Бір гүл өсірсең де – әдемі өсір. Бұл – әуесқой гүл өсіруші, атыраулық кәсіпкер Зарипа Юсупованың өмірлік ұстанымы. Тәуелсіздік жылдары елде кәсіпкерлікке кең жол ашылып, талай азамат өз ісін бастағаны белгілі. Солардың қатарында нәзік гүл әлемін кәсіпке айналдырған Зарипа Юсупова да бар.

Үй жағдайында бөлме гүлдерін өсіруден басталған әуестік бүгінде тұрақты кәсіпке ұласып отыр. Қолмен күтіп-бапталған гүлдер қазір нарыққа шығарылып, көптің сұранысына ие. Бұл – тәуелсіз елде өз ісін дамытуға мүмкіндік алған еңбекқор жанның нақты нәтижесі.
Гүл – адам жанын тыныштандырып, ерекше әсер сыйлайтын тірі әлемнің бір бөлшегі. Алайда оны дұрыс күтіп-баптау екінің бірінің қолынан келе бермейді. Ал «Gulder_alemi 1» деп аталатын кәсіп орнында жайқалып тұрған гүлдер – Зарипа Юсупованың тынымсыз еңбегінің, мейірім мен ықыласқа толы күтімінің нәтижесі.
– Гүл өсіруге деген қызығушылығымның өзіндік тарихы бар. Жеті-сегіз жыл бұрын үйдегі замиокулькас гүлінің бір жапырағы түсіп қалып, оны топыраққа көміп, тамырландырудан бастадым. Күтім жасап, өсіріп, көбейттім. Кейін фикус, драцена, бамбук, шефлера, тас ішіндегі раушан, «әйел бақыты», «ер бақыты» секілді гүл түрлерін өсіруге кірістім. Үйімдегі гүлдерді көрген жандар қызығушылық танытып, сұраныс арта түсті. Осылайша өз қолыммен баптаған гүлдерді қолжетімді бағамен сатылымға шығара бастадым, – дейді кәсіпкер.

Шынында да, әр гүлдің күтімі мен өсіру тәсілі әртүрлі. Осы бағытта Зарипа Юсупова жинаған тәжірибесімен де бөлісті.
– Гүлдің тілі жоқ болғанымен, ол да тіршілік иесі. Су мен құнарлы топырақтан бөлек, ерекше мейірім мен ықыласты сезеді. Сондықтан гүлді күтіп-баптауда оны уақытылы суарып, топырағын қопсытып, тыңайтып, шаңын сүртіп, үнемі назарда ұстау қажет. Сонымен қатар әр гүлдің күтіміне тән ерекшеліктер бар. Мәселен, сансеверия бөлмеге оттегін көбірек бөлетін өсімдік. Ол ылғалды көп қажет етпейді, айына бір рет суарса жеткілікті, – дейді ол.

Кәсіпкердің айтуынша, гүлдің орналасатын орны мен жарықтың түсуі де аса маңызды. Фикус – тез тамырлап, жақсы өсетін гүл. Оның бірнеше түрі бар. Күтіміндегі басты талап – топырағын құрғатып алмау және зиянкестерге қарсы арнайы препараттарды қолдану.

– Гүлді суарғанда бөлме температурасындағы суды пайдалану керек. Ал еденде тұрған гүлдердің тамыры тез тоңғыш келеді. Сондықтан оларды биіктеу ыдысқа отырғызған жөн, – дейді З.Юсупова.

Көпшілік арасында гүлдерге қатысты түрлі наным-сенім де бар. Алайда кәсіпкер бұл мәселеге байыппен қарайды.

– Жақсылыққа сену – әрине, жақсы. Бірақ дұрыс күтіп-бапталған кез келген гүл жайқалып өседі. Үйіңізде немесе кеңсеңізде гүлдер жақсы өсіп тұрса, ол жердегі атмосфера да жағымды болады, – дейді ол.

Тәуелсіздік – еңбек етіп, кәсібін дамытамын деген әр азаматқа берілген үлкен мүмкіндік. Зарипа Юсупованың гүл өсіру ісі – соның жарқын дәлелі. Тәуелсіз елде тамыр жайған бұл кәсіп алдағы уақытта да кеңейіп, талай жанға шабыт сыйлары сөзсіз.
Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА
Суреттерді түсірген автор



