруа қожалығының мүшесі
Қызылқоға ауданы.