Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Сенаторлар Президент тапсырмаларын заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз етеді

Бүгін Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті. Сенаторлар күн тәртібіне шығарылған заңдарды қарап, депутаттық сауалдарын жолдады, деп жазады Egemen.kz. 

Мәулен Әшімбаев азаматтардың әл-ауқатын арттыру және дамыған, инклюзивті, ашық Қазақстан қалыптастыру үшін қолға алынған шараларды іске асыру жолында барлық ел азаматтарының күш-жігерін біріктіру маңызды екенін айтты. Сондай-ақ ол Мемлекет басшысының реформалар бағдарын заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету Сенат қызметінің негізгі басымдығы болып қала беретінін айтып, Палата жұмысының алдағы басым бағыттарына назар аударды.

«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында еліміздің алдағы жылдардағы әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты маңызды бағыттарды белгілеп берді. Мемлекет басшысы берген тапсырмалар қатарында салық-бюджет саясатын реформалауды көздейтін жаңа Бюджет және Салық кодекстері бар. Сондай-ақ Парламент Жер қойнауын пайдаланушылардың бірыңғай платформасын заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету және цифрлық активтерді қолдану аясын кеңейту үшін инфрақұрылым құру жөнінде түзетулер қабылдауға тиіс. Осы сессияның соңына дейін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін жетілдіру туралы заң жобасын да пысықтауымыз керек. Жүктелген міндеттерді іске асыру жолында нақты шешімдер мен жүйелі жұмыс қажет», деді Сенат Төрағасы.

Палата отырысында сенаторлар маңызды мәселелерге қатысты депутаттық сауалдарын да жолдады.

Нұртөре Жүсіп елімізде ерте жүктіліктің және жасөспірімдер арасында туу көрсеткішінің артуына алаңдаушылық білдірді. Осыған байланысты ол репродуктивті денсаулық сақтау саласындағы жұмысты ұлттық деңгейде жүйелеу және балалар мен жасөспірімдер арасында тиісті түсіндіру жұмыстарын күшейту қажет екеніне тоқталды.

Ал Андрей Лукин Түркістан облысының таулы аудандарында төтенше жағдайдың алдын алуға арналған жұмысты ұйымдастыру және хабарландыру жүйесімен қамту төмен деңгейде екенін ортаға салды. Аталған мәселені шешу үшін сенатор бірқатар шара ұсынды. Олардың қатарында хабарландыру жүйелерінің жай-күйіне мониторинг жүргізу үшін бірыңғай цифрлық платформа құру сынды ұсыныстарын жеткізді.

Ғалиасқар Сарыбаев жасанды интеллект әлеуетін кеңінен пайдалану және үлкен деректермен жұмыс істеу бағытындағы маңызды міндеттерге Үкіметтің назарын аударды.

Жанна Асанова елде телефон алаяқтарына қатысты оқиғалардың көбейгенін айтып, дабыл қақты. Сенатордың айтуынша, ұялы нөмірлерді жасырын пайдалануды болдырмау үшін SIP-телефонияны лицензияланатын қызмет түрлерінің тізіміне қосу және SIP-телефония мен SIM-бокс машиналарын лицензиясыз пайдаланғаны үшін жауапкершілікті қатаңдату қажет.

Сәкен Арубаев мал шаруашылығына, оның ішінде тері мен жүнді қайта өңдеу салаларына қатысты өзекті мәселелерге тоқталды. Депутат шағын және орта кәсіпорындарға арналған субсидия мен жеңілдікпен берілетін несиелердің қолжетімсіздігі, мемлекет тарапынан жүйелі қолдау бағдарламаларының болмауы және шикізат сапасының төмендігі саланың дамуына қолбайлау болып отырғанын баяндады.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT