Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Татулық пен келісім – өрлеу кепілі

Мемлекет басшысы «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Халқымыз қашанда кең пейілімен, толеранттылығымен ерекшеленген.

Еліміздің басты құндылығы – бірлік пен келісім ең алдымен, осы қасиеттердің арқасында сақталып отыр. Қазақстанда тіліне, дініне, ұлтына, әлеуметтік жағдайына және басқа да себептерге байланысты ешкімге ешқандай қысым жасалмайды, жасалуы да мүмкін емес. Біз үйлесімді, әділетті әрі тұрақты қоғам құру ісін жалғастыра береміз. Біз – озық ойлы ұлтпыз. Сондықтан алысты көздеп, түрлі арандатушылық әрекеттерден биік тұруымыз, парасатты ел екенімізді танытуымыз және тек заңға арқа сүйеуіміз керек», деп атап өтті.

Татулық пен келісім – алға өрлеудің кепілі. Қазақ халқы бірлігімен, ұлттық бірегейлігімен еліміздегі татулық пен келісімнің кепілі болып келеді. Себебі 20 159 707 адамның 14 220 321-і, яғни, 71%-ы қазақтар. Үлкен жүкті көтеру жауапкершілігі барлығымызға артылған зор міндет. Оны атқару үшін: өзімізді-өзіміз біліп-тануымыз керек. Біз кімбіз, қайдан шықтық, мемлекеттігіміз, жеріміз жөніндегі мағұлмат әрқайсымыздың жадымызда сайрап тұратын мәліметтер. Ол үшін біріншіден – түп-тамыр тарихымызды білмей, өлкемізді танымай мәселені шеше алмайтынымзды көрегенділікпен білген Президентіміз Қ.К.Тоқаев қазақ елінің көне заман, өткен дәуірлерден басталған тарихын зерттеп 7 томдық кітап даярлауды шет елдік 60 ғұлама қатысқан 250 ғалымдарға тапсырды, ол мәселе оң шешімін табуда. Бұл бастаманы барша қазақстандықтар қолдады. Қазақ елінің батыс қақпасындағы құрманғазылықтарда дүбірлі құбылыстардан кенже қалмай өлкеміздің өткені мен бүгінгісінен сыр шертер 3 томдық кітап жарық көрді. Ауданымызды жан-жақты толық тану жолында округтердің шежіресін тиянақты даярлау алдағы қомақты ісіміз. Онда Жолдауда айтылғандай өзара бірлік пен келісімде қоян-қолтық өмір сүріп жүрген барлық ұлттар қамтылуға тиісті. Көп ұлтты мемлекет ретінде әсіресе орыс халқымен талайлы тағдыр жазуында төрт ғасырға жуық уақыттан бері тарих жүгін бірге тартып келеміз. Бұқара халықтар бір-бірін жатсынбай сыйласып, туыстай араласып өмір сүргендері шындық, оны көрдік те. Даладағы қазақтың селодағы орыс жолдасын «Тамыр» деп бір-бірімен сағынып құшақтаса көріскен жарасымды өмірлерінің куәсіміз. Ол жалғасын табуда. Қазіргі Ресей мемлекетінің көрші елге жәйсіздігі, арасында бізге де көз алартуы ұлы державалық шовинизмге берілген басшыларының көңілінен шығуға тырысқан жәпөкөйлердің қылықтары. Оған сыр алдырмау біздің ұстамдылығымыздың жемісі.

Бүгінгі таңда жарқын болашағымыз үшін көршілерімізбен шамданған кикілжіңнен гөрі, келісімді қатынасымыз маңыздырақ.

Екіншіден, Президентіміз қазақ елінің кеңістігіне ендірген «Адалдық», «Әділдік», «Халықты тыңдайтын мемлекет» идеясын жүзеге асыру. Бұл кешегі Жолдауда да айтылды. Түркістан қаласында өткен Ұлттық құрылтайдың екінші отырысында «Жаңа Қазақстанды адал адамдар құрайды» дегені іс басындағы басшыларға, мемлекеттік кызметкерлерге әр кезеңде де адал болуды тапсырғаны. Оны әдейі құрылған органдармен бірдей дәрежеде көреген халықтың бақылауынан тысқары қалмауына шақырғаны. Мемлекет қаржысын сақтау, сол қаржыны бөлетін, жұмсайтын басшылардың ғана қолында.

Сондықтан да зор сенімге ие болған жоғарғы лауазымдағы адамдардың тазалығы бүкіл ұлтқа әсер ететінін сезінгенде халқымызда да саналық өзгеріс енеді. Атырау қаласында өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында «Әділдікке» баса назар аударылды. Әділеттілік барлық халыққа ортақ болса да оны жүзеге асыратын билік басындағы адамдар. Кадрларды тәрбиелеу, сайлауды әділ өткізу сол кісілердің оң ниеттеріне, тазалығына тікелей байланысты. Қолдары таза, пиғылдары ақ басшы еліміздегі адалдық пен келісімнің кепілі – яғни алға өрлеудің негізгі шарттары. Жолдауда Президентіміз: «Саяси және қоғамдық болмысымыз, менталитетіміз және мәдени кодымыз өзгере бастады. Бір сөзбен айтсақ, Әділетті Қазақстан құрылып жатыр. Мұның бәрі, ең алдымен, халықтың қалауымен жасалуда. Сондықтан біз алған бетімізден қайтпаймыз, бағытымыздан таймаймыз» деген болатын.

Үшіншіден – дініміз. Асыл дініміздің пәктігін сақтай алмайтын жәйттеріміз баршылық. Бұл саладағы халқымыздың білімінің төменшек тұстарын жат діндердің пайдалануына жол беріп алып жүрміз. Имамдарымыздың жамағаттың діндік сауатын ашар уағыздары тапшы. Әсіресе мүрдені жөнелтудегі айтарлары төрт парыздан аспайды. Жаназа алдында 2-3 минут дініміздің артықшылығын жеткізіп ой салар сөздер айтуға болмас па еді?! Оның да бір септігі тиері анық. Бұл дін саласында жүрген азаматтардың ел келісімін арттырудағы мойындарындағы жүк. Төртіншіден – тіл! «Мен қазақпын», деген адамдардың тәңір сыйлаған байлығын шұбарландырмай келер ұрпаққа жеткізу парызы. Өнер мен мәдениетте ұлттық нақыш айқындалып тұруы, салт-дәстүрді сақтау өз болмысымызды биіктетіп ел алдындағы қарызымызды өтеуге бастар жол. Қазақ халқы осы үрдістен көрінсе әлемдегі дамыған ұлттардың қатарынан табылады. Республикада өзге ұлттарды татулық пен келісім жолына жан-жағына ұйыстырып жетекшілік деңгейге шығады. Өзге 130 ұлт өздерінің өркендеуін қазақ халқының дамуымен тығыз байланыстырса, көшбасшылығын мойындап, дәріптей, дамуына үлесін қосуға ұмтылса, еліміздің жарқын болашағының кепілі болмақ. Қазақ елі ат аударысқан заманның дүмпуімен елімізге қоныстаған барлық ұлттардың тең дәрежеде өмір сүріп салт-дәстүр, өнерін дамытып, хал-ахуалын түзеуге толық жағдай жасады. Өз кезегінде оларда қазақ халқының тілін, дінін, ділін дамытуға, жақсылыққа- жақсылықпен жауап беріп қомақты үлес қосуға міндетті. Сонда ғана татулық пен бірлік бізді алға бастайды. Сонда ғана ұлттар арасындағы келісім гүлдеп, өрлеуімізге кең жол ашылары анық. Сөзімнің соңын Президентіміздің Жолдаудағы: «Біздің ұзақ мерзімге арналған даму жолымыз – айқын. Биік мақсаттарымыз бар. Оған жету үшін, ең алдымен, ел бірлігін сақтай білуіміз керек. Бір-бірімізге қолдау білдіріп, құрмет көрсетуіміз қажет», деген сөздерімен аяқтағанды жөн көрдім.

Өмірзақ Қажымғалиев,

Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT