Дана халқымызда «Үш нәрсенің алдын ал: аурудың, жаудың және қайта қозған даудың алдын ал» деген қанатты сөз бар. Қазақ – ежелден тура сөзге тоқтаған, ел мен ел арасын бір ауыз сөздің құдіретімен бітістіре білген шешен де дана халық. Бабалардан қалған дауды өзара бітімгершілікпен шешу дәстүрі бүгінде қайта жаңғырып, ел арасында кеңінен қолданылып келеді.
«Медиация» деген заманауи атаумен аталатын тараптарды мәмілеге шақыру әдісі біздің халқымызда би-шешендердің институтынан бастау алады.Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа жолдауында:
«Менің басты міндетімнің бірі – Қазақстанды қауіпсіз әрі жайлы елге айналдыру. Құқық қорғау органдарына және басқа да жауапты мекемелерге азаматтардың қауіпсіздігін барынша қамтамасыз ету жүктелді» делінген еді.
Сондықтан, біздің тараптан да әр азаматтың заң алдында қауіпсіздігі басты назарда. Ағайын-туыс әріптес, ауыл-аймақ, көрші-көлем, қала берді, қоғам болып өмір сүрген соң адамдар арасында түсінбеушілік пен дау-дамайдың орын алуы – заңды құбылыс. Осындай сәтте ел азаматтары бірден соттың төрелігіне жүгінбей, медиацияның мәмілеге шақыру функциясына мойын бұрар болса, бұл дауласушы тараптардың қай-қайсысы үшін де дұрыс шешім болмақ. Себебі, медиация арқылы тараптардың татуласуы кезінде уақыт үнемделеді, мемлекеттік баж секілді шығындар шықпайды, екі тарап та риза көңілмен тарқасады. Сонымен істің медиация арқылы қаралуының сотта қаралудан қандай айырмашылығы бар, соған тоқталайық. Сот өндірісінен айырмашылығы-медиация барысында «кінәлілер» мен «кінәсіздер» болмайды. Өйткені, бұл құқық саласы қылмыс жасаушылар қатарын бірыңғай бас бостандығынан айыру жолымен жазалауды емес, адам құқықтары мен бостандығын қорғауды және қалпына келтіруді көздейді. Медиацияның тағы бір оңтайлы жағы- қаржылық жағынан соттық шығынға қарағанда төмендігінде және уақыттың үнемділігінде. Сотта іс әдетте ұзаққа созылады, ол тіпті айларға созылуы мүмкін. Бірнеше мәрте сот отырыстары белгіленеді, оған тараптардың бірінің өкілдері келмеуі де мүмкін, сөйтіп жағдай ушыға түседі. Бұл ретте медиация тараптардың еріктілігі және жеделдетілген шараның бейресмилігіне қатысты ерекшеліктері алдыңғы қатарға шығады. Медиацияны еліміздің барлық салада дамытуға көңіл бөлініп жатыр. Әсіресе, дау шешуге татуластыру рәсімдерінің орны бөлек. Бабалардан қалған дауды өзара бітімгершілікпен шешудің тамаша тәсілдері заманауи заңдарымызда да көрініс тапты. Соған орай, ел соттары сотқа жүгінушілердің заң аясында татулыққа шақыруда. Қазіргі таңда дамыған елдердің бәрінде дауды шешудің әртүрлі әдістері белсенді енгізіліп жатыр, соның ішінде медиация ерекше және басым орын алып отыр, оларда даулардың 80-90 пайызы сотқа жеткізілмей, медиация арқылы шешіледі. «Медиация туралы» заңның аты бөлек болғанмен, біздің халқымыз оны бұрыннан қолданып келеді. Олай дейтініміз, қазақ үшін бітімгершілік билік айтудың ең озық өнегесі саналады. Дана билеріміз, атап айтқанда, Төле, Қазыбек, Әйтеке билер дау атаулыны бітімгершілік жолымен бітіріп отырған. Мұндағы мақсат елдің бірлігін сақтау, сол арқылы халықты татулыққа үндеген. Қазіргі заңдарымызда бұл норманың жандануы мемлекетіміздің тұтастығын нығайтуда үлкен рөл атқарады. Билер сотты дәстүрлі қазақ қоғамында қалыптасқан билік институтының құқықтық нормаларды реттеудегі озық үлгісі десек, оларды ұрпақтан ұрпаққа жеткізу – біздің басты мақсатымыз.
Мерлан Кусайнов,
Исатай аудандық соттың төрағасы