Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында: «Тиімді шағын және орта бизнес – қала мен ауылды дамытудың берік негізі. Шағын, әсіресе, микробизнес еліміздің әлеуметтік-экономикалық және саяси өмірінде маңызды рөл атқарады.
Атап айтқанда, ең алдымен, ауыл тұрғындарына тұрақты жұмыс береді, жұмыссыздықты азайтады. Сонымен қатар салық базасын құрап, жергілікті бюджетті нығайтады. Сондай-ақ, жаппай кәсіпкерлікті дамыту санаға сіңген патерналистік пиғыл мен масылдықтан арылуға мүмкіндік береді. Сондықтан мемлекет алдағы уақытта да бизнеске қолдау көрсете береді» деген болатын. Демек, кәсібінен нәсібін тауып, елдің еңсесін көтеру бағытында күндіз-түні еңбек ететін шағын және орта бизнес өкілдерінің орны бөлек. Әйтсе де, осынау кәсіп иелері де түрлі кедергілерге тап болып жататыны жасырын емес. Бұл ретте «Кәсіпкерлікті дамытуға не кедергі?» деген сауалдың қылаң беретіні аян.
Несиелік бағдарламалар қолайлы болуы керек
Ауданда шағын және орта кәсіппен айналысатын жандардың саны жыл санап артуда. Олар өздерінің қалаған кәсібімен айналысып, аудан экономикасын көтеруге үлестерін қосып келеді. Ауыл шаруашылығын дамыту мақсатында ұлттық қордан, түрлі қаржы институттарынан қомақты қаржы бөлінуде. Шаруа қожылықтары мен шаруашылықтарға асыл тұқымды малдарды сатып алғаны және селекциялық жұмыстар жүргізгені үшін субсидия төленді. Алайда, жаңадан құрылған кооперативтерді қаржыландырып келген «Береке» бағдарламасы, субсидия төлейтін «Ынтымақ» бағдарламасының өткен жылдан бастап тоқтап қалуы біраз кәсіпкерлердің жұмысына кедергі келтіруде. Аталмыш несиелік бағдарламалар шаруагерлерге барынша қолайлы болатын.
Бұл бағдарламалар аясында несие алған жеке адамдар шаруаларын дөңгелентіп келе жатқан еді. Бағдарламаның тоқтатылуы олардың жұмыстарына кері әсер етті. Сондықтан, мемлекет тарапынан кәсіпкерлерге барынша қолайлы жағдай туғызатын несиелік бағдарламалар жасалып, ұсынылғаны жөн. Сонымен бірге, күн тәртібінен түспей қозғалып жүрген мәселелердің бірі – кәсіпкерлік нысанды табиғи газге қосу үшін бір метрге кететін шығын көлемінің нақты анықталмауы. Бұл мәселелер аудан әкімдігі тарапынан көтеріліп, жоғарыдағы басшыларға қойылып келе жатқанымен әлі нақты шешімі табылған жоқ. Сондай-ақ, кейбір кәсіпкерлер мен шаруагерлер маман жоқ, жұмысшылар келмейді, келгендері тұрақтамайды дегенді айтады.
Дегенмен қажетті мамандарды кәсіпкердің өздері оқытып, дайындап алғаны жөн. Ал, келген жұмысшылардың тұрақтауы үшін оларға жағдай жасап, еңбекақыларын келісім бойынша уақытылы төлеп тұрса мәселе өздігінен шешіледі деп есептеймін. Жалпы ауданда кәсіпкерлік саласы бойынша көтеріліп жатқан мәселелердің басым бөлігі рет-ретімен шешімін табуда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мамыр айындағы мәлімдемесінде еліміздегі жеке қосалқы шаруашылықтың жұмыстарын жандандыру қажеттігін, ауылдағы кооперациялық желіні дамыту үшін «Егіс даласынан – дүкен сөресіне дейін» атты пилоттық жобаны бірнеше өңірде бастау керектігін тапсырған болатын. Бұл қыр төсінде мал баққан шаруагерлер үшін тиімді болмақ.
Зинеш САРБУФЕЕВА,
аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы
Сурет: ашық дереккөзден