Өткен аптадан бастап «Атырау – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің ұйымдастырумен мемлекеттік құрылымдардың ашықтығын нығайту және әкімдер мен тұрғындар арасындағы байланысты оңтайлы орнату мақсатында «Әкімдер апталығы» өтуде. Онда Атырау облысына қарасты жеті ауданның әкімі онлайн түрде тұрғындарды толғандырып жүрген сауалдарына жауап береді. Онлайн-сұхбаттың алғашқы қонағы болған аудан әкімі Нұрсұлтан Бисембиев пандемия кезіндегі аудандағы ахуалды баяндады.
– Нұрсұлтан Орақұлы, алғашқы сауалымыз жалпы қазіргі таңда аудан тұрғындарының жағдайы қалай? Ауданға келгелі қандай өзгерістер жасай алдыңыз?
– Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К.Тоқаевтың халық үніне құлақ асатын мемлекет тұжырымдамасына сәйкес төтенше жағдай кезінде әкімдік тарапынан тұрғындар өтінішін аяқсыз қалдырмау мақсатында үнемі байланысқа шығып отырмыз. Ауданға әкім болып тағайындалғаныма алты айға жуықтады. Осы уақыт аралығында Қызылқоға халқының өмір сүру сапасын жаңа деңгейге көтеру және ауданның инфрақұрылымын одан әрі дамыту мақсатында жұмыстар қолға алынуда. Биылғы жылдың өзіндік ерекшелігі, өзіндік қиыншылығы болып отыр. Соған қарамастан біраз жобалық-сметалық құжаттар жасақталуда. Бірақ, қазіргі төтенше жағдайға байланысты кейбір жобалар кейінге шегерілуде. Жалпы, ауданда жағдай тұрақты. Төтенше жағдайға байланысты барлық міндеттемелер орындалып отыр.
– Аудан тұрғындарымен қаншалықты жиі кездесесіз? Қазіргі жағдайда аудан тұрғындарымен қалай байланысқа шығып отырсыз?
– Қазіргі таңда қабылдау белгіленген уақытта жүргізілмейді, қалаған уақытта қабылдауға дайынбыз. Қабылдап та жүрміз. Аудан тұрғындары «Телеграмм» әлеуметтік желісінде де сұрақтарын қойып, шешімін күткен мәселелерді ортаға салады. Әр күн тұрғындар сауалына жауап беруден, оны саралаудан басталады. Мониторинг жүргізіліп отыр. Халықпен байланыс жақсы. Аудан тұрғындарын толғандырып жүрген әр мәселеге бейжай қарамай, құлақ асып отырамыз. Төтенше жағдайға дейін ашық есік күндері жиі өткізіліп, тұрғындарды қабылдап отырдық. Аудан халқымен тиімді кері байланыс орнату, ашықтық, азаматтардың мұң-мұқтажына жедел назар аудару мақсатында Facebook әлеуметтік желісіндегі жеке парақшамда қызылқоғалықтардың тұрмыс-сапасын арттыру, ауылдардың қордаланған мәселелерін шешу бағытындағы алдағы жоспарларыммен бөлісіп, атқарылатын нақты іс-шаралар туралы ақпараттандырып келемін. Өңіріміздегі аса маңызды мәселелерді шешу жұмыстарын талқылауда азаматтық қоғамның мүмкіндіктерін кеңінен қолдану қажет деп есептеймін. Сондықтан да, азаматтық қоғамның негізгі тірегі болып табылатын – халықтың, оның ішінде қоғамдағы жекелеген топтардың ұсыныстары мен дәйекті пікірлерін жұмыс барысында әрдайым ескеретін боламыз.
– Пандемия кезінде қандай жұмыстар атқарылды. Карантин енгізілді ме? Сақтандыру шаралары қалай жүзеге асырылды?
– Төтенше жағдай кезінде ауданға карантин енгізілген жоқ. Карантин тек Атырау қаласына енгізілді. Ауданда осыған байланысты шектеу шаралары ғана енгізілді. Бүгінде бұл шектеулер күшінде. Шектеулер кезінде азық-түлік дүкендері, дәріханалар өз жұмысын жалғастырды. Сондай-ақ, аудан орталығына, ауылдар арасында көлікпен қатынауға да шектеу қойылды. Яғни, арнайы құжаты бар тұрғындардың ғана қатынауына рұқсат берілді. Мамыр айынан бастап азық-түлік дүкендері, дәріханалардан басқа кәсіпкерлік нысандары белгіленген уақытпен өз жұмыстарын бастады. Мерекелік шаралар, отбасылық отырыстар, той, еске алу жиындарын өткізуге тыйым салынды.
– Ауданда баға тұрақтылығы қандай денгейде? Шекті бағаны өсірген кәсіпкерлерге қандай шара қолданылды? Бетперде, антисептик секілді медициналық сақтану құралдары ауданда жеткілікті деңгейде болды ма? Дезинфекция жұмыстары қалай жүргізілді? Оған қаржы бөлінді ме?
– Әлеуметтік маңызы бар тоғыз түрлі тағамға шекті баға енгізілді. Десе де, ауданда шекті бағаны өсіріп сатқан кәсіпкерлер болды. Оның өзіндік себептері бар. Негізінен, ауданға азық-түлік Атырау, Ақтөбе қалаларынан тасымалданады. Қазіргі таңда шекті бағаның өспеуін қадағалап отырмыз. Баға тұрақты. Бастапқыда баға өсімі болды. Кәсіпкерлерге тиісті сала мамандары, мәслихат депутаттары түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, қазіргі уақытта бұл мәселе шешімін тауып отыр. Бастапқыда бетперде, антисептик жетіспеушілігі байқалды. Бұл мәселе де өз кезегінде шешімін тауып, дәріханаларда қажет кезінде табылып отырды. Сонымен қатар, еріктілердің көмегімен 11 мыңнан астам бетперде тігіліп таратылды. Мұның өзі мәселенің шешімін табуына өз септігін тигізді. Яғни, төтенше жағдай кезінде аудан еріктілері жақсы жұмыс атқарды. Жыл басында ауданда осындай жағдайға байланысты қаржы қарастырылып, соның есебінен дезинфекциялық құралдар, дихлорлар алынды. Адам көп орналасқан Миялы, Сағыз, Мұқыр ауылдарына толықтай дезинфекция жүргізілсе, қалған округтердің халық көп шоғырланатын жерлеріне дезинфекция жасалды.
– Қашықтан оқыту жүйесі қаншалықты оңтайлы шешілуде? Интернет желісі тартылмаған ауылдар бар ма?
– Аудан бойынша 2019-2020 оқу жылының ІV тоқсаны 6 сәуірде барлық 18 мектепте қашықтан оқыту әдісі бойынша басталды. Аудан мектептеріндегі барлық бала саны – 6263, ал мұғалімдер саны – 941. Он сегіз мектептің екеуінде Т.Жанұзақов және Тасқұдық бастауыш мектептері интернет желісі жоқ болғандықтан «Балапан», «Еларна», «Қазақстан» телеарналары және «WhatsApp» қосымшасы арқылы оқытылуда. Қалған 16 мектептің оқушылары аталған телеарналардан бөлек, «Daryn.onl.», «Kundelik.kz», «Bilimland» онлайн білім платформалары арқылы білім алуда. Қазіргі уақытта аудан бойынша үй жағдайында компьютер қажет ететін 194 отбасы анықталып компьютерлер таратылып берілді. Сонымен қатар үйінде компьютері жоқ 14 мұғалімге сұраныстарына қарай мектептердегі компьютерлер берілді. Сондай-ақ, демеушілердің көмегімен үш оқушыға смартфон алынып, табыс етілді. Қажет болған жағдайда сұранысқа сай басқа оқушыларға да компьютер беріледі. Бастапқыда қашықтан оқыту мәселесінде проблема болған. Қазіргі таңда бір ізге түсті. Ата-ана, оқушы, мұғалім барлығы да түсінушілікпен жұмыс атқаруда.
– Халыққа қызмет көрсету орталықтары қазіргі таңда онлайн режимге көшті. Аудан тұрғындары бұл қызметті қалай қабылдады? Ауданда әлеуметтік сақтандыру қорынан бөлінген 42 500 теңгеге өтініш білдіргендер саны қанша?
– Бұл мәселелер аудандық әкімдіктің күнделікті бақылауында. Бастапқы кезде, тұрғындар жұмыссыздыққа тіркеле алмай, электронды құжат тапсыруда көп қиналды. Осы мәселе оң шешімін табуы үшін әрбір ауылдық округтен жауапты маман бөлініп, тұрғындар электронды сандық қолтаңба алып, үйде отырып жұмыссыздыққа тіркеліп, қажетті құжаттарын тапсыруды өздері атқаруда. Қазіргі таңда, елімізде орыналған төтенше жағдай кезінде халықтың цифрлық сауаттылығы артып, тұрғындар электронды қызметтер алу, өтініштерді электронды тапсыру, банктер қызметін онлайн пайдалануды меңгергенін баса айту қажет. Ауданда әлеуметтік сақтандыру қорынан бөлінген 42500 теңгеге өтініш білдіргендер саны 5 132 адам болса, оның 4 958-і қанағаттандырылып, 4 865-і төлем алды.
– Төтенше жағдай ашылған жағдайда тұрғындар қауіпсіздігін сақтау мақсатында қандай шаралар жүзеге асырылады?
– Қазіргі жағдайға байланысты аудандық бас санитардың қаулысы бекітілген. Төтенше жағдай ашылғаннан кейін де тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ауданымызда сақтық шаралары сақталатын болады. Осы ретте, аудан халқын санитарлық сақтық шараларын ұдайы жүргізуге шақырамын.
– Ауданның медицина саласын қалай бағалайсыз?
– Медицина саласы мен көрсетілетін медициналық қызметтер сапасы қазіргі уақытта басты бақылауда. Ауданда маман тапшылығы басты мәселе болып отыр. Яғни, ауданда медицина саласы бойынша алты дәрігер жетіспейді. Әкімшілік тарапынан келген мамандарға барлық жағдай жасау қарастырылып отыр. Алдағы уақытта қажетті дәрігер маман тартуды жолға қоюды ойластырып жатырмыз. Осы уақытқа дейін ауданға «Дипломмен ауылға» бағдарламасымен келген мамандар тұрақтамай кетіп қалуда.
– Жаз айларында ауыз су уақытпен беріледі. Бұл Мұқыр, Сағыз, Миялы, Жангелдин ауылдарындағы басты мәселе. Осы мәселе қалай шешімін табуда? Биыл ауызсу уақытпен беріледі ме?
– Ауыз су мәселесі біздің аудан үшін өзекті мәселенің бірі. Биылда ауызсу уақытпен беріледі. Оның өзіндік себебі бар. Қызылқоға ауданы облыс бойынша толықтай жер асты суын пайдаланатын жалғыз аудан болып саналады. Аудандағы он ауылдық округті қамтамасыз ететін төрт су қоры бар. Жангелдинжәне Миялы ауылдары «Қарасу» су қоры арқылы ауызсумен қамтамасыз етіліп отыр. Аталған су қорында жыл сайын су мөлшері азайып барады. Оған себеп өр суының тасымауы. Сондай-ақ, алты ұңғыма болса, екі ұңғымасы жұмыс істемей отыр. Осы себептен, «Қарасу» су қорына мамыр айынан бастап жер асты ұңғымаларынан жеткілікті деңгейде су жиналмай отыр. Бар жиналған су толығымен халыққа жіберілуде. Соған сәйкес, «Тайсойған-Миялы» топтық су құбырын тартуға биыл облыстық бюджеттен жоба жасақтауға қаржы бөлініп, мемлекеттік сатып алу өткізіліп, жеңімпаз мекемемен келісім шартқа отырдық. Жылдың аяғына дейін жоба жасақталуы керек. Осы жұмыс аяқталғаннан кейін су құбырын салу жұмысына 2021-2022 жылдары қаржы бөлінуіне байланысты кірісетін боламыз. Ал, Сағыз, Мұқыр ауылдарында ауызсу жыл бойына уақытпен беріледі. Ауыл тұрғындары ауыз суды «Кереген» су қорынан алады. Мұнда су қоры жеткілікті болғанымен, ұңғыма саны жеткіліксіз болып отыр. Үш ұңғыма қазуүшін жоба жасақталды. Ұңғыма қазылған күннің өзінде ауылды толықтай ауызсумен қамту мүмкіндігі аз. Өйткені, Сағыз ауылында су айдау стансасы төмен орналасқан. Үшінші ауылдан су айдау стансасы керек. Осы мәселені шешу үшін ауылдың биік жерінен су айдау стансасын салу үшін жылдың басында жергілікті бюджеттен жоба жасақтауға қаржы бөлініп, мемлекеттік сатып алу өткізілуде. Жоба жасақтауды жылдың аяғына дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз. 2021-2022 жылдары қаржы бөлінуіне байланысты құрылыс жұмыстарын жүргізетін боламыз. Осы екі мәселе шешілсе аудан халқы толықтай ауызсумен қамтылмақ. Сондықтан, осы мәселеге аудан тұрғындарының түсіністікпен қарауын сұраймын.
– «Индер-Қарабау» тасжолы Қарабау ауылына жетіп тұр. Биыл жалғаса ма? Сонымен қатар, «Миялы-Сағыз» тасжолының сапасы сын көтермейді. Осы орайда, биыл тасжолға жөндеу жүргізіледі ме?
– «Миялы-Сағыз» тасжолының сапасы қанағаттанарлық деңгейде болуына байланысты, қазіргі таңда жөндеуден өткізуге қаржы қарастырылмаған. Ал, «Индер-Қарабау» тасжолын салу – үлкен жоба. Индерден Қарабауға дейінгі 80 шақырымдық тасжолдың құрылысы енді басталады. Құрылыс жұмыстары Индерден Қарабауға қарай жүретін болады. Жоба 2021 жылы бітуі керек болғанымен, қаржы мәселесінің бөлінуіне келіп тіреледі. Қаржысы шешілген жағдайда уақытында бітуі мүмкін. Жоба құны 24 миллиард.
– Сыбайлас жемқорлыққа қарсы көзқарасыңыз қандай?
Кез-келген өркениетті қоғам үшін сыбайлас жемқорлықпен күрес ең өзекті сұрақтардың бірі болып табылады. Біздің басты мақсатымыз – азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, сыбайлас жемқорлық көріністерінен туындайтын қауіп-қатерден қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, жемқорлыққа байланысты құқық бұзушылықтың алдын-алу, олардың жолын кесу және болдырмау болып табылады. Мемлекеттік органдар сыбайлас жемқорлықпен күресті жүйелі түрде жүргізіп, жемқорлықпен күрестің алдын-алу бағытында ішкі талдаулар жасауда, олардың нәтижесі туралы баспасөз беттерінде, телеарналар мен әлеуметтік желілер арқылы қоғам мүшелері ақпараттандырылып келеді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейту мақсатында «Атырау – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің ауданымызда филиалы ашылып, өз жұмысын бастайтын болады. Алдағы уақытта аудандық әкімдік пен «Атырау – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің аудандық филиалы бірлесіп, мемлекеттік қаржының мақсатты жұмсалуы, мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдар қызметіндегі тәртіп пен реттілікті нығайту, мемлекеттік органдар қызметінің ашықтығы мен қоғам алдындағы есептілігі қағидаттарын қамтамасыз ету бағытында тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасайтын боламыз.
– Әңгімеңізге рахмет! Жұмысыңызға сәттілік тілейміз.
Дайындаған, Гүлмира МАҚСОТҚЫЗЫ