Бүгінгі Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев тұрғын үй қорын басқару жүйесін жаппай реформалап, тұрғын үйдің санына емес, сапасына баса назар аудару қажет екендігіне тоқталды. Елімізде соңғы кездері баспана алу мәселесі оңтайлы шешіліп келеді.
– Біз былтыр тұрғын үй құрылысы бойынша рекордтық көрсеткішке қол жеткіздік (19 миллион шаршы метр). Бұл – өте жақсы. Бірақ тұрғын үйдің санына емес, сапасына және оның қолжетімді болуына баса назар аударған жөн, -деген Мемлекет басшысы соңғы жылдары құрылыс сапасына тұрғындардың көңілі толмай жүргендігін, сондықтан сын-ескертпелерді шешіп, тұрғын үйлердің сапасына баса мән беруді тапсырды.
Соңғы жылдары аудан тұрғындарын баспанамен қамтуда жүйелі түрде жұмыстар атқарылып келеді. Қазақстан Республикасының «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңына сәйкес, азаматтарды тұрғын үй кезегіне тіркеу бес санат бойынша жүзеге асырылуда. Қазіргі таңда аудан бойынша тұрғын үй кезегінде 806 адам тіркелген. Оның ішінде, «Жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар» санатымен – 30, «Халықтың әлеуметтік осал тобы» санатымен – 263, «Көпбалалы отбасы» санатымен – 246, «Жалғыз тұрғын үйі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен апаттық жағдайда деп танылған азаматтар» санатымен – 98, «Мемлекеттік қызметшілер, бюджеттік ұйым қызметкерлері» санатымен 169 адам. 2023 жылы барлық санат бойынша 56 үй беріліп, өткен жылы 44 тұрғын жалдамалы тұрғын үйлермен қамтамасыз етілсе, «Бақытты отбасы – Атырау» бағдарламасы аясында халықтың әлеуметтік осал тобы бойынша бес тұрғын баспаналы болды. Бұдан бөлек, 35 жасқа дейінгі жастарды тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін «Атырау аудан жастары» бағдарламасы бойынша бес тұрғынның өтініші қабылданып, бір тұрғын өз еркімен бас тартты. Ал, аталмыш заңға сәйкес, кезекте тұрған азаматтарды баспанамен қамтамасыз ету үшін биыл 140 үй беру жоспарда бар. Қазіргі уақытта соның ішінде 80 тұрғын үйді қабылдау жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Ерсағын ҚҰМАРОВ,
аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық,
жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы