Қан... Майдан... Отан үшін, ұрпақ болашағы үшін күрес. Ұлы Отан соғысы – бұл тек мектеп кітабындағы тарихи тақырып емес. Бұл еліміздің тарихы мен болмысымның бір бөлшегі. Соғыс бізге бейбіт күн сыйлағанымен, сол күнге жету жолы ауыр болды. Ол жолда қаншама тағдыр үзілді, аналар жесір, балалар жетім қалды.
Бірақ соның бәрінен де жоғары болған – халықтың қайсарлығы мен Отанға деген махаббаты. Сол отан сүйгіш ерлердің қатарында жерлесіміз Жоламан Құрымбаев та болды. Елдік пен ерлікті ту еткен жауынгер Атырау облысы, Қызылқоға ауданы, Сағыз селосында дүниеге келген. Жастайынан мал бағып күнелткен Жоламан Құрымбаев соғыс басталған тұста Доссордағы әскери комиссариатқа шақырылып, қолына әскерге шақыру қағазын алып, 1941 жылы ел қорғауға аттанады. Осылайша, малшының таяғынан басқаны ұстап көрмеген ол қан майданның бел ортасына түседі. Темірдей тәртіп пен қатал соғыс пәрменіне еті үйренбеген жас жігіт намысты қолдан бермей, жаттығуда ысылып, майданда шынықты.
Ел шетіне жау тиген сәтте барша жұрт жұдырықтай жұмылып, ел қорғауға аттанды. «Отан үшін!», «Жер үшін!» деп ұрандатқан боздақтар майдан даласында от пен оқтың арасында жүріп, ерліктің шынайы үлгісін көрсетті. Ажалға қасқайып қарсы тұрды. Олар үшін туған жердің бір уыс топырағы мың есе қымбат еді. Жоламан Құрымбаев өз жерінен жырақтап, Украина жеріне аттанды. Осылайша ол Днепр өзені үшін және Киев үшін шайқаста батылдығымен көзге түсті. Қан майданда жан алы сып, жан берісіп жүріп, Курск доғасындағы күресте жараланып, сол иығынан оқ тиеді. Жедел түрде жергілікті госпитальға апарып, көмек көрсетіледі. Сауыққан соң ол сұрапыл соғысқа қайтадан аттанады. Сөйтіп Жоламан Құрымбаев Украина мен Белоруссияны азат етіп, Балтық теңізіне дейін жетеді. Жоламан Құрымбаев Украинаның даласында фашистік басқыншыларға қарсы шайқаста нағыз қаһармандық үлгісін көрсетті. Алдыңғы шепте жүріп, жанын шүберекке түйген жауынгер жау ұясына қадам басқан сайын туған елінің бейнесін көз алдына елестетті. Әрбір ұрыста ол - Қазақстанның намысын қорғаған бір жауынгер емес, бүтін халықтың үмітін арқалаған ер еді. Майдандағы әрбір күн - сынақ, ал Жоламан сол сынақтан сүрінбей өтті. Қан кешіп жүрсе де рухы сынбады. Жаудың бетін қайтарған жауынгердің жүрегі Отанға, болашақ ұрпаққа, азаттыққа деген сеніммен соқты. Оның ерлігі - архивтерде ғана емес, ұрпақтың жүрегінде сақталған қасиетті естелік. Соғыстың бел ортасына таяған ш а қ . Кезекті шайқастардың бірінде Жоламан Құрымбаев тұтылқиылдан атылған жаудың оғы тиіп, тағы да жарақат алады.
Бұл жолы оқ майдангердің оң қолына тиеді. Сөйтіп батыр госпитальға жатқызылады. Көп уақыт өтпей-ақ ол емделіп шығып, II топ мүгедегі болып, елге оралады. Аман-есен елге ралғаннан кейін де батыр жарақатына қарамастан еңбек етуге кіріседі. Сөйтіп ол мал шаруашылық саласы бойынша жұмыс жасайды. Көп ұзамай ол Сәнім атты бойжеткенмен отау тігіп, жарымен бірге жеңіс үшін, тылда қатарласа еңбек етіп, шөп шауып, мал бағып, қиын күндерді бірге кешеді. «Әкем қан майданда көрсеткен ерлігінен кейін де тағат таппай еңбек еткен. Әкеммен қатар анам да сол жұмыстың бел ортасынан табылған. Тіпті анам да әскер қатарына шақырылған. Бірақ анамның отбасында үлкендерге қарайласатын еңбекке қабілетті жанның болмауына байланысты әскерден кері қайтарылған. Анамның айтуынша, соғыс кезінде ерлермен қатар қайсар қазақтың қыздары да ештеңеден қаймықпаған. Әкем мен анамның батырлық жолы – кейінгі ұрпақтарына үлгі»,-дейді майдангердің қызы арылғап Құрымбаева. Жеңіс жалауы желбіреп, елде мамыражай тіршілік орнағаннан кейін Жоламан Құрымбаев еңбегін теміржол саласында жалғамақ ниетте Мақат станциясына ат басын тірейді. Осы жерде жапырағы кеңге жайылып, перзенттері өмірге келеді. Бастаған ісін дөңгелентіп әкететін ол теміржол саласында да жемісті қызмет еткен. Үздіксіз еңбек еткен батыр атаулы саладан 1974 жылы зейнетке шығып, 1993 жылы өмірден озады. Көзі тірісінде ел үшін күрескен ерлігі мен жанқиярлығы ұшін бірнеше төсбелгімен марапатталған. Атап айтқанда, I Украина майданы, «Германияны жеңгені үшін» төс белгісімен, сегіз мерекелік медальды иеленген. Жоламан Құрымбаев - ел басына күн туған шақта қолына қару алып, туған жерінің тыныштығы үшін жанын пида етуге дайын болған ұлт ұланы. Ол - майдан шебінде қайсар мінезімен, жауға деген өшпенділігімен, Отанға деген сүйіспеншілігімен көзге түскен жауынгер.
Украина майданындағы шайқастардың бірінде ол қанды ұрыстың алдыңғы шебінде жүріп, жау шабуылын тойтаруға атсалысты. Оның табандылығы мен қайтпас ерлігі - бүгінгі ұрпақ үшін үлкен өнеге, нағыз батырлықтың белгісі. Соғыстың отты жылдары Жоламан Құрымбаевты шыңдады, оның бойындағы нағыз ер азаматқа тән қасиеттер - батылдық, адалдық, төзімділік - майдан даласында жарқырап көрінді. Ол қаруластарымен бірге сұрапыл соғыстың бел ортасында жүріп, туған елге жеңіс сыйлау жолында тер төкті, қанын төкті. Жоламан Құрымбаев - тарих бетінде қалып қойған есім емес, о л - ұлт жадында сақталар рухты бейне. Оның ерлігі мен еңбегі ешқашан ұмытылмайды. Біз осындай тұлғалар арқылы бейбіт күннің, ашық аспанның қадірін түсінеміз. Батырдың өнегелі жолы - әр қазақ баласы үшін үлкен мақтаныш пен мәңгілік тағылым. «Жеңіс оңай келген жоқ. Ол - термен, қанмен, көз жасымен келді. Әр қайтпаған жауынгердің артында жарты өмір, үзілген үміт, жетім бала қалды. Сол бір қаралы жылдардың арқасында бізге жеткен бір ғана мұра бар - бостандық пен бейбіт өмір. Бұл – бүгінгі ұрпаққа аманат» ,- дейді батырдың қызы Жарылғап Құрымбаева. Ұлы Отан соғысы - адамзат тарихындағы ең сұрапыл, ең қасіретті кезеңдердің бірі. Бұл - ерлік пен елдіктің, отансүйгіштік пен жанқиярлықтың мәңгілік ескерткіші. Аспанды қара бұлт басқан, аналар көз жасы төгілген, жерді жауынгерлердің қаны жуған сол жылдар - біздің жүрегіміздің тереңінде сақталған ұлы естелік. Ұлы Отан соғысы… Бұл сөздің өзі жүрекке мұң ұялатып, жанды сыздатады. Ол тек - тарих бетінде қалған қарапайым жылдар емес, ол - адамзаттың төзімі сыналған, ерліктің ескерткішіне айналған, әр отбасын қасіретпен табыстырған уақыт. Сол бір қан кешкен жылдардың жаңғырығы арада қанша жыл өтсе де, жүректен өшкен емес. Бұл - ата-бабаларымыздың ерлігімен, аналарымыздың көз жасымен келген қасиетті жеңіс!
Ж.ҚАМЗА