Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Қырық жылын сауыншылыққа арнаған

Мемлекет басшысының Жарлығымен 2025 жыл Жұмысшы мамандықтар жылы болып жарияланды. Бұл – күн сайын қоғам игілігі үшін еңбек ететін жандардың маңыздылығын тағы бір мәрте атап өтуге мүмкіндік. Қарапайым жұмысшының қолы тиген әр істе еңбектің өлшеусіз маңдай тері жатыр. Қысы-жазы күннің ыстық-суығына қарамай қоғамның қай саласында болмасын қолтаңбасын қалдырып жүрген жұмысшы мамандық иелерінің мерейі мен мәртебесін арттыруымыз керек. Кеңес дәуірін көре қалған үлкендеріміз әлі күнге дейін айтып отырады. Қатардағы сауыншы мен тігіншінің өзін жоспарға сай жұмыс атқарғаны үшін «Еңбек ері» медалімен марапаттаған. Ал, бүгінде онсыз да тапшы жұмысшы мамандардың еңбегін құнсыздандырып жіберген жоқпыз ба?

Сиыр сүті мен одан алынатын өнімдер бүгінде аса үлкен сұранысқа ие. Өңірде ғана емес, ел аумағында Зеңгі баба тұқымының саны көбейген сайын ішкі нарықтағы сұраныс ар­тып жатыр. Дүкен сөрелері мен ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерінде табиғи сүт, қаймақ, ірімшік, балқаймақ өнімдерін тұрғындар ке­зекке тұрып алады. Осы орайда Аты­рау өңірінде, Махамбет ауданының аумағында 2014 жылы жаңа техноло­гиямен жабдықталып ашылған, «Пер­вомайский» сүт өндіру зауытының өнімдері де жергілікті халықтың жоғары сұранысына ие. Аманжол Есқараев сынды облысқа танымал, сыйлы ағамыздың бастамасымен құрылған зауыт – Атырау облысын- дағы индустриалдық-инновациялық бағдарлама аясында мемлекет­тен көмек алған кәсіпорындардың бірі. Первомайда галштина-фриз тұқымындағы сиырдан күніне 10 тон­на сүт алу жоспарланып, бастапқыда 400 бастай аналықтың 250-ін сау­ып отырды. Арнайы сүтті бағытта өсірілетін сиыр малы жемшөбі дұрыс, сауыны уақытында, қорасы қыста жылы, жазда қоңыр салқын болса, өнімді де жақсы береді. Ал олардың жаңа туған бұзауларын баптап, сауын сиырларын уақытылы сауып, күтім жасайтын сауыншылар да тәжірибелі болғаны абзал. Осы ретте қырық жылдан астам өмірін сауыншылыққа арнаған маман Тоғжан Бақшатова – Бейбарыстың байырғы тұрғыны, зей­неткер. Бір кездері атағы дүрілдеп тұрған «Первомай» совхозынан 1983 жылы еңбек жолын бастаған ол бүгінде осы саланың ардагері атанып отыр. Алғашқы мамандығы есепші болғанымен, 1983 жылдан 2018 жылға дейін қырық жылдың үстінде сиыр сауып, зауытта еңбек еткен апамыз оның қыр-сырын жақсы біледі. Әр сауын сиырдан күніне 150 литр сүт алып, жаңа туған бұзауқандарды өз қолымен сүтке үйреткен Тоғжан Бақшатова 2012 жылы «Үздік сауын­шы» марапатына ие болып, құрметке бөленген еді. Зауыттың сиыры аппа­ратпен сауылады демесеңіз, мұнда да күн тәртібі таңғы 5-те басталады. Жаңа туған жас қашарларды сауынға үйрету, қолға үйрету, идіру, бұзауын да тойдыру, оларды балаша күтім жасауға да қажырлы қайрат керек. Малдың тілін екінің бірі түсініп, бабын таба бермейді. Жаңа туған сиырға да жаңа босанған келіншектей күтім жасап, бапталады екен. Осындай ты­нымсыз тіршілікпен өткен қырық жылдық еңбек өтілінде Тоғжан апай өзінен кейінгі шәкірттерін де дайын­дап кетіпті. Бүгінде олардың дені зау­ытта еңбек етіп жүр. Қарапайым сау­ыншы деген атауы болмаса, білдей бір зауыттың негізі болып отырған өнімге жауапты мамандардың жұмысы оңай емес. Бүгінде бейнетінің қадірлі зейнетіне жеткен Тоғжан апай әлі де төрт сиыр сауып, сүтін пайдаға жара­тып отыр.

Жалпы елімізде Жұмысшы мамандықтар жылы жарияланғанда ғана жұмысшы саланың маңыздылығы мен ондағы кадр тапшылығы мәселесі айқын көріне бастағандай. Осы ретте еліміздің ауыл шаруашылығы саласында ма­мандар жеткіліксіз екенін бірі білсе, бірі білмес. Көктемгі егіс уақыты басталғанда дихандарымыз меха­низатор, тракторист, комбайншы таппайды. Қандай жоғары жалақы болса да, тәжірибелі мамандар – жоқтың қасы. Ал жер көктеп, төрт түлік жайылымға шыққан уақытта бақташы мәселесі де қолды байлап тұр. Күніне 5 мың теңге төлеп, он үйдің қойын бақтыруға адам таппай отырған тұрғындардың базынасын да жергілікті билік біледі. Әлеуметтік желідегі жарнама парақшаларын ашып қалсаңыз, сауыншы мен бақта- шы іздеп, еліміздің түкпір-түкпірінен хабарландыру жарияланған. Атырау, Семей, Жезқазған, Қарағандыда мұндай қызмет үшін айына орта есеппен 250-300 мың жалақы ұсынса, көршілес Орал қаласының аудандары 100-120 мың теңгеге жұмысшы іздеп отыр.

Өткен ғасырдың 20-30 жылда­рында кеңес өкіметі қазақты жап­пай отырықшыландырып, дәстүрлі көшпенді шаруашылықтар күйрей бастағаны тарихтан белгілі. Ал халықты біржола отырықшылыққа көшіргеннен кейін мыңдаған жылдар бойы далаға «бауыр басқан» жылқы, түйе малын да бірте-бірте азайтып, сүт- тауарлы шаруашылықтарда сиырдың саны көбейе берген екен. Осылайша халықтың күнделікті тұрмысындағы түйе және қой сүті өнімдері, қымыз өндіру бірте-бірте ұмытылып, сиыр сүті жаппай қолданысқа енгізілген. Кеңес заманының кейінгі онжылдықтарындағы сүт өндірісіне қатысты деректер тек бірыңғай сиыр сүтіне ғана негізделгендей әсер қалдырады. Өкінішке қарай, екі қолға бір күрек таппай жүрген жастарға бұл салада болашақ жоқ секілді көрінуі мүмкін. Әйтсе де әлеуметтік желіде өндірістің сұранысынан түспейтін ет-сүт өнімдерін сатып, қырда мал баққан қазақ отбасыларын жиі көреміз. Олардың еңбек жолын, жетістігі мен табысын жиі жариялау арқылы ғана жұмысшы салаға бетбұрған жастардың қатары көбейе ме деген сенім бар.

А.САТАЕВА.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT