Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

ҮЙЛЕНБЕЙ ЖАТЫП НЕГЕ АЖЫРАСАМЫЗ?

«Үйлену оңай, үй болу қиын» дейді халқымыз.

Бұл ретте, үйленудің оңай екендігін біліп, көп ұзамай отбасылық қиыншылықтарға шыдамай, ажырасып кетіп жатқан жастар қаншама?! Сонда бұған кім кінәлі? Неге үйленбей жатып ажырасып кетуге әуеспіз? Міне, біз осынау көкейкесті сауалдарға жауап іздегенді жөн көрдік.

«Отбасылық кеңес» ашылса игі

Әлбетте, «Отбасы – шағын мемлекет» деген атаққа ие болып, немереден шөбере сүйіп, ғибратты ғұмыр кешкен қандай жақсы?! Осының барлығы екі жастың қандай қиындыққа болса да, төзе біліп, отбасының татулығын сақтай білуінің арқасында келеді емес пе?! Бірақ, жастар арасында болмайтын нәрсе үшін ажырасуға белін бекем буып шыға келетіндердің көбеюі көңілге кірбің ұялатады. Деректерге жүгінсек, 2018 жылы аудандық сотқа 25 отбасыдан неке бұзу туралы талап арыз түссе, өткен жылы оның саны 43-ке жетті. Неке бұзу туралы талап арыз сотқа түскен бойда судья бес жұмыс күн ішінде Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының «Алгоритм-2» пилоттық жобасының негізінде татуласу рәсімін түсіндіру үшін тараптарды шақыртып, дайындық жұмысын жүргізеді. Ал, талап арыз түскеннен кейін бір айдан соң істі қарауға тағайындайды.

Тағайындалған уақытта судья тараптардың түсініктемелерін тыңдай отырып, егер де бір тарап некені бұзуға келісімін бермеген кезде немесе келісім беріп тұрғанның өзінде судья сол отбасын сақтауға әлі де мүмкіндіктері бар деп есептеген кезде де соттың өз бастамасымен татуласуға уақыт береді. Бұл рәсімнің барлығы заң бойынша отбасын сақтап қалу үшін көзделген шаралар. Жалпы, Қызылқоға аудандық сотында татуласу рәсімдерін дамыту мақсатында билер кеңесінің, кәсіби емес медиаторлардың, аналар кеңесінің қатысуыларымен мобильді топ құрылып, жеті ауылдық округті аралап, түсінік жұмыстарын жүргізді. Кәсіби емес медиаторлардың белсенді жұмыс атқаруының нәтижесінде өткен жылы 10 отбасының некесі бұзылуына жол берілмеді. Сонымен қатар, аудандық сотпен аудан әкімінің атына «Отбасылық кеңес» ашу туралы хат жолданып, дөңгелек үстелдер өткізіп, сотпен неке қиюға арыз берген кезден, неке қию туралы куәлікті алғанға дейін ерлі-зайыпты атанғалы отырған жұптарға отбасының не екені, ондағы кездесетін әртүрлі мәселелер, келін мен ененің, әйел мен күйеудің арасында болатын қарым-қатынастар туралы мағлұмат беру, психолог мамандардың қатысуымен түсіндіру жұмыстарын, жыл сайын «Үлгілі отбасы» атанып жатқан отбасы мүшелерімен кездесу шараларын ұйымдастыру ұсынылған болатын.

Ондағы мақсат – аудандағы отбасылардың шаңырағының бұзылмауын сақтап қалуға атсалысу. Өйткені, жоғарыда айтқанымыздай жылдан жылға сотқа некелерін бұзу талабымен жүгінген азаматтардың санының артып отырғаны бізді де бей-жай қалдырмай отыр. Жалпы, отбасын сақтап қалуға бір ғана соттың өзі тырысуы жеткіліксіз. Сондықтан, бұған баршамыз бір кісідей атсалысып, екі жастың ажыраспауы жолында қызмет еткеніміз дұрыс. Билер кеңесіне неке бұзу туралы істі қарауда тараптар жүгінген кездер болды. Алайда, әрбір отбасындағы алған тәрбиесі де бұл кездері өз көрінісін тауып жатады. «Еститін құлақ болса» дегендей кейбір ерлі-зайыптылар үлкеннің сөзін жүрегімен қабылдағысы келмейді. Соның салдарынан ерлі-зайыптылар болашағын емес, көбіне көп өткен өміріне өкініші, реніші басым тұрып, сол өкпемен отбасын бұзып та жатады.Тума-туыс, көрші-көлем болып ерлі-зайыптылар ажырасып жатыр деген сыбысты естіген бойда балтыры сыздамайтынның кейпін танытпай, барынша татуластыруға тырыссақ, некесін бұзушылар саны азайып, екі жастың тату тәтті, бақытты ғұмыр кешулеріне септігіміз тиген болар еді.

Айтжан ДОСМАҒАМБЕТОВА,

аудандық соттың төрағасы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521