Атырауда экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған «Таза Қазақстан: Иман. Ынтымақ. Тазалық» тақырыбында кездесу өтті. Келелі жиынға облыстық Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Нұрлан Жантоқов, түрлі дін өкілдері, облыс және қала мәслихаттарының депутаттары, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, экобелсенділер мен үкіметтік емес ұйым жетекшілері қатысты, - деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Рухани тазалық пен экологиялық мәдениетті ұштастыру мақсатында ұйымдастырылған іс-шарада Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Нұрлан Жантоқов аймақта атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, «Таза Қазақстан» тұжырымдамасы аясында жүзеге асырылып жатқан жобалар жөнінде кеңінен баяндады. Оның айтуынша, бұл бастама тек жергілікті деңгейде емес, ұлттық құндылықтарға негізделген ортақ міндетке айналып отыр.
- Елімізде былтырдан бері “Таза Қазақстан” экологиялық акциясы аясында бірнеше іс-шара өтті. Бұл бағытта Атырау облысында да жүйелі жұмыстар жүргізілуде. «Таза Қазақстан» тұжырымдамасы әзірленіп, осы бастама төңірегінде тазалық акциялары, сенбіліктер, экологиялық білім беру жобалары қолға алынуда. Бұл тек тазалықты сақтау емес, әр азаматтың туған жердің табиғатты қорғауға деген жауапкершілігін ояту, - деді Н.Жантоқов.
Кездесу барысында «Иманғали» орталық мешітінің бас имамы Болатбек Абуов, Успен шіркеуінің діни қызметкері Александр Ермаков, Римдік-католиктік Апостол әкімшілігінің өкілі Штефан Белко өз баяндамаларын жасап, діннің табиғатты аялауға, тазалықты сақтауға, бейбітшілік пен бірлікке үндейтін рухани негіздерін түсіндірді. Олар өз сөзінде табиғатты қорғау — Жаратушының аманатына адал болу екенін ерекше атап өтті.
- Иман – адамның жүрегіндегі сенім. Ол тазалықпен, адалдықпен, әділетпен ұштасады. Табиғатты аялау – иманды адамның ісі,– деді Б.Абуов.
Атырау облысы Ішкі саясат басқармасы “Қоғамдық келісім” мекемесі ұйымдастыру бөлімінің бас сарапшысы Мұратбек Сәттіғұл Ассамблея жастарының экологиялық жобаларға белсенді атсалысып жүргенін тілге тиек етті. Оның айтуынша, жаңа буын – елдің экологиялық санасын қалыптастырып жатқан көшбасшылар.
Жиын соңында «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында Атырау облысы әкімдігі мен дін өкілдері арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою рәсімі өтті. Бұл құжат – дін мен мемлекеттік құрылымдардың табиғатты қорғау бағытында бірлескен жауапкершілігін білдіретін маңызды қадамдардың бірі.