Атырау облысы полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі Айбол Ідірісов №27 орта мектептің жоғары сынып оқушыларымен «Есірткісіз болашақ» тақырыбында профилактикалық кездесу өткізді. Кездесу барысында оқушыларға қоғамдағы нашақорлықтың таралу себептері, оның адам денсаулығына, болашағына және жалпы қоғамға тигізетін кері әсері жан-жақты түсіндірілді. Сондай-ақ, есірткіге тәуелділіктің алдын алу жолдары, күмәнді жағдайлардан сақтану, бос уақытты тиімді әрі пайдалы өткізу, жеке қауіпсіздік ережелерін сақтау жөнінде нақты кеңестер берілді. Іс-шара аясында Кинология қызмет орталығының қызметкері Хан лақап есімді қызметтік иттің көмегімен есірткі заттарын анықтау барысын тәжірибе жүзінде көрсетіп, оқушылардың қызығушылығын арттырды. Бұл көрініс жасөспірімдерге құқық қорғау органдарының есірткі қылмысына қарсы күрестегі күнделікті жұмысы туралы нақты түсінік берді.
- Жасөспірімдер – қоғамның болашағы. Сондықтан олардың өмірге деген көзқарасын дұрыс қалыптастыру, қауіп-қатерді ерте жастан ажырата білуіне көмектесу аса маңызды. Осындай кездесулер арқылы біз оқушыларды заңға қайшы әрекеттерден сақтандырып, өз денсаулығы мен болашағына жауапкершілікпен қарауға шақырамыз, – деді полиция майоры Айбол Ідірісов.



