Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Ұлы Отан соғысы кезінде Қазақстан өнеркәсібі қалай дамыды

Майдан шебінен Республикаға 1,1 млн астам адам көшіріліп әкелінді.

1942 жылы егіс көлемі 1941 жылмен салыстырғанда 842 мың гектарға көбейді. 1943 жылы 775 мың га жаңа жер алқаптары егістікке арналды. Бұдан бөлек, ел территориясында көптеген зауыттар ашылып, басқа одақтас мемлекеттерден мамандар тартылды. Республика экономикасын соғыс жағдайына көшіру осылайша жүзеге асырылды. Соғыстың алғашқы күндерінен Қазақстан майдан арсеналына айналып, жауынгерлер мен тылды қару-жарақпен, оқ-дәрімен, азық-түлікпен қамтамасыз етуші аймақ болды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Ұлы Отан соғысы жылдары өнеркәсіптерді Қазақстанға көшіру екі рет жүргізілді
1941 жылдың аяғы мен 1942 жылдың басы;
1942 жылдың күзінде өнеркәсіп орындары, кәсіпорындар, негізінен, Мәскеу, Ленинград облыстарынан, Украина, Белорусь жерлерінен әкелінді.
E-history.kz сайтының деректеріне сүйенсек, Украинадан Қазақстанға көшіріліп әкелінген кәсіпорындар: Харьков электротехника заводы, Подольск механика заводы, Запорожье ферроқорытпа заводы, Днепропетровск вагон жасау заводы т. б. Украинадан Қазақстанға 70 өнеркәсіп орны мен жабдығы әкелінді.
Қазақ КСР-не әкелінген өнеркәсіптер мен фабрикалар Алматы, Қарағанды, Шымкент, Петропавл, Семей, Ақтөбе, Орал қалаларында орналастырылды.
Қазақстанға әкелінген кәсіпорындар өте қиын жағдайда жұмыс істеді. Өнеркәсіп орындарымен бірге Қазақстанға майдан өңірінен көптеген мамандар да көшірілді. Мысалы, тек қана Домбасстан 3200-ге жуық шахтер, 2000-дай құрылысшы келді. Майдан өңірлерінен келген инженер-техниктер саны 700-дей болды.
Жалпы ашық деректерге сүйенсек, майдан шебінен Республикаға 1,1 млн астам адам көшіріліп әкелінді. Қазақстан өнеркәсібінде 1940 жылы 158 мың адам жұмыс істесе, 1945 жылы олардың саны 255 мыңға жетті. 1943 жылы қорғаныстық маңызы бар ондаған кәсіпорындар іске қосылды, бұрыннан істеп тұрған кәсіпорындар өнім өндіруді арттырды. Мәселен, сол жылы республикадағы қара металлургия өндірісінің тұңғышы Ақтөбе ферросплав зауыты іске қосылып, өнім шығара бастады. Ақтөбе химия комбинаты бор, фосфор қышқылдарын, сода шығаруды жолға қойды. Шымкент дәрі-дәрмек жасау зауыты шөптен дәрі жасауды игерді. Теміртауда Қарағанды металлургия комбинатын салу қолға алынды. Машина жасау зауыттары Алматыда, Шымкентте, Қарағандыда іске қосылды. Балқаш, Қарсақпай мыс қорыту зауыттары күшейді. Түсті металл шығару өсті. Тамақ өнеркәсібі бағытында Шымкентте жеміс-жидек консерві комбинаты, Алматы, Қарағандыда кондитер фабрикалары, Петропавлда темекі фабрикасы пайдалануға берілді.
Қазақстан КСРО-ның негізгі әскери-өнеркәсіп базасына айналды. 1942 жылы Одақта өндірілген қорғасынның 85%-ын, көмірдің 18%-ын, молибденнің 60%-ын, октанды мұнайдың 1 млн тоннаға жуығын берді. Осы уақыт ішінде жұмысшылар 5 миллион тоннадан астам нан және 700 мың тоннадан астам ет өндірді.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT