Жаңа Конституциялық реформалар – еліміздің саяси келбетін түбегейлі жаңартатын, болашаққа бағытталған тарихи қадам. Бұл өзгерістердің өзегінде мемлекеттік басқаруды жүйелеу және азаматтардың құқықтарын қорғауды конституциялық деңгейге көтеру жатыр.
Мәселен, жаңа Ата Заң мәтінінде Қазақстанның Халық Кеңесінің құрылуы ерекше маңызға ие. Бұл платформа Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Ұлттық құрылтайдың стратегиялық функцияларын заң шығару бастамасымен ұштастыра отырып, халық үнінің тікелей мемлекеттік шешімдерге айналуына жол ашады. Осы жүйелі жаңғыруды Вице-президент институтының енгізілуі толықтырып, мемлекет басшысының атынан қоғамдық-саяси, ғылыми және мәдени ұйымдармен тиімді өзара іс-қимылды қамтамасыз етпек. Реформаның ең басты жетістігі – адам құқықтарына берілген басымдылық. Алғаш рет Ата Заңда адвокаттық қызмет пен адвокатураның жеке баппен бекітілуі және әлемдік тәжірибедегі «Миранда ережесінің» енгізілуі – әрбір азаматтың қорғалу құқығының бұлжымастығын білдіреді. Бұл қадамдар кінәсіздік презумпциясын нығайтып, азаматтардың жағдайын нашарлататын заңдарға тыйым салу арқылы құқықтық әділдікті орнатады. Қорыта айтқанда Ата Заңдағы бұл өзгерістер уақыт талабына сай жасалып отыр. 1995 жылы қабылданған Конституция өз деңгейінде құқықтық мемлекет болып қалыптасуымызға өз үлесін қосты. Енді соның 84 пайызы жаңарып, заманға сай жаңа баптар мен тармақтар енгізілуде. Ендеше, жаңа өзгеріс еліміз үшін қайырлы да, берекелі болсын!
Айжан ІЗІМОВА,
«Құрмет» орденінің иегері



