Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Пітір садақа қалай беріледі?

«Қызылқоға» газетінің алдыңғы санында (№16 (7168) 16 сәуір, 2020 жыл) 24 сәуірде Рамазан айының бірінші күні басталатындығы жазылды.

Рамазан айының басталуын нақты анықтау шариғи үкімдер мен астрономиялық есептер негізінде жүзеге асады. Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Оразаны айдың тууына қарап бастап, айдың тууына қарап аяқтаңдар. Егер ай көрінбесе, шағбан айын отыз күнге толтырып, бастай беріңдер», - деген. Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы рамазан айының басталуы жөнінде халықаралық астраномиялық зерттеу орталықтарының мәліметтеріне сүйеніп, Мысыр, Түркия, Ресейдің, Өзбекстан және Қырғызстан мұсылмандары діни басқармаларының ұстанымдарын ескере келе, биыл рамазан айын елімізде 24 сәуір күні бастауға шешім қабылдады. Сонда шағбан айы 29 күн болып аяқталады, ал рамазан айы 30 күнге жалғасады. 24 мамырда Ораза айт намазы оқылады.

Оразаны кімдер ұстамауға болады?

Рамазан айының артықшылығы туралы Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Бұл айда жәннат есіктері ашылып, тозақ есіктері жабылады, жын-шайтандар кісенделеді», «Ораза тұтқан адамның алдыңғы және кейінгі күнәлары кешіріледі», «Қиямет күні ораза тұтқан адамның ауызының иісі Алланың алдында хош иісті мисктен, сөзсіз, артық болады» - деген (Бұхари, Муслим). Осы орайда, жолаушыларға, сырқаттанған немесе денсаулығы нашар адамдарға, жүкті немесе омырауда баласы бар әйелдерге ораза тұтуды киінге қалдыруға шариғат рұқсат береді. Дегенмен, тұтылмаған оразаның қазасын өтеу парыз. Кәрілік немесе айықпайтын ауру себебінен ораза ұстауға шамасы келмейтін адамдар оразаның әр күні үшін підия береді. Биыл бір күннің підиясы 1700 теңге деп белгіленді. Ол орта есеппен бір адамның таңғы және кешкі ас немесе оның құнына тең қаражат. Дінімізде жағдайы жоқ адамдардан підия талап етілмейді. Жағдайы жоқ санатқа жататын адамдар негізгі табысы жоқ жұмыссыз адам.

Пітір садақа мөлшері қанша?

Биыл бір адам атынан берілетін пітір садақа мөлшері 370 теңге болып бекітілді. Пітір садақаның құны еліміз бойынша есептегенде 2 келі ұнның нарықтық орташа бағасымен шығарылады. Материалдық мүмкіндігі бар адамдардың пітір садақаны мейіз, яғни кішіміш (3920тг) немесе құрма (9400тг) құнымен бергені абзал. Қадірменді ағайын! Жылда өздеріңізге белгілі рамазан айында пітір садақасын мешітке құран оқыту арқылы беретінбіз, биыл еліміздегі төтенше жағдайға байланысты мешіттің шарбағы алдында сыртқа арнайы пітір жәшігі орнатылады. Бірақ сіздерге жүзбе-жүз салған пітіріңіз үшін құран оқитын адам болмайды. Дегенмен, пітір үшін орнатылған жәшікте Қызылқоға ауданы бас имамының телефон номері жазулы болады. Соған хабарласуға немесе әлеуметтік желі (WhatsАpp) арқылы пітір салғандығыңызды баяндап, аты-жөніңізді ескертсеңіз сіз үшін дұға жасалынады.

Бай адамдардың зекет беруі парыз

Рамазан айында жасалған әрбір жақсылыққа еселеп сауап беріледі. Сондықтан, көпшілік сауапты үміт етіп, осы айда зекет беруді әдет еткен. Құран Кәрімде: «Намазды орындаңдар, зекет беріңдер һәм Аллаға көркем қарыз (садақа) беріңдер. Өздерің үшін алдын ала жасаған қайырларыңның (Қиямет күні) Алланың қасында одан да қайырлы әрі мол сауапты екендігін табасыңдар», - делінген. Зекет берумен зекет берушінің мал-дүниесі тазарады, берекесі артады. Ислам дінінде бай адамдардың зекет беруі – парыз. Бай деп қарызы мен қажеттілігінен артық өсімді мал-дүниесі дәл қазіргі уақытта 1 миллион 170 мың теңгеге жеткен немесе нисаб мөлшерінде қойы, сиыры, түйесі, жылқысы бар адамға айтылады. Себепсіз пітір садақа және зекет бермеу күнә болып есептеледі. Алла Тағала: «Алланың өз кеңшілігінен бергеніне сараңдық ететіндер, оны өздері үшін қайырлы деп ойламасын. Керісінше, бұл – оларға жамандық», - деп хабар береді.

Рамазан – қайырымдылық айы

Қадірлі мұсылмандар! Рамазан айында көбірек игі іс жасауға асығу қажет. Ата-анаңыз бен үлкен кісілердің дұғасын алу парыз. Көршілердің жағдайын біліп, туыстарыңызға хабарласып, науқастардың көңілін сұрау мол сауапқа жетелейді. Төтенше жағдайға байланысты биыл ауызашарды тек өзіңіздің отбасыларыңызбен өткізулеріңізді сұраймыз. Мүмкін болса, ауызашар қаражатын мұқтаж жандарға жұмсап, көп балалы отбасыларға көмектескен дұрыс. Рамазан айында ғайбат айтудан аулақ болған, күнә іс істеуден арылған жөн. Құлшылықты көбейткен, Құран оқуға, пайдалы кітап оқуға көбірек уақыт бөлген абзал. Жоқ дегенде күніне бірнеше бет кітап оқуға тырысу керек. Айтылған кеңестің бәрі ораза ұстайтын, ұстамайтын барша мұсылмандарға қатысты. Қадірменді аудан тұрғындары! Сіздерді қасиетті Рамазан айының келуімен шын жүректен құттықтаймын! Алланың разылығы үшін тұтқалы жатқан оразаларыңыз қабыл болсын! Рамазан айында жасаған жақсылықтарыңыздың еселеп сауабын жазсын. Алла Тағала баршамызды осы қасиетті Рамазан айының сауабымен жарылқасын, барынша көбірек сауапты істерді атқаруды нәсіп етсін. Алла күнәмізді кешірсін, елімізді түрлі пәле-жаладан, қатерлі дерттен, қауіп-қатерден, көз-тілден сақтасын!

Мұрат СҰЛТАНОВ,

«Бәйтерек» мешітінің бас имамы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521