Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

«ӘР СОҒЫСТА БАТЫРЛЫҚ ПЕН ЕРЛІКТІҢ ОРНЫ БАР»

Енді екі күннен кейін Кеңес әскерлерінің Ауғанстан елінен шығарылғанына 31 жыл толады.

ajgul

Бұл ретте, «Отан алдындағы жауынгерлік борышын өтеу барысында жат жерде жан тапсырып, құрбан болған боздақтардың есімдерін халық жадында мәңгі қалдыру, от пен оқтың ортасынан аман оралып, бүгінгі тәуелсіз еліміздің дамуына жан-жақты атсалысып, үлес қосып жүрген Ауған соғысының ардагерлерін жас ұрпаққа қаншалықты насихаттап жүрміз?» деген сауал туындайтыны анық. Міне, осы және басқа да сұрақтарды алға тартып, филология ғылымдарының кандидаты, «Ауған соғысындағы атыраулық жауынгерлер шежіресі» кітабының авторы, жерлесіміз Айгүл Ермековамен сұхбаттасқанды жөн көрдік.

– Айгүл Әміржанқызы! Сіздің Ауған соғысының ардагерлері туралы қалам тербеп жүргеніңізден хабардармыз. Айтыңызшы, бұл тақырыпқа бет бұруыңызға не себеп?

– Мен отыз жылдан бері жоғары оқу орнында оқытушымын. Қазіргі студенттер мен жастар Желтоқсан көтерілісі мен Ауған соғысын білмейді деп айтуға болады. Жыл сайын 15 ақпан – Кеңес әскерінің Ауған жерінен шығарылғанын күнінде осы тақырып бойынша баспасөз беттерінен берілген жайттармен ғана тоқталатынмын. 1979-1989 жылдар арасындағы соғысқа қатысқан жауынгерлер біздің замандастарымыз болатын. Сондықтан, олар туралы кең көлемде жазылмағанына іштей реніш білдіретінмін. Осы тақырыпты тереңдей зерттеуіме жангелдиндік Гүлсім Сибағатова, Майра Жазықбаева сынды замандастарымыз себепші болды. Соларды халыққа таныстырамын деген ой туып, ақыры, «Ауған соғысындағы атыраулық жауынгерлер шежіресі» деген кітап жазып шығуыма тура келді. Бұл антологиялық туындыға 546 жауынгердің өмірбаяны мен 69 сұхбат енді, өте көп фотосуреттер салынды.

– Ауған соғысының ардагерлерін зерттеу барысында, қандай бұрын беймәлім болып жүрген деректер анықтадыңыз?

– Ауған соғысына облысымыздан сегіз жүзге жуық жауынгер аттанса, соның он үші ауған жерінде қаза болды, бір жауынгер із-түссіз жоғалды. Осыған орай, олардың өміріне деректі сараптама жасап, соғыстан оралғаннан кейінгі 10,15,20 жылда қаншама жас жігіттің денсаулығынан айырылып жастай өмірден озғанын, қаншасының отбасын құрмағанын, ауруға шалдыққанын (жүйкесі бұзылып), өз-өзіне қол салғандарын тағы да басқа жәйттарды зерттеп, Қазақстан Ардагерлер Қауымдастығына жолдадым. Ардагерлердің 5-ші съезінде бейне роликпен дәлелді баяндадым. Бұл бір мекеменің 4-5 жылғы жұмысы екендігін айтып, таң қалысты. Осы жұмысым үшін Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің арнайы медалімен наградталдым. Бұдан соң, үйсіз жүрген бірнеше жауынгерді түбегейлі анықтап, бұрынғы Атырау облысының әкімі Н.А. Ноғаевтың жеке қабылдауында болып, оған құжаттарды дайындап тапсыру арқылы көзін жеткіздім. Нәтижесінде, облыс басшысының қолдауымен, жеке кәсіпкерлердің демеуші болуымен бес жауынгердің баспаналы болуына ықпал еттім. Жалпы, интернационалдық борышын өтеу кезінде әскери наградаларға ұсынылған, бірақ әр түрлі себептерге байланысты алмаған қазақстандық жауынгерлер көп. Осыған орай, «Қазақстан Ардагерлері» қауымдастығының төрағасы Б.Смағұлдың ықпал етуімен Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Төтенше және Өкілетті елшісі Иманғали Тасмағамбетов пен Ресей Федерациясы қарулы күштері орталық мұрағат басшысы И.А.Пермяковтарға ресми хат жолдадық. Жобаға атсалысып қолдау көрсетуін өтініп, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің орынбасары Т.Мұқтаровқа және Ресей Федерациясы Қорғаныс министрінің орынбасары, армия-генералы Н.А.Панковқа өтініш хаттар жолданып, нәтижесінде қауымдастық мүшелері ретінде Қожахмет Пірмашов екеумізге сенімхат беріліп, Мәскеу қаласына іссапарға аттандық.

Сапар барысында Ресей Қарулы күштері бас басқармасы басшыларымен олардың заңдары бойынша басқарма мұрағатынан мәліметтер жинап, елшіміз Иманғали Тасмағамбетовтың көмегімен наградасын алмаған 67 жауынгердің тізімі алынды. Осылайша, Ж.Абдрахманов, К.Бұралхиев, Н.Қуаншекенов, Н.Салиев сынды азаматтардың наградалары Қазақстандағы Ресей елшілігіне жеткізілді. Марапаттардың іздеу жобасы жалғасын тауып, Мәскеу қаласында Ресей заңына сәйкес 10 ауғандық жауынгердің және екі Ұлы Отан соғысы ардагерінің құжаттары РФ ҚМ бас басқармасына табыс етілді. Ұрпақ сабақтастығын жалғастыруға қосқан үлесіміздің бірі – Ұлы Отан соғысында із-түзсіз жоғалды деген Құлбатыр Нұржановтың қоян-қолтық ұрыста көрсеткен ерліктері анықталып, 2018 жылы із-түзсіз жоғалған ІІ топтағы мүгедек интернационлист-жауынгер В.Штурбабинді Мәскеудегі 4-ші психбольницадан тауып, елшіліктің көмегімен елге қайтарылды. Сөйтіп, Мәскеу қаласында Ресей Қорғаныс министрлігінің мұрағаттарынан алынып, Қазақстан елшілігіне тапсырылған Ауғанстан соғысының қазақстандық ардагерлеріне «Ерлігі үшін» және «Жауынгерлік қызметі үшін» наградаларының салтанатты түрде тапсырылуы өтті. Шараны ашқан Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Төтенше және Өкілетті елшісі Иманғали Тасмағамбетов: «Бүгін біз үшін және Отан алдындағы халықаралық борышын адал атқарған ардагерлер үшін айтулы күн. Адамзат тарихындағы кез-келген соғыс – бұл үлкен қасірет, орны толмас шығын. Сонымен бірге, әр соғыста батырлық пен ерліктің орны бар екенін түсіну керек. Бүгін бұл марапат өзінің қаһармандарын тапты деп айтуға болады», - деп тебірене сөйледі. Бұл күні КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1988 және 1989 жылдардағы Жарлықтарына сәйкес марқұм Қайырболат Мұхамеджаров пен Жұмахан Шоңғараев «Ерлігі үшін», Әлім Жұматаев, Александр Кашин, Берікбол Кулов, Көшкелді Омаров және Талғат Сахов «Әскери қызметі үшін» медальдарымен марапатталды. Марқұм Қайырболаттың медалі ұлы Бауыржанға табыс етілді. Елшіліктің жасаған тағы бір сауапты ісі – Ауған соғысының І топтағы мүгедектері (зағип) Кенжебай Әміров пен Бекболат Ереновқа емдеу шаралары ұйымдастырылып, отыз жылдан бері ауыспаған көз протездерін тікелей қадағалаумен Мәскеудегі Федоров атындағы көз микрохирургия институтында кезексіз қабылдап, протезін ауыстырды.

Осы қолдаудың арқасында олардың көру қабілеті жақсарды. Сол үшін Қожахмет Пірмашов екеумізге Қазақстанның дипломатиялық басшысының алғыс хаты табыс етілді.

– Бүгінде, Ауған соғысы ардагерлерінің статусын Ұлы Отан соғысы ардагерлерімен теңестіру туралы бастама қозғалып, қолданысқа енуде. Бұған Сіздің жеке көзқарасыңыз қандай?

– Біз кеңес өкіметінде тәрбиеленген ұрпақпыз. Сондықтан, өткеннің бәрі жаман болған деген қазіргі кейбір алып қашпа сөздер дұрыс емес. Тіпті, сол заманда соғыс ардагерлеріне деген құрмет пен Отанға қызмет етуді дәріптеу ерекше болды. Жаңа жоғарыда айтып өттім, менің де сараптамаларым осы ауған соғысы ардагерлерін «теңестіру» мәселесінде аздап болса да, септігімнің тигені деп айта аламын. Бұл соғыста біздің ағаларымыз, құрдастарымыз өзінің Отан алдындағы әскери борышына адал боламын, - деген Антқа бола армандары үзілген. Өзектерін өкініш өртеген де біздің замандастарымыз. Демек, оны тарихта таңба болып жазылған ұлтымыздың қасіретті беттері десе болғандай. Сондықтан, бүгінде Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Төтенше және Өкілетті елшісі қызметінен зейнеткерлікке шыққан Иманғали Тасмағамбетовтің жоғарыда айтқан «Адамзат тарихындағы кез-келген соғыс – бұл үлкен қасірет, орны толмас шығын. Сонымен бірге, әр соғыста батырлық пен ерліктің орны бар екенін түсіну керек», - деген сөзінің жаны бар деп есептеймін.

– Жас ұрпақты патриот, отансүйгіштікке тәрбиелеу үшін нендей жұмыстар атқарылуы керек деп ойлайсыз?

– Жас ұрпақты өзіңіз айтқандай патриот, отансүйгіштікке тәрбиелеу отбасы, балабақша, мектептен басталуы керек деп ойлаймын. Үлкенді сыйлау керектігін, ардагерлерді құрметтеу парыз екендігін, тұғыры биік тұлғаларды үлгі тұтып, дәріптей түсу қажеттігін ұрпақ санасына жастайынан сіңірген дұрыс. – Жоғарыдағы тақырып бойынша, алдағы уақытта қандай істерді қолға алуды жоспарлап отырсыз? – Жоспарларымыз өте көп. Оның бәрін айтып тауыса алмаспын. Осы тұрғыда, «Қара майор» деген атпен аты аңызға айналған ll мұсылман батальонының командирі Борис Төкенұлы Керімбаевтың ауған халқына жасаған көмегі мен ерлік істерін жастарға дәріптеу кезек күттірмес үлкен міндет деп білемін.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұқбаттасқан,

Бауыржан АМАНҰЛЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521