Ұлы Отан соғысында ерен ерлік көрсеткен батыр қыз Хиуаз Доспановаға 2004 жылы Елбасының Жарлығымен «Халық Қаһарманы» атағы берілді.
«Атырау халықаралық әуежайына Халық қаһарманы Хыйуаз Доспанованың есімін беру керек»-деген бастама бастаған белгілі журналист Тұрсын Қалымованың Хиуаз Доспанова туралы кітабының тұсаукесері өтті. Көңілге қуаныш ұялатады.
Қазақтың «қанатты қызымен» соңғы жүздескен адамдардың бірі есебінде көңілге түйген жайымды жазбақпын.
... Ұлы Жеңістің 60 жылдығы қарсаңында Хиуаз Доспанованың көзі тірі кезінде өзімен жүздесіп, шүйіркелесуге мүмкіндік туған еді. Сол кезеңде 80-нің үстіне шыққан, соғыстың зардабы мен уақыт салған салмақтан шөгіп бара жатқан батыр апамыздың жағдайын көріп, Хиуаз апада кәрілікке мойынсұнғысы келмейтін өр мінездің басымдылығын көріп, қазақтың қаһарман батыр қызы осындай болса керек деп түйген әңгімесін естігенмін. Өйткені, ол кісімен сөйлесе келе, оның бойынан Отанға деген патриоттық сезім мен коммунистік антына адал болғанын, Ұлы Отан соғысында жасаған ерлігін – «ол менің Отан алдындағы перзенттік борышым» - деп өзінің бағалауы, Хиуаздай апаға ғана тән - Ұлы Тұлғаның ерлігі, Отанына қырағылықпен қызмет етуге берген антынан ауытқымай, өмір бойы қалыптасқан ішкі ұстаным, нақтылық, ашып сөйлесуден өзгермей өткен жан екен деп түйдім. Хиуаз апа қанша қартайса да, жүрегінің түкпірінде туған жерге деген сағынышы Гурьевті, Ганюшкиноны айтқанда ерекше елең ете қалып, көзі жанып, өткенін, елін тамсана әңгімелеуі – ажал мен отты көрген батыр бола тұра, туған елге дегенде жүрегінің нәзіктігі деп түйдім.
Хиуаз Атырау халқы үшін кім еді?...
Хиуаз Доспанова 1922 жылы 15 мамырда Атырау облысы, Құрманғазы ауданы, Зормата ауылында Доспанов Қайыр мен Меруерттің отбасында өмірге келген.
Әкесі Қайыр 1894 жылы Бөкей губерниясының Теңіз уезінде дүниеге келген. Революцияға дейін балық аулап, байлардың жалшылығында болған Қайыр, Астрахань мұсылман мектебінде оқып, 1917 жылдан 1920 жылға дейін уездік екінші округте аға миллиционер болып істейді. Белгілі мемлекет қайраткерлерінің бірі Нұғыман Манаев, Сейітқали Меңдешовтермен бірге партия жұмыстарында жұмыс істеп, 1925 жылы Орал губерниясына жұмысқа ауысып, губерниялық соттың мүшелігіне сайланған.
Қайыр Доспанов 1925 жылы 5 - ші Бүкілқырғыздық Кеңестер сьезіне, Қазақстан өлкелік VII, VIII партия конференцияларына делегат болып қатысқан.
Өмірінің өнегелі жолдарымен мақтануға тұрарлық абзал Азаматтың қызы Хиуаз, әке қанымен келген алған бетінен қайтпайтын өжеттігімен 1940 жылы Орал қаласындағы орта мектеті үздік бітіргенде «запастағы ұшқыш» деген мамандық та алып шығады.
Білім қуған Хиуаз Мәскеуге жол тартып, Мәскеуден Қиыр Шығысқа дейін қонбай ұшып, әлемді таңдандырған Расковаға еліктеп, «Расковадай боламын» деген арманмен Жуковский атындағы әскери - әуе академиясына оқуға түспек болады. Мұндай оқу орыны қазақ даласынан келген қараторы қызды оқуға қабылдануына мүмкіндік бермегесін, намысы жасымаған Хиуаз Мәскеудің I-ші медициналық институтына оқуға түседі. Ұлы Отан соғысы басталғанда атақты Марина Раскованың қыз-келіншектер авиаполкіне қабылданған Хиуаз, Саратовтың әскери–әуе училищесіне жіберіледі. Мұнда штурмандар даярлайтын сыныпты аяқтап, 1942 жылы авиация тарихында тұңғыш рет құрылған түнгі уақытта жау позицияларын бомбалайтын әйелдер авиаполкінің құрамында майданға аттанады.
Майдан даласы - ел тағдыры мен ұлт намысын бағамдайтын орта. Осы намыс жетегіндегі қазақ қызы соғыстың төрт жылында Солтүстік Кавказ бен Кубань, Қырым мен Украина, Белоруссия мен Польша, Германияда жау ошағына қырандай шүйіліп, тұйғындай қадалды. Соғыс даласында ауыр жарақатта алды, емделіп алып, ұшағына қайта отырды. Жау тылына үш жүз рет ұшып барып, жауынгерлік тапсырмалар орындаған Хиуаз «қанатты қыз» атанды.
Хиуаз соғыстан екінші топтағы мүгедек болып оралып, жоғарғы комсомол жұмыстарында, Алматы қалалық партия комитетінің 2- ші хатшысы , т.б. қызметтерді атқарған.
Өз ісіне жоғары жауапкершілікпен қарайтын, биік адамгершілік қасиеті, бірбеткей, турашыл мінезімен Хиуаздың тек елім үшін, халқым үшін деген сеніммен еңбек еткендігін замандастарының естелігінен білеміз.
Соғыс салған жараның әсері Хиуаз Доспановаға одан әрі жұмыс жасауға мүмкіндік бермей, денсаулығына байланысты 1959 жылы зейнеткерлікке шығады.
Қазақтан шыққан жалғыз ұшқыш қыз зейнетке шыққасын да қарап отырмай , өзімен бірге ұшқан қарулас достары туралы «Өмір үшін», «Бомбы ложились в цель», «Мы аэроклубовцы», «Ширек ғасыр» атты мақалалар жазып, полк туралы кітаптар жазған. 1960 жылы «Под командованием Расковой» атты кітабын шығарса, Ұлы Жеңістің 20 жылдығына арналған ғылыми конференцияда «Великий подвиг советского народа» атты баяндама, 1963 жылы өз өмірі туралы «Халқым үшін» кітабын жазады. Уақыт жылжыған сайын Хиуаз апаның қатарлары сиреп, қоғамдық ортамен байланыс азайып, ескерілу тұстары кеми берген.
Рухының күштілігімен айналасын құрметтеп өмір сүрген Хиуаздың қадірін мезгілінде түсініп, уақытында құрметтеген , соғысты көріп, ерліктің бағасын білген ат төбеліндей текті азаматтар, оның ішінде Бауыржан Момышұлы, Талғат Бигелдинов, Мәлік Ғабдуллин, Әбу Сарсенбаев сияқты ағалары Хиуазды қадыр тұтқан және тұстас ағаларын өзі де құрметтеп өткен.
Хиуаз Доспанованың ерлік жолдарын көрсетер құжаттарын Атырау облыстық мемлекеттік архивіне, облыстық тарихи-өлкетану музейіне жинақтау бағытында ҚР Орталық мемлекеттік архивінде, жанұясымен және Хиуаздың есімін елге таныстырған Қанапия Ахметов, Оразай Батырбеков, С.Кенжебаевтардан естеліктер алу барысында көп жайларға қанықтық.
Ұлы Жеңістің 50 жылдығына Хиуаз Доспановамен комсомолда қызметтес болған Қанапия Ахметов, Оразай Батырбеков, Михаил Есеналиев батыр қыздың үйіне барып құттықтап, содан шыққан соң Хиуаздың ерлігін елге кеңінен насихаттау туралы идея туындап, сол адамдардың бастамасымен ақпарат беттерінде Хиуаздың майдандағы ерлігі туралы көптеген мақалалары жарық көреді.
2004 жылы Ел Тәуелсіздігінің мүшелді тойы қарсаңында, өрімдей жастық шағында көкірегіне көзсіз ерлікті, бейбіт өмір белесінде ұлағаттылықты ұялатқан, өзі айтатындай «халқы сыйлайтын, ұрпағын ұялтпайтын өмір жолынан өткен» абзал жанға Елбасы Н.Назарбаевтың Жарлығымен «Халық Қаһарманы» атағы беріліп, Алтын Жұлдыз айырықша белгісі тапсырылды. Қазақтың батыр қызы, ұшқыш қызы Хиуаз Доспанова 2008 жылы өмірден өтті.
«Ерін ардақтаған ел азбас» демекші, Хиуаз Доспанова халқымен қайта қауышты.
Қан майданда халық намысын жоқтап, оқ пен оттан өткен, бейбіт өмірде қайсар қайраткерлігімен билік тұтқасын ұстап, өз дәуірінде баршаға танылған жан – Хиуаз аты , Шығыстың қос шынары Маншүк пен Әлияның сыңары, аты да батыр қыз, мәңгі жастықтың алауы болып тарихқа жазылды.
Елін қорғаған батырларды ұлғылау, олар туралы жазылған шығармалар – келешек ұрпақтар жадында қалатыны сөзсіз.