Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 Адрес электронной почты защищен от спам-ботов. Для просмотра адреса в браузере должен быть включен Javascript.

Астанада абыройы асқақтады

Мемлекет басшысы «Адал азамат» ұғымын айтқанда көз алдымызға өз қызметіне үлкен жауапкершілікпен қарайтын азаматтар келеді. Солардың бірі, бүгінгі кейіпкеріміз Бидолла Ғұмаров – «Әскерилендірілген теміржол күзеті» АҚ «Атырау теміржол күзеті» филиалының Ақкөл ауылындағы атқыштар командасында жұмыс жасайды. Бірде-бір, тіпті кішкене нәрсе де назарынан тыс қалмайды, көз жұма қарамайды. Мысалы, вагонда ақау болуы да мүмкін. Халық игілігіне қол салып, жүк вагондарына ұрлыққа түсіп, оңай олжа тапқысы келетіндер де кездеседі. Соның бәрін байқап, тиісті шарасын алады.

Бидолла Ғұмаров салада 40 жыл бойы үзбестен еңбек етіп келе жатқан өз ісінің майталманы. Еңбегі еленіп, жақында  Астана қаласының  төрінде «Үздік күзетші» атағын иеленді. 1964 жылы 15 тамызда дүниеге келген Бидолла Сұлтаналиұлы Бірлік ауылының тұрғыны. Алты бала тәрбиелеп өсірген әке.  Әскерилендірілген теміржол күзетінде ұзақ жылдар абыроймен қызмет атқарып, қиындықтардан қашпайтын, бүгінде жастармен кәсіби және өмірлік тәжірибелерімен бөлісіп жүрген маман. Сонау 1985 жылдың 30-шы шілдесі күні Мақат стансасының атқыштар командасына жүктерді серіктеу жөніндегі күзетші қызметіне қабылданған. 1998 жылдың 8-ші шілдесінен бастап Ганюшкин атқыштар командасына жүктерді күзету жөніндегі күзетші болып ауыстырылды. Үнемі өз міндеттерін және әскери күзетшінің атқаратын жұмыстарын толықтай, әрі мұқият орындайды. «Ақсарай-2» бекетінде жүктерді қабылдау-тапсыру жұмыстары кезінде қырағылық танытып, коммерциялық ақауы барларын дер кезінде анықтап, қарауыл бастығына көрсетіп, кемшіліктердің актке дұрыс түсуіне себепші болып жүреді. «Адамды ісіне қарап таны», демей ме, Бидолла Сұлтаналиұлы  ұжымдастары үлгі тұтатын азамат.

Қызметте өте тәртіпті, жауапкершілігі мол, тапсырылған жұмыстарды дер кезінде орындай білетін, сенім мен сыйластыққа лайықты қызметкер. Қарауыл бастығы лауазымында атқарған кездері болды. «Тәртіпке бағынған құл болмайды», дегендей, Қазақстан Республикасы заңдарының нормалары мен талаптарын және ұйымның актілері мен құжаттарының орындалу тәртібін өте қатаң сақтайды. Үлкен адамгершілігімен, білгенін жастарға үйретуден жалықпайтын қасиетімен, кең пейілімен, адамдармен жақсы қарым-қатынасымен, кімменде тіл табыса кететіндігімен  ұжым арасында беделді. Бірлік ауылынан айдамал келіп жұмыс жасаса да, қызмет уақытынан кешікпейді.  Сынға дұрыс көзбен қарап, дер кезінде өздігінен оңтайлы шешім қабылдай алады. Барлық ауыртпалықтарды көтере біледі. Арнайы құралдарды, қару-жарақты қолдану, сақтау, тағып жүру ережелерін және техника қауіпсіздігі шараларын толықтай меңгерген. Қандай тапсырманы да өз дәрежесінде орындай алатын сенімді қызметкер Бидолла Сұлтаналиұлының алып жатқан бұл марапаты  әскерилендірілген теміржол күзетінің қызметкерлері үшін мерей, қиын жұмысты абыроймен атқарып келе жатқан ұжымға көрсетілген құрмет деп білеміз. Жалғасын таба берсін!  

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT