Таяуда елімізде Әлеуметтік кодексінің жаңа нормалары қабылданды. Міне, сол жаңа кодексті түсіндіру мақсатында облыстық деңгейде құрылған ақпараттық-насихаттық топ ауданға келіп, «Арман» мәдениет үйінде тұрғындармен кездесті.
Жиынды ашқан Қазақстан Республикасы Еңбек және әлеуметтік қорғау комитеті Атырау облысы бойынша департаментінің №1 зейнетақы және әлеуметтік қамсыздандыру бөлімінің басшысы Әйгерім Бекқалиева бала күтіміне байланысты төленетін төлемге тоқталса, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бас маманы Мәлика Диасова мүгедектігі бар адамдарға көрсетілетін көмектер, атаулы әлеуметтік көмек тағайындау, жұмыспен қамту барысын түсіндірді.
Бұдан кейін сөз алған мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының Атырау облысы бойынша филиалының бас маманы Райымбек Бағытов қорға түскен қаржыны әрбір адам тек емделуге пайдалана алатындығын жеткізді. Жиыннан кейін қонақтар тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдап, өздерін толғандырған сұрақтарына тұшымды жауап берді. Дәл осындай жиын өзге де ауылдық округтерде де жалғасын тапты.
Дулат БЕРІК
Сурет ашық дереккөзден алынды