Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

КӨПШІЛІККЕ СЕРПІН БЕРГЕН СҰХБАТ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бүгінгі «Ана тілі» газетіне берген сұхбатын толық оқып шықтым. Сұхбат ашық әрі шынайы болғаны көрініп тұр. Президент бұл сұхбатының басында өткен 2024 жылға баға беріп, кеңірек тоқталған екен. Сұхбаттан түсінгеніміз былтыр елімізде 18 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, 7 мың шақырым автокөлік жолы салынып, жөнделіпті.

Қайта өңдеу секторы қарқынды дамып, оның өнеркәсіптегі үлесі өндіру саласының деңгейіне жуықтаған. Сол сияқты диқандар 27 миллион тоннаға жуық астық жинап, соңғы он жылдағы рекордтық көрсеткішке қол жеткізіпті. Бұдан соң президентіміз былтырғы тасқын кезіндегі құтқарушылар мен еріктілердің ерлігін баса айтып өтті. Әрине, мұның ішінде туған жерін тасқын судан қорғаған жерлестеріміз де бар деп білемін. Мәні мен маңызы зор сұхбатта елімізде бизнесті қолдау мәселесі де айтылды. Мемлекет басшысының айтуынша, былтырғы сәуір айында кәсіпкерлерге қолайлы жағдай жасау үшін бизнесті жүргізу мәселесіне қатысты заң қабылданды. Енді бұрынғыдай заңсыздықтарды тексеруге емес, оның алдын алуға көбірек басымдық берілетін болады.

Расымен де, мемлекет субсидия, жеңілдетілген несие және кепілдендірілген қарыз беру арқылы шағын және орта бизнеске қолдау көрсетіп отыр. Сөз арасында мемлекет басшысы шағын және орта бизнестің өкілдері 4,3 миллион адамға, яғни еңбек етіп жүрген азаматтардың тең жартысына жуығына жұмыс тауып беріп отырғанын да тілге тиек етті. Сондай-ақ, бизнеске мүлде қысым көрсетілмеуі керектігін және шенеуніктер мен күштік құрылымдардың қызметкерлері мұндай әрекеттері үшін жазаланып жауапкершілікке тартатылатынын атап өтті. Демек, енді кәсіпкерлер ешкімге жалтақтамай жұмыс жасай беруі тиіс. Сол сияқты сұхбатта елімізде өзекті мәселеге айналған бірыңғай уақыт белдеуі, теңге бағасының долларға шаққандағы құлдырауы, қаңтар оқиғасы, Талғар қаласындағы Шерзат өлімі, тұңғыш президентпен қарым-қатынасы сынды жағдайларға да мемлекет басшысы өз көзқарасын білдіріп өтті. Бір сөзбен айтқанда, бұл жыл басындағы маңызы зор, әрі көпшілікке серпін берген сұхбат болды.

Алтынзер БАЙМҰРАТОВА,

аудандық мәслихат депутаты, аудандық кәсіпкерлер палатасының директоры

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT