"Таза Қазақстан" экологиялық акциясы аясында Исатай ауылындағы көп қабатты тұрғын үйлерге қарасты тұрмыстық қалдықтар алаңшасы осыдан тура 11 жыл бұрын салынған еді.
Алайда уақыт өте келе қоқыс алаңының қоршаулары тозып, санитарлық талаптарға сай келмей, ауыл экологиясына қауіп төндіре бастаған. Осыған орай, жергілікті атқарушы билік өкілдерінің бастамасымен қоқыс алаңшасы қайта жөндеуден өткізіліп, заман талабына сай жаңартылды. Жөндеу жұмыстарын «Aidar Group» жеке кәсіпкерлігі жүргізіп, нысан биылғы жылдың қыркүйек айында ел игілігіне пайдалануға берілді. Жөндеу барысында алаңшаның қоршауы толық ауыстырылып, кеңейтіліп, биіктетілді. Бұл өз кезегінде қоқыстардың желмен ауыл ішіне ұшып-шашылуының алдын алып, қоршаған ортаның тазалығын сақтауға айтарлықтай үлес қосады. Сондай-ақ, алаңша маңындағы эстетикалық көрініс те жақсарып, тұрғындарға жайлы жағдай жасалды. Теміржол көшесінің тұрғыны Назарова Мейрамгүлдің айтуынша, қоқыс алаңшасы ауыл тұрғындарының экологиялық сауатын ашуға жағдай жасайды.
– Бұл қоқыс алаңшасының жаңартылғанына өте қуаныштымыз. Бұрын қоршауы ескіріп, жел тұрса қоқыстар айналаға ұшып, ауылымызды ластайтын. Қазір бәрі ретке келтірілген, алаңша кеңейтіліп, биік қоршаулармен қоршалған. Ең бастысы – ауылымыздың тазалығы мен көрінісі жақсарды. Мұндай жұмыстар тұрғындардың экологиялық мәдениетін арттыруға да әсер етеді деп ойлаймын. Жағдай жасаған атқарушы билікке алғысымызды айтамыз,-деді ауыл тұрғыны.
Осылайша күнделікті өмірде аса маңызды саналатын тұрмыстық қалдықтар алаңшасының жаңғыруы – ауыл тазалығы мен тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған игі қадам болды. Мұндай жүйелі жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын тауып, ауылды экологиялық тұрғыдан таза, жайлы мекенге айналдыра түсері сөзсіз.
Еркебұлан ЗИНЕДЕНОВ


