Әлбетте, еліміздің қоғамдық саяси өмірінде аудандық, облыстық, республикалық газеттердің маңызы зор екендігі ақиқат. Ал, сол өңірлік мерзімді басылымдардың бүгінгі ахуалы қандай? Шешімін күткен нендей мәселелер бар? Келешегінен қаншалықты үміт күтеміз?
Міне, осындай көкейде сайраған сұрақтардың жауабы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің ұйымдастыруымен Астана қаласының «Қазмедиа» орталығында өткен «Өңірлік мерзімді басылымдар» форумында табылды. Оған Атырау аймағынан ат арытып «Атырау-Ақпарат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Жасын Біркенов, Махамбет аудандық «Жайық шұғыласы» газетінің бас редакторы Баян Сүйеуова, Құрманғазы аудандық «Серпер» газетінің бас редакторы Айнагүл Шакупова, Мақат аудандық «Мақат тынысы» газетінің бас редакторы Мөлдір Ізтұрғанова және осы жолдардың авторы болып барып қайттық. Еліміздің әр өңірінен 200-ден астам делегат қатысқан форумның алғашқы күнгі бірінші, екінші панельдік отырысында «Қазақ газеттері» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Дихан Қамзабекұлы, «National Geographic Qazagstan» журналының жауапты редакторы Айбын Шағалақ, «Айқын-Литер» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Ысқақ Егембердиев, журналист Ерболат Мұхамеджан, «Сыр медиа» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Аманжол Оңғарбаев, Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл – Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының бас директоры Ербол Тілешов, Түркітілдес журналистер қорының президенті Нәзия Жоябергенқызы, республикалық «Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы Төлен Тілеубайлар ақпараттық саясаттағы өңірлік газеттердің рөлі, газеттегі журналистік зерттеу, сараптама, жарнама және монетизация әдістері, өңірлік бұқаралық ақпарат құралдарын дамыту мәселелері, медиакеңістіктегі мемлекеттік тілдің проблемаларын шешу жолдары, жедел ақпарат таратудың қазіргі шарттары, журналистің ықпалы мен мәртебесі бағытында сөз сөйлеп, өздерінің ой-пікірлерін ортаға салды.
Ал, түстен кейін форумның ресми ашылуында алғаш болып сөз сөйлеген Премьер-Министрдің орынбасары Алтай Көлгінов: «Мемлекет басшысы сайлауалды бағдарламасында еліміздегі ақпараттық саясатты, жастар саясатын, азаматық қоғаммен байланыс тетіктерін жетілдіру бойынша нақты тапсырма беріп, міндеттер қойды. Осы тұрғыда өңірлік БАҚ мәселелері, атап айтқанда, оқырмандар саны мен басылым таралымын қайта көбейту, қаржыландыру және техникалық жаңарту, уақытылы жеткізу мен жергілікті БАҚ ахуалын жақсарту бағытында министрлік және жергілікті атқарушы органдармен бірге тиімді әрі нақты шешу жолдарын пысықтау қажет деп есептейміз. Сол үшін еліміздегі БАҚ өкілдерінің кәсіпқойлығы мен сапасын одан әрі арттыру жұмыстарын жалғастыруымыз қажет. Халықты арзан дүниелермен емес, пайдалы ақпаратпен сусындатып, рухани, мәдени, танымдық, ұлттық құндылықтармен байыта білгеніміз абзал» деді. Ал, өңірлік басылымдардың өзекті мәселелерін шешуде алға қойған бірқатар мақсат-міндеттерді айқындап, отандық журналистикаға қатысты жаңалықтарды жария еткен Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі өз сөзін былайша сабақтады:
«Өткен жылы өңірлерге сапарлар кезінде көптеген басылымның редакциясына арнайы барып, жай-күйімен жақын танысқан едік. Сол кезде өңірдегі өзекті мәселелерді Астанада ойласамыз деп уәде еткенбіз. Соның орайы бүгін келіп отыр. Бүгінде газет-журналдардың таралымы төмендеп, оқырмандар ақпаратты негізінен, интернет-ресурстардан алатыны белгілі. Соның салдарынан көптеген басылымдардың жұмысы тоқтады немесе таралымы күрт азайды. Әсіресе пандемия кезінде дәстүрлі баспалар күрделі тектоникалық өзгерістерді бастан кешірді. Бұл қиындықтар өңірлік басылымдарды да айналып өткен жоқ. Кейбір БАҚ-тар түрлі себептермен жекешеленіп кетті. Мысалы, аудандарда 159 газет жекеменшікке өткен. Бұл – жаһандық көлемдегі мәселе. Мысалы, АҚШ-та 2005 жылдан бері 2500 газет, Ұлыбританияда 200-ден астам газет жабылды. Бірақ біз өңірлік басылымдарды жекеменшік не мемлекеттік деп бөлмей, барлығына бірдей қолдау көрсетуге әзірміз. Елімізде жабылған газет-журналдардың нақты себептері терең ғылыми тұрғыда зерттеуді қажет етеді. Қазақстандық қоғамдық даму институты медиа саласындағы осындай мәселелерді кешенді түрде талдап, нақты қорытындылар шығаруға тиіс. Біз қандай шешім қабылдасақ та, ғылыми негізге сүйенгеніміз жөн. Аймақтағы басылымдарды қаржыландыру тетігі мен ережелерін қайта қарастырып жатырмыз. БАҚ-қа берілетін мемлекеттік тапсырыстың талаптарын жеңілдетуге мүдделіміз. Атап айтқанда, жергілікті БАҚ-ты қолдау тарифтері 2019 жылдан бері өзгермегені белгілі. Соған байланысты біз тарифтерді ұлғайтуды жоспарлап отырмыз. Бұл шаралар жобалық тәсілде өңірлік мемлекеттік ақпараттық тапсырысты қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Форумның планерлық отырыстарында сөз сөйлеген журналистика саласының майталмандары, қоғам қайраткерлері, шетелде «Болашақ» бағдарламасымен білім алғандар сан түрлі сұрақтарға жауап беріп, тәжірибесімен бөлісті. Әр өңірден келген бас редакторлар, медиаменеджерлер жергілікті жерлердегі өзекті мәселелерді ортаға салды. Газет таратудағы «Қазпошта» қызметін сынға алып, бұл газет таралымының азайып кетуіне бірден-бір себепкер болып отырғандығын тілге тиек етті. Спикерлер тарапынан дәстүрлі БАҚ пен жаңа медианы бір-бірінен бөліп қарауға болмайтындығы баса айтылды. Журналистердің мәртебесі, әлеуметтік жағдайы, пәтерге кезекке тұруы, медиа-менеджмент, газет дизайны, фотосуреттерді сөйлету өнері, салалық журналистиканы дамыту мәселелері қозғалды.
Сөйтіп, екі күнге созылған форумда өңірлік мерзімді басылымдардың өзекті мәселелері өткір көтеріліп, алғаш ұйымдастырылған форум енді жыл сайын дәстүрлі түрде өткізілетін болды.
Бауыржан СИСЕНОВ,
газеттің бас редакторы
Миялы-Астана-Миялы