Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдың «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты үшінші отырысында «Біздің идеологиямыздың тірегі – мемлекетіміздің тәуелсіздігі. Ең бастысы – дұрыс сөйлеп, жақсы ниет білдіру ғана емес, нақты жұмыс істеп, игілікті іске күн сайын күш жұмсау. Оқыту-тәрбиелеу үдерісінде «Біз әртүрліміз, бірақ бәріміз теңбіз», «Қазақстанның халқы біртұтас» деген қағидаттар көрініс табуға тиіс» деген еді. Жаһандану дәуірінде ұлттық идеологияға мән берілуі керектігі Президент Жолдауында да үздіксіз айтылып келеді.
Өткен жылы Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Т.Дүйсенованың тапсырмасына сәйкес, «Идеологиялық салада қойылған міндеттерді іске асырудың 2024-26 жылдарға арналған кешенді жоспары» жасақталып, осыған орай ауданда жалпыұлттық құндылықтарды ілгерілету жөнінде көптеген іс- шаралар ұйымдастырылуда. Соның бірі – аудандық кітапханада өткен «Ұлттық идеология: Тарихи тамырлар мен қазіргі заманғы мәні» тақырыбындағы «дөңгелек үстел». Аудан әкімінің орынбасары Арман Әділғалиев жүргізген шараға бөлім басшылары, аудандық мәслихат төрағасы, ардагерлер мен аналар кеңесі, мектеп ұстаздары қатысты.
«Дөңгелек үстел» басындағы жиынның мақсатын түсіндірген А.Бағытжанұлы ұлттық идеология құру жолында сіз бен біз болып жұмыс жасау керектігін айтты.
– Бүгінгі жиынға біз арнайы түрлі салада еңбек етіп жүрген, қоғамның даумына өз үлесін қосып жүрген жандарды шақырып отырмыз. Мақсатымыз – ұлттық идеология бағытындағы ауданда атқарылатын жұмыстарды жоспарлау. Өткен жылға баға бере отырып, осы жылы әр саладағы әріптестермен ақылдасып, олардың идеясын талқыға салу болып отыр. Осы ретте күн тәртібіне қойған негізі 6 мәселе бойынша баяндамашыларды тыңдап, өз ұсыныстарымызды білдіріп отырамыз,-деді аудан әкімінің орынбасары.
«Жаһандану дәуіріндегі ұлттық идеология: қиындықтар мен мүмкіндіктер» тақырыбы бойынша хабарламашы аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Н.Аруев ауданда атқарылған жұмыстар төңірегінде айтып берді.
– Жаһандану ұлттық идеологияларды өзгертуге, жаңартуға және кейде жоюға әкеледі. Халықаралық байланыстардың артуы, ақпараттың жылдам таралуы-ұлттық мәдениеттер мен дәстүрлердің бір-бірімен араласуына себеп болады. Ұлттық мәдениеттердің біртектілігіне әкелуі мүмкін, бұл ұлттық бірегейліктің жоғалуына себеп болады. Ұлттық идеологияны дамытуда отбасындағы бала тәрбиесінің маңызы зор. Ата- бабамыздың әуелден ер баланы өзінің табиғатына қарай бейімдеп, әкесімен бірге атқа отырғызып, садақ атуды үйретіп, аңға бірге алып жүруі бекер емес. Бұл – ер адамның түздің адамы екенін ұғындыру, елінің, отбасының қорғаны болуға баулу. Ал қыз баланы нәзіктікке, биязылық пен ибалылыққа баулығанымыз жөн. Кішкентайынан анасымен бірге үйдің шаруасына бейімдеудің өзі оның ертеңгі күні жақсы жар, ардақты ана болып қалыптасуына жол ашатыны анық. Ауданымызда ұлттық идеологияны дамыту, насихаттау бағытында көптеген шаралар атқарылуда. Өткен жылы ауылдық округтердің мәдени күндері өтті. Бұл шара ауылдық округ тұрғындарына тың серпін берді деп айтуға болады. Биылғы жылы осы бағытта әлеуметтік тапсырыс шеңберінде бірқатар шаралар өткізу жоспарланып отыр. «Пай пай, шіркін, қазақтың келіндері-ай!» тақырыбында аудандық келіндер сайысы, «Отбасы-бақыт мекені» – халықаралық отбасы күніне арналған шара, «Ұлы Жеңіс ұмытылмайды!» – ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған аудандар арасындағы облыстық өнер фестивалі, аудандық «Өнер барысы-2025» сайысы, «Тазалықты сақтау-туған жерге жанашырлық». Экологиялық сауаттылықты дамыту, экологиялық мәдениетті арттыру мақсатында шаралар топтамасы. Бұл шараның қорытындысымен «Таза ауыл», «Таза көше» секілді номинациялар табысталатын болады.Сонымен қатар биылғы жыл Мемлекет басшысының бастамасымен «Жұмысшы мамандықтар жылы» болып жарияланды. Осы бағытта көптеген шаралар ұйымдастырылады.Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған шаралар; Қазақстан Республикасының Конституциясының 30 жылдығына, Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына арналған шараларды ойдағыдай өткізуге тырысамыз.
«Ұлттық бірлік: Идеологияның қоғамдағы рөлі» тақырыбында баяндама жасаған аудандық мәслихаттың төрағасы Қ.Мәжиев, өзінің өмірлік тәжірибесіне сүйене отырып, тұжырымын айтып өтті.
– Идеология сөзінің өзі қазақ тіліне аударғанда, ой-сана бағытындағы ғылым дегенді білдіреді. Әрбір елдің қоғамда ұстанған өз бағыты, салт-дәстүрі, ішкі тәртібі болады. Кеңес одағының тұсында идеология мықты жұмыс жасады. Мәселен, Хрущевтің кезіндегі «Жүгері егу», одан кейін тың жерлерді игеру, «Шұбартаулықтардың бастамасы» сынды түрлі саяси бастамаларды бастан өткердік. Оның арасында қазақ балаларын оқуға жібермей, қой бағуға алып қалудың айласы да жүзеге асып жатты. Әр заманның өзінің ағынына сай идеологиясы да қатар дамып келе жатыр. Бүгінде батыстың бір жынысты идеологиясынан да бір күнде бас тартып жатқанына куә болып отырмыз. Мұндай мысалдардың бәрі де жаһандық идеология күн санап құбылатынын және алпауыт елдер сол арқылы айналасына қысым көрсетіп отырғанының дәлелі. Сондықтан, Мемлекет басшысы айтқандай, біздің күшіміз – бірлікте, татулықта, ауызбіршілікте. Жалпыұлттық идеологияны құрайтын әр саланың идеологиясына нақты бағыт-бағдар керек,-деді Қ.Мәжиұлы өз сөзінде.
«Дөңгелек үстел» барысында «Ұлттық идеология және білім: Жаңа ұрпақтың тәрбиесі» тақырыбында аудандық білім бөлімінің әдіскері Г.Хасанова, «Ұлттық мәдениет: Салалар арасындағы байланыс» тақырыбында аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Ж.Дүйсембаев, «Қоғамдық теңдік: Әйелдер мен ерлердің жұмыспен қамтылуы» жөнінде аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Ж.Пазулов және «Жастар және ұлттық идеология» атты баяндамасымен аудандық Жастар ресурстық орталығының басшысы А.Қонысбаев хабарлама жасады. Сонымен қатар, жиынға қатысқан ардагерлер, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы С.Жайлашев ағамыз «Ұлттық идеологияның бастауы – алаштықтарда» деп пікір білдірсе, ардагер, ақын ағамыз А.Есенғалиев «Жастардың тәрбиесіне, мәдениет саласына мән беріп, әлеуметтік желідегі арсыздықты ауыздықтау керек» деген ойын жеткізді. Д.Төленов атындағы мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Ж.Қарабалина мен Махамбет ауылдық округінің аналар кеңесінің төрайымы Т.Сариева мектеп жасындағы балалардың тәлім- тәрбиесіне мән беру керектігін ашық айтты. Жайнагүл Қарабалинаның айтуынша:
– Ұлттық идеологияның бастауы отбасында десек артық емес. Халқымыз «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деп бекер айтпаған. Мектепте қанша іс-шара, тәрбиелік сағаттар өтіп жатқанымен, бала үйде қалыптасқан дағдысымен әрекет етеді. Бұрынғыдай тәртіптік жаза қолдануды, білім беру ұйымдарындағы ішкі тәртіпке қатысты заңды қатаңдату керек деп санаймын. Сонда ата-ана өз мойнына жауапкершілік алып үйренетін секілді, –дейді.
Мектепке дейінгі білім беру саласының зейнеткері, ауданның қоғам белсендісі Тойған Сариева:
– Мектеп оқушысы мен сынып жетекшінің арасында тығыз қарым-қатынас болуы керек. Бала ұстазына ашылып сырын айта алса ғана мәселенің алдын ала шешімін табуға тырысар еді. Біз осы күнде фотоесепке мән береміз. Өткізген іс- шараның маңыздылығы да сол есеп күйінде қалып жатқандай көрінеді. Әріптестердің сөзіне қосыла отырып, бүгінгі қоғамдағы жат идеология өкілдері біздің ұрпағымызға мәдениет пен әдеп деген дүниені ұмыттырып барады. Осыған қынжыламын,- деді өз сөзінде. Сонымен қатар, осындай маңызды кездесулерге жоғарғы сыныптың ұл-қыздарын да қатыстырса, олар да аға-апаларын тыңдап, үлгі алса деген ұсынысын білдірді.
Алты мәселе аясында ауданда атқарылатын жұмыстар бағамдалып, ұсыныс-пікірлер ескерілді. Жиынға төрағалық еткен аудан әкімінің орынбасары бөлім басшыларына ұлттық идеология бағытында нақты ұсыныстар мен жоспарлар күтетінін айтты.
А.САТАЕВА