Төртінші ұлттық құрылтайда Президентіміз: «Наурызнамадағы «Ұлттық киім күні» қоғамның зор қолдауына ие болды. Ұлттық киімдерге деген қызығушылық арта түсті. Мектептерде, түрлі мекемелерде, сондай-ақ ірі компанияларда ұлттық киімге мән беріле бастады. Себебі ұлттық киім бұл – біздің бірегей ұлттық болмысымыздың маңызды көрінісі. Оны жан-жақты дәріптеуіміз керек» деген болатын. Қазақтың ұлттық киімі кім-кімнің де көркін ашады.
Ұлттық киім күнінің жас ұрпаққа берер тағылымы мол. Ақсақалдарымыз зерлі шапан киіп жүрсе қандай жарасымды. Соңғы кездері мемлекеттік қызметкерлер де қазақтың ұлттық киімдерін кие бастағаны жан сүйсінтеді. Қазір тек шапан мен кәжікей емес, ұлттық нақыштағы жылы сыртқы киімдер де бар. Денеге қонымды, олпы-солпы емес. Жақында бір еске алуға барғанда екі бірдей үлкеніміз сондай киіммен келіпті. Өздеріне құйып қойғандай жарасып тұр. Демек, ұлттық киімдерді тек наурызда ғана емес қысы-жазы киюге болады. Енді көктемде, жазда, күзде киетін түрлері шықса тіпті жақсы. Бұл біздің ежелден келе жатқан өзіндік салт-дәстүрін берік ұстанатын ұлт екенімізді, қазақы болмысымызды айшықтай түсер еді.
Қанат ҒҰМАРОВ