Бүгін танымал журналист, өткір сұхбат, ашық әңгімелерімен көрермен көзайымына айналған Нартай Аралбайұлы атыраулықтармен кездесті. Сайлау науқаны қарсаңында халықтың талап-тілектері билікке жетсін деген мақсатты көздеген Нартай Сәрсенғалиев аймақтағы бірқатар нысандарды аралап, елдің айтарын тыңдады. Алдымен халыққа қызмет көрсету орталығында болып, құжат тапсыруға келген тұрғындармен тілдесті. Айтылған ұсыныс-пікірлерге құлақ асқан ол тиісті деңгейде шешілуі жолында журналист ретінде жұмыстанатынын жеткізді. Сондай-ақ, Еркінқала ауылындағы бекіре тұқымдас балық өсіру зауытына барып, жұмысшылармен тілдесу барысында салаға қатысты проблемалар аталды. Белгілі журналистің Атырауға сапары барысынан жастар да тыс қалмады. Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің студенттерімен жүздесіп, білім саласына қатысты жаңашылдықтар, сапалы білім алу, жатақханамен қамтылу тұрғысындағы пікірлерді тыңдады. Сонымен қатар Махамбет ауданы, Ортақшыл ауылының тұрғындарымен кездесіп, ауыл шаруашылығын дамыту, Жайық өзенінің тартылуы мен басқа да мәселелерді тыңдады. Нартай Сәрсенғалиев Атырауға сапары барысында айтылған әр ұсыныс-пікірді аяқсыз қалдырмай, сайлау науқанына түсетін саяси партиялардың сайлауалды бағдарламаларына енгізілуіне және де тиісті деңгейде шешілуі жолында жұмыстанатынын жеткізді.