Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауында еліміздің болашағы жасанды интеллект пен түбегейлі цифрлық өзгерістерге тікелей байланысты екендігін атап өтті. Бұл – еліміздің жаңа дәуірге қадам басуының айқын белгісі.
Әлемде туризм саласы үздіксіз дамып келеді. Бүгінде туристердің басым бөлігі сапарды онлайн брондау, мобильді қосымша арқылы бағытты таңдау, жасанды интеллектке негізделген аудармашы немесе гид қызметін пайдалануды әдетке айналдырған. Еліміз үшін де бұл үрдістен қалыс қалмау маңызды. Цифрлық технологияларды енгізу арқылы біз еліміздің табиғаты мен тарихи-мәдени мұрасын әлемдік деңгейде кеңінен насихаттай аламыз.
Аудан көлемінде, туризм саласы бойынша біраз жұмыс атқарылуда. Соның ішінде туристік инфрақұрылымды жан-жақты дамытуға, туризмді дамыту бойынша қызмет көрсететін кәсіпкерлік нысандарды қаржылай қолдау жұмыстары жүргізілді. Ауданымызда 1 этноауыл маусымдық мезгілде қызмет көрсетіп, 1 демалыс орнының құрылысы қолға алынды. Одан бөлек, «E-Qonaq» ақпараттық-цифрлық жүйесі енгізіліп, ауданымызға келген туристерді онлайн тіркеу мен олардың қозғалысын қадағалауға мүмкіндік беруде. «2GIS» және «Google Maps» цифрлық-геоақпараттық жүйелері іске қосылып, қызмет көрсету объектілері мен қонақ үйлер, кәсіптік нысандар және жол тораптары, маршруттар біртіндеп енгізілу үстінде.
Жолдауда туризм саласында кәсіби кадрларды құру, демалыс орындары мен болашағы зор туристік бағыттардың әлеуетін арттыру, туристерді тарту жұмыстарын қолға алу керектігі айтылды. Бұл бастамалар Қазақстанды аймақтағы заманауи туризмнің орталығына айналдыруға негіз болады. Әлемдік бәсекеге қабілетті болу үшін бізге цифрлық өзгерістерді қабылдап қана қоймай, оны тиімді қолдану қажет.
Тоғжан ОРЫНҒАЛИ,
аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі бас маманы