Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Сенген бақташымыз "арақ" ішіп кетеді...

Малшыға шаруа қожалықтары да зәру. Жұмыс барысымен шаруашылықтарды аралап, шаруагерлерден қандай түйткілді мәселелері бар екенін сұрағанда олар алдымен қалыпты жұмыс істеу үшін қойшының, бақташының, механизатордың және сауыншының қажет екендігін тілге тиек етеді.

Бүйрек құмында орналасқан «Медет» шаруа қожалығының жетекшісі Жолдас Қарабалинның айтуынша, мемлекет тарапынан қолдаудың жеткілікті болғанымен, мал бағуға адамның келмеуі шаруашылықты өркендетуге кедергі келтіріп отыр. Бағатын адам болмағасын иеліктегі қой малын түгел сатып, ірі қара мен жылқыны ұстап қалған. Негізінен бақташының міндеті – таңертең малды өріске айдап әкетіп, кешке түгендеп әкелу. Ал, малы сәл кешіксе бақташыдан көріп, оған кінә артатындар да жетерлік. Біраз жылдардан бері Миялы ауылында тұрғындардың сауын сиырын бағып жүрген бақташы Амангелді Қазмағамбетов:

– Мал бағу оңай көрінгенімен оның да басқа мамандықтар секілді қиындықтары бар. Кей адамдар таңертең өріске айдап әкетіп, кешке жинақтап кейін әкелудің не қиындығы бар деп түсінеді. Ат үстінде жүру денсаулыққа пайдалы болғанымен күн ұзаққа жүру оңай емес. Ең бастысы бақташылыққа малдың жағдайын жақсы білетін немесе малшының баласы шығуы керек деп ойлаймын. Өйткені, атқа мінбек түгілі жылқының қасына жақындай алмайтындар қазіргі уақытта жетерлік. Жылқы ұстаушылар көбейгенімен, солардың барлығы да атқа міне алады деп айта алмаймын, - дейді.

- Әдеттегідей көктем шыға иелігіміздегі бойдақ малды алты ай жазға бағымға тапсырып, сауын сиырды бақташыға қосатынбыз. Бастапқы кезде бәрі жақсы, ертеңгілік айдап әкетіп, кешкісін әкеледі. Бірер айдан соң күндізгі мезгілде бақташымыз ауылда садақаларда, қала берді кафе-барларда, ауыл арасында арақ ішіп жүретін болды. Ал, таңертең айдап әкеткен малымыз қараңғы түсе өздері келеді. Күз болғанда түнеп қалып жүрген малымыз там-тұмдап жоғалады немесе ит-құсқа жем болады. Арамызда келісімшарт болмағасын бақташы жоғалған малға жауап бермейді. Ал, ақшасын алуға келгенде уақытынан кешікпейді. Бұл жағдай жыл сайын қайталана берген соң, бақташыға босқа ақша берудің қажеті қанша деген ниетпен бір Аллаға тапсырып өз бетімен қоя береміз,- дейді миялылық Қаныбек есімді азамат.

Бұған бақташылардың да айтар уәжі бар. «Тұрғындардың көбі малдарын қорасының есігінен шығарып жіберіп, есіктің алдынан күтіп алады. Сәл кешіксе немесе үйіне бармай бұрылып кетсе малым қайда деп іздеп келеді. Негізінен әр тұрғын малды ертеңгілік бақташының алдына салып, кешке күтіп алуы тиіс. Бағым ақысын уақытында бермейтіндер де бар. Берсе де кешіктіріп, созбалаңға салады». Міне, екі тараптың таусылмас жыры осылай жаздай жалғасады.

Бауыржан БЕРДІҒАЛИЕВ

Сурет: ашық дереккөзден

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521