АСТАНА. KAZINFORM — Жыл сайын тасқынның себебімен емес, тек салдарымен күресе берсек, ешқандай бюджеттің ақшасы жетпейді.
Бүгін Парламент Сенатында көктемгі су тасқынына дайындық мәселелері бойынша Үкімет сағаты өтіп жатыр.
— Әр көктемді уайыммен күту біздің әдетімізге айналды. Былтыр естен кетпейтін апатты бастан кештік, қарғын су қарқыны қатты болды. Қаншама үй, жол, көпір, әлеуметтік-коммерциялық нысандар зардап шекті. Мыңдаған отбасының шырқы бұзылды. Бұл зиянның бір парасы ғана. Президенттің араласуымен шұғыл шаралар қабылданды. Үйлер салынды, зардап шеккендерге көмек көрсетілді, инфрақұрылым қалпына келтірілді. Бизнес те өз көмегін аямады. Дегенмен, су тасқынына толығымен дайын болғанымызда көбінің алдын алуға болар еді. Егер жыл сайын тасқынның себебімен емес, тек салдарымен күресе берсек, бізге ешқандай бюджеттің ақшасы жетпейді, — деді Сенат төрағасының орынбасары Жақып Асанов.
Оның айтуынша, қазірдің өзінде көктем келмей жатып, Ресейдің кей өңірінде су тасқыны басталуда. Синоптиктер мұны бір ғасырда болмаған жағдай деп отыр. Шекаралас Орынбор, Орск, Омбыда су арнасынан шығып, маңайын басуда.
— Демек ол топан су көп ұзамай бізге де келеді. Осыған орай, Президент бірнеше міндет қойды: су қоймаларын жөндеу немесе жаңадан салу, суару каналдарын ретке келтіру, ғарыштық мониторингті барынша пайдалану, қауіп бар жерлердің картасын жасау, сол жерлерде мүлік сақтандыруды жаппай енгізу. Әрине жасалатын жұмыс көлемі өте ауқымды. Қаншама су нысандарын қалпына келтіру керек, қанша бөгенді күшейту керек, ғылым жетістігін де ескеруіміз керек. Тасқын болса, әр адам не істеу керек? Іс-қимыл алгоритмі қандай болғаны дұрыс? Осы бағытта құзырлы органдар не істеп жатыр? Мұның бәріне жауапты бір орган емес, бірнеше орган бар, — деді спикер.
Бүгін айтылған орынды идеяларды Парламентте қаралып жатқан жаңа Су кодексіне қосу ұсынылды.
— Қазір сіздер былтырғы еңбекті айтуға тырысасыздар, оның бәрін естідік, білеміз. Басты назар превентивті шараларға арналсын. Жалпы, батылдықпен, қайсарлықпен, ерлікпен апатпен күрескеннен гөрі оны болдырмау әлдеқайда маңызды. Сонда халқымыз да қиналмайды, артық күш те жұмсамаймыз, қосымша қаржыны талап етпейміз, — деді Сенат төрағасының орынбасары.
Айта кетейік, еліміздің 4 министрлігі бірлесіп, су тасқынын болжауға және модельдеуге мүмкіндік беретін Tasqyn ақпараттық жүйесін әзірлеуде. Tasqyn жүйесі бойынша алғашқы су тасқыны болжамы ақпан айында жарияланады.
Сондай-ақ, Қазақстан мен Ресей шекарадағы өзендерде су тасқынына дайындалып жатыр.