Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Ақтаңдақтар ақиқаты

Кешегі қызыл Кеңестің қырғынынан ең көп зардап шеккен қазақ ұлты екені ащы ақиқат. Мұның зардабы біздің өңірді де айналып өткен жоқ. Бұл тақырыпты 30 жылға жуық зерделеп келемін. Тұңғыш облыстағы қауіпсіздік комитетінің архивіне кіріп, қуғын-сүргін құрбандарының істерімен танысқанда мен болатынмын. 

Тек Сағыз селосынан осы қанды қасапқа ілінген адамдарды он-ондап санауға болады. Олардың арасында діни сауатты адамдар өте көп еді. Тек сол кездегі елдегі халыққа діни білім бергені, рухани бағытта тәрбиелегені, тазалыққа, адалдыққа уағыздағаны үшін молдалар көп зардап шекті. Осы аймақтағы Көкмешіт шәкірттерінің 80 жуығы қуғын-сүргінге түсті. 
Оларды 1929 жылдан бастап қудалай бастаса, соңы 1940 жылы Ұлы Отан соғысының алдында түгелдей жазаланды. Ең көп қуғын-сүргін Абдолла Хазірет пен Әшір Ахун төңірегіндегі ұрпақтары мен туыстары болды. Олардың көбі атылды, түрмелерде өлді, КАРЛАГ-тың ащы тауқыметін бастан кешті. Бұлардан басқа Закария Сағындықов, Темірбаев Бейіш, Тәпеновтер, Можықов, Әлниязов Тобанияз, т.б. осы қанды қасаптың құрбандығына ілінді. Бүгін мен Абдолла Хазірет пен Әшір Ахун ұрпақтарына тоқталып, солар жайлы әңгіме өрбітуді жөн көрдім. Қайтыс болуына байланысты Абдолла Хазірет бұл қуғын-сүргіннен аман қалды. 
Елді осы дін жолына алғашқы бағыштаған Ғапурин Жаналының бірінші әйелі Злихадан Абдолла мен Мәтжан туса, екінші әйелі Қазынадан өмірге Хасан мен Құсайын келеді. Жаналы ол кезде Ақтөбе облысына қарасты Ноғайты, Айрық, Қопа деген жерлерді мекендейді. 
Бәрі де діни сауатты болып өскен Адболла, Мәтжан, Хасан, Құсайын өте белсенді болады. Жаналының әйелдері де текті жерлерден шыққан еді. Қазына шешеміз атақты Сырым бидің қарындасы болатын. Құсайын Жаналыұлы 1881 жылы туған. Жастайынан ұйымдастыру қабілеті сол, билікке ерте араласады. Жаһанша, Халел Досмұхамедовтер құрған Батыс Алашорда үкіметінің ісін қолдап, Алаш ұлттық Қазақ мемлекетін орнатуда белсенділік танытады. 
Оған қуғын-сүргін басталғанда бандаларды қолдап, мұсылмандықты насихаттады деген желеумен іс қозғалады. 1930 жылғы 29 қарашадағы №1919 ісі бойынша үштіктің шешімімен ату жазасы кесіліп, дүние мүлкі тәркіленеді. Ол 1929 жылға дейін Адай ревкомының мүшесі болады. 
Оның зайыбы Бекет атаның туысы, қосқұлақ адай Қуанқызы Балкенже болды. Ол 1939 жылы дүниеге келген Ахметниязұлы Мұстафаны екі жасында бауырына басып, Құсайынұлы деп жаздырады. Балкенже ана Ақтөбенің Кеңжалы стансасында тұрып, 1964 жылы қайтыс болды. Қайтқаннан кейін Шибұлаққа әкелініп жерленді. 
Мұстафа Құсайынұлы Сағыздағы №40 орта мектепті бітіріп, Семейдегі жер асты қазба байлықтары және тау-кендерді барлау техникумына түседі. Одан кейін Семей зооветеринарлық институтын ғалым зоотехник мамандығы бойынша бітіреді. Семей, Оңтүстік Қазақстан облыстарының шаруашылықтарында жұмыс істеп, ғалым болып, биология ғылымдарының докторы атанды. Одан кейін Гүлфара жеңгеймен шаңырақ көтеріп, өмірге екі қыз, бір ұл әкелді. Олар бүгінде еліміздің білікті мамандары. Жеңгемізді елге әкелгенде көзіміз көрді. Олда әкелерінің өміріндей рушылдық пен жершілдіктің құрбаны болып қудалауға түсіп, 56 жасында Ақтөбе ауруханасында көз жұмды. Құсайын Жаналиевке 1993 жылғы 14 сәуірде ақталу үкімі шықты. 
Жаналиев Хасан НКВД-дан қашып жүргенде Орал қаласында Жайық өзенінен өтем дегенде атып өлтіріледі. Әйелі байбақты руынан болатын. 1970 жылы Оралда қайтыс болды. Баласы Зияден Хасанов облыс шаруашылықтарында еңбек етті. Ұрпақтары Оралда тұрады. 
Абдолла Хазіретте екі әйел алған. Оның Майлыбай деген әйелінен Уәли, Ақишан, Әбдіғали, Сәмеш, Сәлима, Көшетер туса, екінші әйелі Рахиладан Мәрзия мен Ахметнияз дүниеге келеді. Оның әулетінен 40-тан астам адам осы зұлматтың құрбаны болды. 
Інісі Құсайын, балалары Уәли, Сәмеш, күйеу баласы Аймұрат саяси басқарма үштігінің шешімімен Ақтөбе түрмесіне қамалды. Олардың бәрі атылды. Ақишан ғана елге аман оралды. КАРЛАГ-та отырып шықты. Ахметнияз Атырау түрмесінен көзі көрмей оралды. Інісі Құсайын 40 жастан асса, баласы Сәмеш 19 жаста ғана болатын. 
Әшір Ахун әулетіне де бұл зұлмат оңай соққан жоқ. Өзі 80 жасынан асқанда Атырау түрмесіне қамалып, сонда дүниеден өтті. Немере інісі Молдаш Шананқұлов 14 жыл КАРЛАГ-та азап шегіп, жазасын өтеп келгесін ағасын жерлеген жерін көрсетті. Ол өз қолымен Гурьевтегі Баутин көшесінің басына жерлеп, жоғалып кетпесін деп темірді білдірмей жерге қадап кеткен екен. 
Ол жерге соғыс ардагері Әшірұлы Әбдікәрім ақсақал құлпытас қойғанмен талай мәрте билікке өтініш жазғанымен ескерткіш орнату мен қоршау қойдыра алмай өмірден өтті. Ақыры болмағасын Көкмешіттегі қорымға белгі қойды. 
Жалпы Әшір Ахунды Уфада оқыды деген жансақ айтылып жүр. Ол Стерлытамақтағы Бекмұханбет Қалпелермен бірге білім алады. Мұнда да үлкен діни оқу орны болған. 
Осы кезеңде Әшір Ахунның үлкен ұлы Азанқұл мен інісі Жұбаназар, немере інісі Молдаш, сосын Бейіш Темірбайұлы, Можырық Можаұлы, Ақишан мен Ахметнияз, Өскінбай Тапенұлы бірге ұсталып, Атырау түрмесінде бірге отырады. Олардан тек Өскінбай ғана аман құтылады. Ахметнияз зағип болып аман қалады. Қалғандары түрлі жазаларға кесіледі. 
Ұрпақтары дерегін білмей жүрген Азанқұл Әшірұлы Тұзтөбедегі НКВД түрмесінде 1943 жылы қайтыс болғанын қауіпсіздік комитетіндегі істен тұңғыш рет мен таптым. Інісі Жұбаназар Прорба түрмесінде өледі. 
Тірісінде елге тек жақсылық жасауға ұмтылған, жүрегі рухани қазынаға толы Әшір ұрпақтарының тағдыры осылайша түйінделеді. 
Бұл қуғын-сүргіннің соңғы құрбандары еді. 1953 жылы Сталин өлгеннен кейін олар түрмеден босатылып, ақтала бастады. 
Абдолла Хазірет пен Әшір Ахун ұрпақтарының талайлы тағдырларын тағы бір көтеруді азаматтық парызым деп білдім. Бүгінде олардың ұрпақтары елімізді көркейтуге өз үлестерін қосып келеді. Бәрі-бәрі өткенге салауат, тіріге қанағат деп тірлік етуде. 

Әбілхан Төлеуішов, 
Қазақстан журналистер одағының мүшесі,
Қызылқоға ауданының Құрметті азаматы.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT