Бүгінде елімізде іске асып жатқан конституциялық реформалар қоғам дамуының жаңа белесін айқындап берді. Атап айтқанда, Конституцияның жаңа жобасының 33-бабында мемлекеттің білім саласындағы жауапкершілігі нақты көрсетілген.
Онда әрбір азаматтың тегін орта білім алуға құқығы мен бұл білімнің міндеттілігі айқын жазылған. Бұл кез келген баланың, оның әлеуметтік жағдайына қарамастан, сапалы білім алуына мемлекет тарапынан берілген мызғымас кепілдік. Сонымен қатар, азаматтарымыздың мемлекеттік жоғары оқу орындарында конкурстық негізде тегін білім алу құқығының сақталуы дарынды жастардың өз әлеуетін іске асыруына даңғыл жол ашады. Бұл нормалар білімнің тек жеке тұлғаның игілігі емес, жалпыұлттық құндылық екенін тағы бір мәрте дәлелдеп отыр. Мемлекетіміздің өзін «әлеуметтік мемлекет» ретінде орнықтыруы біз сияқты педагогтар қауымы үшін де зор маңызға ие. Осы ретте, жаңа өзгерістер еніп жатқан конституциялық өзгерістерді толықтай қолдаймын. Білімге басымдық берген мемлекеттің болашағы әрқашан жарқын болмақ. Біздің ортақ мақсатымыз – осы құқықтық негіздерге сүйене отырып, білімді әрі парасатты ұлт қалыптастыру. Жаңаланған Конституция — бұл әділетті Қазақстанның және сапалы білімнің алтын діңгегі. Ендеше Ата Заңның жаңа жобасына оң көзқарас таныта отырып, еліміз һәм халқымыз үшін қайырлы саяси құжат болсын деген тілектеміз.
Мейрамгүл АБАТОВА,
Б. Аманшин атындағы орта мектептің педагогы



